Жәрмеңкеде азық-түлік қолжетімді бағада ұсынылуда
Өздеріңізге белгілі, әр апта сайын сенбі күні Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының ұйымдастыруымен «Қажымұқан» атындағы орталық стадион алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді.
Бұл жәрмеңкені ұйымдастырудағы негізгі мақсат- әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, халықты тиімді бағадағы қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету және делдалдық қызметті шектеу.
Жәрмеңкеде Түркістан облысы мен Шымкент қаласының азық-түлік тауарларын өндіруші және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын шаруа қожалықтары қатысып, өз өнімдерін халыққа ұсынды.
Жалпы жәрмеңкеде карантиндік талаптар тиісті деңгейде сақталған. Онда құзырлы мекеме өкілдерімен бірлесе Басқарманың мамандары кезекшілік жұмыстарын, атап айтқанда қоғамдық тәртіп, жол қауіпсіздігі, ветеринариялық талаптарды сақтауды қатаң бақылауға алған.
Айта кетейік, шаһардың 4 ауданында қала халқы тығыз орналасқан аймақтарда әлеуметтік дүкендерді көптеп ашу жоспарлануда. Ал, қаладағы жергілікті тауар өндірушілерді және шаруа қожалықтарды қолдау мақсатында, сонымен бірге азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары аясында апта сайын 4 ауданда («Фосфоршылар» мәдениет үйінің алды, «Қажымұқан» атындағы орталық стадион аумағы, «1000 ұсақ-түйек» сауда қатары, «Рахима Плаза» сауда орталығының жаны) азық-түлік жәрмеңкелері өткізілуде.