Иранмен байланыс жаңа сатыға көтерілуде
Түркістанға Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Маджид Самадзаде Сабер жұмыс сапарымен келді. Иран елшісімен облыс әкімінің міндетін атқарушы Арман Сәбитов кездесіп, экономикалық және мәдени байланыстарды нығайту жөнінде пікір алмасты. Алдымен елшіге Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуеті, экономикалық көрсеткіштері мен мүмкіндіктері таныстырылды.
– Бүгінгі кездесу Қазақстан мен Иран арасындағы байланысты одан әрі нығайтады деп сенемін. 2018 жылы 18 маусымда Түркістан облысы құрылды. Түркістан қаласының облыс орталығы атануы шаһардың дамуына, инвестиция тартуына серпін берді. Өткен жылы облысқа тартылған инвестиция көлемі 1,5 млрд. АҚШ долларын құрады. Ал, жалпы облыс құрылғалы бері инвестиция көлемі 5 млрд. АҚШ долларына жетті. Өңіріміз индустриалды-аграрлы аймақтар қатарына кіреді. Азық-түлік, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруда облыс еліміз бойынша екінші орында тұр. Уран қоры бойынша – бірінші орында. Қазір туризмді негізгі табыс әкелуші салаға айналдыру бағытында жұмыс жүріп жатыр. Облысқа былтыр 1,5 млн. саяхатшы келді, өңірге келушілер санын 5 миллионға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ирандық инвесторлармен, кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс атқаруға, оларға мүмкіндіктер ұсынып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деген Арман Сәбитов Иранда тұратын ясауитанушы ғалымдарды Қожа Ахмет Ясауиді зерттеу бағытында Түркістанда өтетін халықаралық ғылыми конференцияға қатысуға шақырды.
Өз кезегінде Иран елшісі жуырда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иранға сапары барысында 21 маңызды құжатқа қол қойылғанын, екі мемлекет арасындағы байланыс жаңа сатыға көтерілгенін атап өтті. Елші Түркістан қаласындағы заманауи құрылыстарға жоғары баға беріп, осы өңірмен байланысты күшейтуге мүдделі екенін айтты.