ЖОЛ САЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

0
122

Қаланың инфрақұрылымын жаңғырту, оның ішінде жолдарды қалпына келтіру және оны күрделі жөндеуден өткізу аса өзекті мәселе екені даусыз. Облыс орталығы атанып, көз ілестірмес жылдамдықта дамып келе жатқан Түркістанда аталмыш мәселе ретімен шешілуде. Бұл бағытта көлік құрылымы, жол, тас төсеу, асфальт салу, жарықшамдар, аялдамалар орнату және қоғамдық көлік қызметін заманауи үлгіде қалыптастыру мәселесі – жауапты сала мамандарының әрдайым назарында. Айта кетейік, соңғы жылдары қаланың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму көрсеткіштерінің жоғарылауы – аталмыш саланың қызметін жетілдіруге, тұрғындардың сұранысына сай оңтайландыруға септігін тигізуде. Осы орайда жолдарды қалпына келтіру және оны күрделі жөндеуден өткізу жайымен танысу мақсатында Түркістан қаласы әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысы Оспан Арман Оңалханұлымен сұхбаттасқан едік.

– Арман Оңалханұлы, өзіңіз басқарып отырған Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің көзге көрініп, ауыз толтырып айтарлықтай атқарған жұмыстарымен таныстыра кетсеңіз.

– Иә, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған және де осы күнде қызу қайнап жатқан жұмыстарымыз жетерлік. Оларға нақты тоқталып өтсек, 2022 жылғы Түркістан қаласында жүргізілген жолдың құрылыс және орташа жөндеу жұмыстары нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 333,6 шақырым (39,5 %) құрағанын еске сала кетейік.

Ал 2023 жылдың қорытындысымен, орындалған орташа жөндеу жұмыстарының нәтижесіне сәйкес, алдағы уақытта 399,34 шақырым (47,2%) асфальт жолды, 445,6 шақырым (52,8%) тас жолды құрайтын болады.

Жол саласы бойынша 2022 жылы қала аумағындағы сарқынды су жүйесі жүргізілген, сонымен бірге, қоғамдық көліктер қатынайтын 46,4 шақырымды құрайтын 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарға алынды.

Қазіргі уақытта, соның 24,1 шақырым құрайтын 23 көшесінде, тұрғындардың назарына ұсыну үшін жекелей айта кетер болсақ, Қызылкөл, Сарыжылға, М.Төлебаев, Әубәкір қары, Ы.Алтынсарин, Қазыбек би – А.Юсупов аралығындағы көше, Асан қайғы – Құрбан ата аралығындағы көше, Хақназар хан – Қазыбек би көшелері аралығы, Саққорған, Айтуар би (Алтынемел, Алаша байтақ жырау және Саққорған көшелер аралығы), Тартоғай, Алаша байтақ жырау, А.Ахметов, Бабай батыр, Хақназар хан, Құрбан ата, О.Тілепов, Әйтеке би, Қ.Әзербаев, Ж.Усманов, Еділ, Дулыға батыр – Құмтүйін тас жолы аралығындағы жол, Абақ батыр көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қалған 17 көшеде орташа жөндеу жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Сондай-ақ, 2023 жылы қала аумағындағы 34,3 шақырымды құрайтын 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көше тұрғындарын қуантқан болатын.

Жалпы 2023 жылы өтпелі нысанды қоса есептегенде, орташа жөндеу жұмыстары 65,74 шақырымды құрайтын 48 көшеде жүргізіліп, нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 47,2% құрағанын айтқымыз келеді.

 

– Күрделі жөндеу жұмыстары да орындалған орташа жөндеу жұмыстарынан кем түспеген болар.

– ­Өткен 2022 жылы жоспарланған Ә.Жангелдин, І.Қожабаев көшелерінің, Қазыбек би – О.Жарылқапов аралығындағы жолдың және Қалаби көшелерінің құрылыстары бастау алды.

Құрылыс жұмыстары барысында жүріс бөлігі 4 жолақты жолға кеңейтіліп, жарықтандыру жүйесі, аяқжол, веложол, суағар науа, көпір құрылысын салу жұмыстары жүргізіледі. Оның жалпы ұзындығы 18,9 шақырымды құрайды. Нысандар 2023 жылға өтпелі.

Нысан іске асқан жағдайда, индустриалды аймақтан шығатын ауыр жүк көліктерінің және Балтакөл бағытынан келетін жүргізушілердің Шымкент тас жолына тікелей шығуына, қаланың ішкі көшелеріндегі көлік кептелісінің азаюына ықпалы тиетіні сөзсіз.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы жаяу жүргіншілерге арналған 2 көпірдің құрылысы бастау алды. Олар: Бекзат мөлтек ауданы, Теміржол вокзалы аумағына орнатылатын жаяу жүргіншілер көпірі мен Бекзат мөлтек ауданы, Түрік ауылының аумағына орнатылатын жаяу жүргіншілер көпірі.

 

– Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аяқжол салу жұмыстары да қатар жүргізілді деп ойлаймыз.

– Әрине, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы әлеуметтік нысандарға, яғни мектеп, балабақша және т.б.орындарға баратын және соларға қосалқы жатқан, жалпы 42 шақырымды құрайтын 43 көшеге аяқжол құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Бүгінде оның 40,8 шақырым құрайтын 41 көшесінде құрылыс жұмыстары бітуге таяп қалды. Жалпы құрылыс жұмыстары толығымен ІІI тоқсанда аяқталатын болады.

2023 жылы Түркістан қаласы әкімдігінің тарапынан қала аумағындағы топырақ жолдардың санын азайта отырып, тас төселген көшелердің саны мен сапасын арттыру мақсатында 89,6 шақырымды құрайтын 94 көшеге тас төсеу жұмыстары жоспарланғанын да айта кетейік. Сондай-ақ жоспарға сәйкес, қала аумағындағы 6 секторда ақпан айынан бастап тас төсеу жұмыстары басталған болатын. Қазіргі таңда 84 шақырымды құрайтын 88 көшеде тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Мұнда да жалпы құрылыс жұмыстары толығымен ІІI тоқсанда аяқталады деп күтудеміз. Біздегі жүйелі жүргізіліп жатқан жұмыстардың жайы осындай. Алдағы уақытта да жоспарға алынған жұмыстар ретімен нәтижесін көрсететін болады деп ойлаймыз.

– Сұхбатыңызға рахмет, Арман мырза!

Н.ҒАЙБҰЛЛАҚЫЗЫ.

 

Leave a reply