ЖОЛ ҚЫСҚАРЫП, ТЫНЫСЫМЫЗ КЕҢЕЙЕТІН БОЛДЫ

0
100

Түркістан қаласында Бекзат батырдың есімімен аталған мөлтек аудан бар. Халық арасында «Жолдың асты» деп аталып кеткен шағын ауданда 40 мыңнан астам халық тұрады. Бұлай аталуының себебі де жоқ емес. Аталмыш ауданды қаладан темір жол бөліп жатыр. Бүгінде бұл аудандағы тұрғындардың саны жыл санап артып, аудан көлемі кеңейе түсті. 2000-жылдары О.Жандосов пен С.Ерубаев көшелерін біріктіретін, темір жол үстіне салынған көлік көпірі «бекзаттықтарды» қала орталығына апарар басты жалғыз жол еді.

Тұрғындар әкімдермен кездесуінде айтылатын талап-тілегінің басым бөлігі темір жолды қиып өтер екінші көлік көпірін салу болатын. Жуырда газетімізде аталған мөлтек ауданмен қала орталығын жалғайтын тағы бір көлік көпірі салынады деп сүйінші сұрағанбыз. Бұл туралы Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәлімдеген.

Бұл қаланың батыс бөлігіндегі тұрғындар үшін сүйінші жаңалық екенін де айта кеткен жөн. Осылайша шойын жолды кесіп өтер көпірдің қатары артады. Өткен жылы атқарылған жұмыстар жайында баяндап, ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспарымен бөліскен шаһар басшысының айтуынша Б.Қалаби көшесі ұзартылып, Ж.Майкөтов көшесімен ұштасады. Айтылған жұмыстар алдағы үш жылдыққа жоспарланып, республикалық бюджеттен қаржы қаралған. Жоба құны 13 млрд. теңгені құрайды. Қазіргі таңда көпірдің құрылыс жұмыстары басталған. Нысанға барып атқарылып жатқан жұмыстармен таныстық. Құрылысқа жауапты «ЖБИ-С» ЖШС құрылыс нысанының бастығы Шерали Османшиковпен сөйлестік.

«Біздің ұжым осы көпір салу бойынша тәжірибесі мол бірден бір мекеме. Осы салада 25 жылға жуық қызмет етіп келеміз. Оңтүстік өңірдегі үлкен көпірлерді көтердік. Соның бірі атап айтсақ Түркістан қаласынан Отырар ауданы Балтакөл ауылына барар жолдағы Сырдария өзеніне салынған көпір. Жауапкершілігі жоғары жұмыс болғанымен нысанды халық игілігіне бергендегі тұрғындар қуанышын көру біздің басты мақсатымыз. Осыны ойға алып халық игілігі жолында аянбай еңбек етіп келеміз.

Көлік жүретін көпірдің ені 16 метрді құрайды. 4 жолақты жол жиегіне қауіпсіздік кеңістігі мен жаяу жүргіншілер үшін аяқжол салынады. Бүгінде көпір құрылысының 25 пайызы аяқталды деуге негіз бар. Нысанды 2024 жылдың соңында пайдалануға тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз. Құрылыс жұмыстарына 20 ға жуық жұмысшы мен 10-нан астам техника жұмылдырылған», – деді «ЖБИ-С» ЖШС құрылыс нысанының бастығы Шерали Арибжанұлы.

«Бекзаттықтардың» тілегі орындалды. Сала мамандарының айтуынша келер жылдың аяғында көпір құрылысы бітсе жол салу жұмыстары жүргізілмек. Б.Қалаби көшесі Ж.Майкөтов көшесімен түйіседі. Жол кеңейтіліп Балтакөл бағытынан келген көлік нөпірі тікелей Шәуілдір тас жолына шығып кете алады. Бұл қала ішіндегі кептелісті азайтуға өз септігін тигізбек.

«Әкем 1930 жылы бұрынғы Теке қазіргі Абдолла Үсенов ауылынан Бекзат мөлтек ауданына қоныс аударған. Өзіміз осы шағын ауданда дүниеге келдік. Балғын балалық шағымыз бәрі осында өтті. Бұрындағы санаулы үйдің қазір санына жете алмайсыз. Халық саны артты бұл қуанарлық жайт. 2000-жылға дейін базарға бару үшін Мақтазауыт аймағындағы темір жол өткелінен өтетінбіз. Сонан соң көлік көпірі салынып тұрғындарға қуаныш сыйлаған еді. Енді міне тағы да қуанышқа кенеліп отырмыз. Тұрғындардың тілегі орындалып, екінші көлік көпірі бой көтеруде. Жаңа қалаға бару үшін жол қысқарып, тынысымыз кеңейетін болды. Өйткені бір көпірде кейде кептеліс болады. Қыстың күндері қар жауып, аяз болса тайғақ дегендей мәселелер жанымызға бататын еді», – дейді «Бекзат» мөлтек ауданының тұрғыны Асылбек Сабиров.

Қаламыз облыс орталығы шенін алғанына биыл бес жыл толды. Бес жылда бағындырған белестерде баршылық. Жалпы қала аумағында 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. 2018 жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 23,5 пайызды құрайтын. Биыл бұл меже 47,2 пайызға жетеді деп күтілуде.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ.

Leave a reply