Вторник, 17 сентября

Жұмыспен қамту жүйелі жүзеге асуда

0
114

Түркістан қаласында халық саны жыл өткен сайын артып келеді. Нақты статистикалық мәліметтер келтірейік, 2022 жылдың 1 тамыз айына халық саны 194 774 адамды құрады. Бұл өткен 2021 жылғы көрсеткіштен салыстырғанда 5,6 пайызға артық. 2021 жылы халық саны 184 436 болатын.

Қазіргі таңда қалада халықты жұмыспен қамту, аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда. Бүгінгі күні Ұлттық жобаның еңбек бағыты бойынша 4 844 адам жұмыспен қамтылды. Бизнес бастау жобасы бойынша 992 сертификат алып, 24 адамға мемлекеттік грант берілді. Аз қамтылған азаматтарға, яғни 3248 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді.

Сондай-ақ, әлеуметтік көмек алатын отбасыларға, яғни 4 696 балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтықтары бар себет берілді. Түркістан қаласында тұратын Ұлы Отан соғысының төрт ардагеріне 1 миллион теңге көлемінде, ал 409 тыл еңбеккеріне 30 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді.

Айта кетейік, жақында Түркістан 3986 балаға кепілдендірілген әлеуметтік топтама берілген. Оқырманға түсінікті болу үшін кеңірек тоқталайық. Кепілдендірілген әлеуметтік топтама елімізде аз қамтылған отбасындағы балаларды әлеуметтік қорғау бағытында жүзеге асқан жобалардың бірі болып табылады. ОныҚР Үкіметі 1 жастан 18 жасқа дейінгі балалары бар аз қамтылған отбасының әрбір баласына белгілеген. Бұл көмек пакеті шартсыз немесе шартты ақшалай көмек алатын тұрмысы төмен отбасыларға тағайындалады.

Түркістан қаласында алты жастан он сегіз жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет ағымдағы оқу жылы алдында беріледі. Жалпы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік көмек ай сайын азық-түлік жиынтығы, тоқсан сайын тұрмыстық химия тауарларының жиынтығы түрінде ұсынылып келеді. Азық-түлік тізімі Үкіметтің 2019 жылғы 30 желтоқсандағы № 1032 қаулысымен бекітілген жас аралығындағы балалардың физиологиялық ерекшеліктерін, тағамдық және энергетикалық құндылығы ескеріле отырып жасалған болатын.Әлеуметтік көмектің құрамына анемия, рахит, дисбактериоздың алдын алу үшін кальций және басқа микроэлементтермен байытылған дәрумендері, пробиотиктері бар әртүрлі (сүт, көкөніс, жеміс) өнімдер енген. Орта білім беру ұйымдарында оқитын 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакетке мектеп формасы немесе спорттық киім, мектеп құралдарының жиынтығы, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нормаларға сәйкес оқу жылы кезеңінде оқу орнында (оқу күндері) күнделікті бір рет ыстық тамақ, қоғамдық көлікте (таксиден басқа) билеттің толық құнының 50 пайызынан кем емес мөлшерде жеңілдікпен төлеу кіргендігін де айта кетейік.

Сонымен қатар, қазіргі таңда қалада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жүйелі түрде әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылуда. Сала мамандарының мәлімдеуінше, ағымдағы жылы 3585 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматқа қаржылай қолдау көрсетілді. 263 адам протездік-ортопедиялық құралдармен, 270 сурдо – тифлотехникалық құралдармен, 245 адам қол арбамен, 401 адам жеке көмекшілер қызметімен, 311 адам шипажайға жолдамалармен,1449 адам жеке гигиеналық құралдармен,151 адам инватакси қызметімен, 8 адам әлеуметтік такси қызметімен қамтылды.

Қазіргі таңда қаладағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 3 бағытта жұмыс атқаруда: 1. Тең қоғам, 2. Белсенді ұзақ өмір, 3. Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу.

Осылардың ішінде «Тең қоғам» деп аталатын әлеуметтік қызмет көрсету орталығына тоқтала кетейік. Аталмыш орталық әлеуметтік, психологиялық, құқықтық және жұмысқа орналастыру бойынша төрт бағытта жұмыс істеуде. «Бүгінде біздің бөлімшеден қызмет алушы ерекше жағдайдағы кәсібін ашуға үміткер 37 азамат тіркеліп, оның ішінен 17 азамат «Бизнес бастау» жобасына қатысып, арнайы тестілеуден өтіп, сертификаттарға қол жеткізді. Олар арнайы комиссияның қабылдауында өздерінің бизнес жобаларын қорғауда», — дейді сала мамандары.

Орталыққа жұмысын бастағалы 216 тұрғын тіркелген. Оның ішінде ерекше қажеттілігі бар 108 азаматқа жалпы сипаттағы көмек көрсетілсе, 9 азамат тұрақты және қоғамдық жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, жеке кәсібін ашуға ниетті орталық қызметіне жүгінуші – 34 адам арнайы бизнес тренингтен өтті.Одан бөлек, заманауи IT дағдыларын жетілдіруге арналған «I TeachMe» инклюзивті туры ұйымдастырылып, арнайы сертификаттар берілді.«Egov» электронды үкімет порталын пайдалану бойынша компьютерлік сауаттылық курстары өткізіліп, азаматтарды кезең-кезеңімен оқыту жүзеге асырылуда.Және де ерекше қажеттілігі бар азаматтардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін қаламыздағы тарихи мәдени орталықтарға экскурсия ұйымдастырылып, қолөнер бұйымдарын жасау курстары тұрақты түрде өткізілуде.

Leave a reply