Thursday, November 21

ЗЕЙНЕТАҚЫ ТӨЛЕМДЕРІН EGOV.KZ АРҚЫЛЫ ОНЛАЙН РӘСІМДЕУГЕ БОЛАДЫ

0
125
2020 жылы індеттің басталуына байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы зейнетақы төлемдерін рәсімдеу тәртібін жеңілдеткен болатын. Жасына байланысты зейнетақы тағайындауға өтінішті Egov.kz портал арқылы онлайн беруге болатынын ескертеміз.
Egov.kz арқылы зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін төменде көрсетілген нұсқаулық бойынша өтініш жібере аласыз.
— Egov.kz порталда ЭЦҚ көмегімен авторизациядан өтіңіз.
— «Сервистер» бөлімінде «Электрондық өтініштер» санатынан «Қызметке онлайн тапсырыс беруді» таңдаңыз.
— Өтініш жасап, деректерді толтырыңыз. «Мемлекеттік қызметтің атауы» бағанында «Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау» тармағын таңдаңыз.
— «Алушы» бағанында сіздің тұратын жеріңізге байланысты «Азаматтарға арналған үкіметтің» өңірлік филиалын таңдайсыз.
— Қажетті сканерленген құжаттарды тіркеп, ЭЦҚ көмегімен өтінішке қол қоясыз. Қызмет мәртебесі сіздің жеке кабинетіңізде көрсетілетін болады.
«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаеваның айтуынша, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтініш зейнеткерлік жасқа толғанға дейін 10 күн бұрын беріледі.
Азаматтарды алдын ала брондау арқылы қабылдайтын ХҚО-ларда да өтініш беруге болады. Айта кетейік, жыл басынан бері 1 606 шымкенттік жасына байланысты зейнетақы тағайындауға өтініш берген. Өткен жылдың осы кезеңінде 1 234 қала тұрғыны зейнетке шықты.
Сұрақ туындаған жағдайда бірыңғай байланыс орталығының 1414 нөміріне хабарласуларыңызға болады.

Leave a reply