ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ

0
107

Түркістанда жылу беру маусымына дайындықтар қарқынды жүргізілуде. «Қыстың қамын жазда ойла» демекші, қала тұрғындарының сапалы және жайлы өмірін қамтамасыз ету мақсатында тамыз айларында қолға алынатын бұл жұмыстар биыл да әдеттегідей жүзеге асып жатыр. Ескірген құбырлар мен тозығы жеткен құрылғыларды ауыстырып, қыс мезгілінде үздіксіз қызметті қамтамасыз етуге белсене кірісетін тиімді кезең шаһардағы сала мамандарына үлкен жауапкершілік жүктейтіні анық.

Айта кетейік, бұл үрдіс жаздың соңғы айынан жалғасын тауып, қыркүйек айында толықтай жүзеге асады. Әдетте, қыркүйек-қазан айында коммуналдық қызметкерлер ақауларды анықтау үшін жылу жүйелерін сынақтан өткізеді. Тұрғындарға да алдын ала хабарландырулар жасалады. Аталған іс-шаралардың жоспарға сай орындалуын қадағалайтын мамандар бұл кезең бойынша тұрғындарға бірнеше ұсыныстарын білдіріп келеді. «Ай құлақтанса азығыңды сайла, күн құлақтанса күрегіңді сайла» демекші, жылу беру маусымына дайындық үшін облыс көлемінде қажетті көмір – 1 млн 21,3 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде бюджеттік ұйымдарға – 140,2 мың тонна; жылу беретін кәсіпорындарға – 129,7 мың тонна; жеке тұрғындарға – 468,5 мың тонна; жылыжайларға – 282,9 мың тонна. Өңірлік операторлардың ақпаратына сәйкес, қазір сақтау қоймаларында 134,3 мың тонна көмір қоры бар. Бүгінгі таңда Шұбаркөл көмірінің орта бағасы сортына (фракциясы) қарай тоннасы – 15-20 мың теңге аралығында. Ал алшақ елді мекендерді жеткізу құнымен есептегенде көмір бағасына тоннасына 18-24 мың теңгеге дейін барады. Өңіріміздегі көмір тапшылығын болдырмау мақсатында коммуналдық-тұрмыстық көмір тасымалдаумен 16 өңірлік оператор айналысады. Өңірлік операторлар аудан, қала әкімдіктерімен анықталған. Осыған орай, жауапты мамандар баға арзан әрі қажеттілік аз кезде алдын ала қамданып, көмірді ертерек алып алған жөн екенін ескертуде. Себебі, күз-қыс айларында көмірге қажеттілік күрт өсіп, алып-сатарлар бағаны шарықтатып жіберуі мүмкін.

Жауапты сала мамандарының айтуынша, жылыту маусымы аяқталғаннан кейін келесі жылыту маусымына дайындық жүргізіледі. Қалалық жылу трассаларында алдағы 2023-2024 жылыту маусымына дайындық шеңберінде жылумен жабдықтау жүйесін жөндеу және жаңғырту бойынша жоспарлы жұмыстар басталды.

Қазіргі таңда қала тұрғындарының үйлеріне дейін табиғи газ жеткізілген. Олар 95,2 пайызды құрап отыр. Түркістан қаласында жалпы 40 579 абонент болса, соның 95,2%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Оның ішінде жеке тұрғын үйлер 95,3% жетіп отыр. Табиғи газ қолжетімді. Ал, табиғи газға қосылмаған жеке тұрғындармен нысандарға 2023-2024 жылдардың жылу беру маусымына көмірдің орташа бағасы да қолжетімді. Қазіргі таңда Түркістан қаласының жүзге жуық мекеме орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Түркістан қаласындағы білім саласының нысандары, оның ішінде, жалпы мектеп пен балабақшалар жылу беру маусымына толықтай дайын. Сондай-ақ, киелі шаһардағы денсаулық сақтау саласындағы мекемелердің біразы табиғи газбен қамтылған.

Өткен маусымда Түркістан қаласы бойынша жылу беру наурыз айының аяғында тоқтатылған болатын. Сала мамандарының айтуынша, биылғы жылу беру маусымы кезінде қаладағы жылу қазандықтары арқылы 1-2 мөлтек ауданы және Әкімшілік іскерлік аумағындағы тұрғын үйлер, тарихи мәдени орталықтағы мекемелер және «Отырар» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлер орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, жоспарлы жұмыстар бойынша қазіргі таңда жылу желілерін шаю жұмыстары жүргізілу үстінде. Қазақта «жаздың бір күні қыстың мың күнін асырар» деген сөз бар. Тұрғындарға жайлы жағдай қалыптастыру үшін жауапты мамандар қыстағы ауа райының қолайсыздығын, апатты оқиғалардың алдын алу үшін ауқымды жұмыстар жасап жатқаны байқалады.

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Leave a reply