Жылу жүйелерін жаңғырту мәселелері пысықталды
Кентау қаласының жылу- энерго орталығын жаңғырту жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде. Орталықтың алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тексерген облыс әкімі Дархан Сатыбалды жылу көздерін жаңғырту барысын бақылап, жылумен жабдықтау желілерін жөндеуге жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Жұмысты белгіленген мерзімде аяқтап, сапасына басты назар аударуды міндеттеді. Жылу көздерін қайта құрылымдау кестеге сәйкес жүргізілуде.
Жөндеу жұмыстарына қажетті қондырғылар шетелден әкелінеді. Осыған қатысты облыс әкімі тапсырыс беру жұмыстарын ширатуды ескертті. Мердігерлерге кестеден қалған әр күн үшін белгіленген айыппұлдың көлемі артады. Жөндеу жұмыстарының барысы облыс әкімінің тікелей бақылауында.
ЖЭО-дағы электр энергиясының генерациясы орталықтың өз қажеттіліктерін өтеуге де жетпейді, ал, тариф күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Кентау қаласы тұрғындарын және ондағы әлеуметтік нысандарды сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында «Кентау қ. ЖЭО «№7, 8, 9, 10, 11, 12 қазандықтарын күрделі жөндеу» жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның конкурстық құны 12,9 млрд. теңге, оның 9 млрд. теңгесі ҚР Үкіметі резервінен қалған 3,9 млрд. теңгесі облыстық бюджеттен қарастырылды. Кентау қаласындағы жылу көздерін жаңғыртуға Үкімет резервінен қаражат бөлінді.
Жылу-энерго орталығындағы 8 қазандықтың екеуі қайта құрылымдаудан өтті. Жылыту маусымы басталғанға дейін жылу-энерго орталығындағы жалпы 6 қазандықты қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Нәтижесінде Кентау қаласындағы жылу-энерго орталығының 4 бірдей қазандығы толықтай жаңадан орнатылады. Екі қазандықтың толық жаңартылуы мамыр айының соңында аяқталады. Бұдан бөлек 2 қазандық ағымдағы жөндеуден өтеді.
Кеншілер шаһарына арнайы барған облыс әкімі мердігерлерге маңызды істі үлкен жауапкершілікпен атқаруды тапсырды. Жылу орталығындағы жабдықтарды жаңартудан бөлек, бас ғимаратты да қалпына келтіру керектігін айтты.
– Жылу орталығындағы жаңарту жұмыстары ерекше назарда. Тұрғындардың мүддесі қорғалып, жылудан проблема туындамауы керек. Сол үшін адал, сапалы жұмыс істеңіздер. Қателікке, кемшілікке жол берілмесін! Мұқият болыңыздар. Жаңа жылу маусымына 4 бірдей қазандық толықтай жаңадан орнатылады. Тағы екі қазандық жөнделіп, алдағы қыс маусымында толыққанды жұмыс істейді. Келісімшартта көрсетілген барлық талаптар толық орындалуы тиіс. Күрделі жөндеу, қазандықтарды ауыстыру жұмыстарының сапасына басты назар аударған жөн. Барлық жұмыстардың талапқа сай орындалуы қатаң қадағаланады, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдары салынған стратегиялық нысанда қазандықтар әбден тозған. 2023 жылы 4 қазандық демеушілер есебінен жөндеуден өткізілген. Сондай-ақ, 6,6 шақырым магистральды жылу жүйелерін қайта құруға республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 4,7 шақырым жылу магистралі толық жаңартылды. Қалған 1,9 шақырым жылу желілерін жаңарту жұмыстарын қыркүйек айына дейін аяқтау жоспарланған.
Заңсыз жылу жүйесіне қосылғандар әлі де анықталуда. Кәсіпкерлік нысандар мен жеке үйлер тексеріледі, заңсыз қосылғандар орталық жылу көзінен ажыратылады. Тұрғын үйдің ішкі жылу құбырлары да тозған. Қазіргі таңда олардың жылу сапасын жақсарту жұмыстары атқарылуда. Бұл меншік иелеріне көрсетілетін коммуналдық қызметтің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.