Вторник, 17 сентября

ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ БОЙЫНША ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ РЕСПУБЛИКАДА КӨШ БАСТАП ТҰР

0
14

Бүгінде Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, өңірдегі инвестициялық ахуалды және бизнес климатты жақсарту жұмыстары жалғасып келеді. Өткен жылы Түркістан облысының экономикасына 972 млрд. теңге тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 126,1%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар 705,1 млрд. теңге болса, бюджеттік инвестициялар – 266,9 млрд. теңге. Өсім динамикасы бойынша облыс республикада 3 орында тұр. Үкіметпен бекітілген жоспар (908,2 млрд. теңге) 107%-ға орындалды. Аталған саладағы көрсеткіштер мен жоспарлар Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық отырысында талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жандандыра түсіп, жаңа өндіріс және жұмыс орындарын ашу маңызды екенін жеткізді.

– Біздің басым бағыттарымыз – инвестиция тарту, өндіріс және жұмыс орындарын ашу. Жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері бұл бағыттағы жұмысты әлі де жандандыра түсуі керек. Инвестиция тарту жұмысы жыл, он екі ай бойы үздіксіз жүргізілсін. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда жүйелі мәселелер бар. Нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерді тіркеп, есепке алу қажет. Шағын және орта кәсіпкерлікке тұрғындарды ынталандыру, қолдау көрсету жұмыстарын жандандырыңыздар – деді Дархан Сатыбалды.

Қазақстан шетелдік инвестиция тарту жағынан әлемде үздік ондықтың қатарында. Алтыншы орында. Халықаралық сарапшылар жүргізген зерттеу нәтижесі осындай. «FDI Intelligence» талдау орталығы Азия, Африка, Таяу Шығыс және Еуропа елдерінің экономикалық өсімін зерттеген. Рейтингте Азия елдері көш бастап тұр. Сонымен Қазақстанның инвестициялық әлеуеті қандай? Президент тапсырмасымен инвесторларды жан-жақты қолдау шаралары қалай жүзеге асып жатыр? Айя Мүтәлі анықтап көрді.
Еліміз инвестиция көлемі бойынша посткеңестік кеңістікте көш бастап тұр. Орталық Азия елдеріне тартылған барлық инвестицияның 61 пайызы бүгінде Қазақстанға тиесілі. Пандемия кезінде де негізгі капиталға салынған қаржы 17,2 млрд долларға жетті. Ал былтыр бірінші жарты жылдықта ел экономикасына 13,3 млрд доллары көлемінде инвестиция құйылған. Қаражаттың көбі Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Ресей және Қытай елдерінен тартылды.

Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, 2023 жылдың ІІІ тоқсанындағы көрсеткіш бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 492,0 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар (451 млн. АҚШ доллары) артығымен орындалды. 12 айдың қорытындысы 530,0 млн. АҚШ доллары болады деп күтіліп отыр. Былтыр 126,9 млрд. теңгеге 56 инвестициялық жоба іске қосылды. 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын, жалпы құны 3,3 трлн. теңгегені құрайтын 173 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған.
Өткен жылы шетелдік және отандық компаниялармен 94-тен астам кездесу мен келіссөз жүргізілді. Қытайға, Өзбекстан және Австралия елдеріне кәсіпкерлермен бірге іссапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде жаңа жобаларды жүзеге асыру, жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейтуге 1 трлн. теңгеге жуық инвестиция құйылуда. Биыл облыстық делегация Түркия, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран және Вьетнам елдеріне іссапар жасайды деп жоспарланып отыр.

Leave a reply