КЕЛЕСТЕ ИНВЕСТОРЛАР АУЫЗ СУ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ
Түркістан облысының бірқатар аймақтарында ауыз су мәселесі өзекті болып тұр. Осы ретте Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Ресей Федерациясынан келген инвесторлармен еліміздегі ауыз су жүйесімен айналысушы ғалымдарды қабылдап, аудандағы ауыз су жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Аудан басшысы өңірдегі өзекті мәселелерді баяндап, мүмкіндіктер жөнінде ақпарат берді.
— Келес ауданында 83 ауыл бар. Оның 66-сы ауыз сумен қамтылған. Ал 7 елді мекен экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып табылады. Бүгінде аудандағы 10 ауылды Сарыағаш топтасқан су жүйесі ауыз сумен қамтуда. Ал 27 елді мекенге ауызсуды жеткізуге Дарбаза топтасқан су жүйесі өз жауапкершілігіне алған. Қалған 29 ауылды ауыз сумен қамту шараларын Келес Қызмет мекемесі ұйымдастыруда. Соңғы уақыттағы өзекті мәселенің бірі – жаз айларында ауыз суды халыққа қажетті деңгейде жеткізе алмаудамыз. Мұның себебі Сарыағаш ауданынан қосылған елдімекендердің бізге келетін ауыз су жүйесіне қосылуында болып отыр. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін өзімізде бар ресурстарды ұтымды пайдаланып, таза ауыз су жинайтын бассейндер құруымыз қажет, – деген аудан басшысы өңірдің мүмкіндіктерін атап өтті.
Аудан әкімі Өзбекстан елінен келетін «Зах»каналының магистралды су құбырын тазарту арқылы Келес ауданындағы 8 ауылға ауыз су жеткізу мүмкіндігін тиімді пайдалануға шақырды. Өз кезегінде келген инвесторлар мен ауыз су саласындағы мамандар аталған мүмкіндікті толыққанды бағамдау үшін нақты зерделеу жұмыстарын жүргізетіндігін, алдағы уақытта қосымша ұсыныстар енгізетіндігін жеткізді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда «Ащынау-Алпамыс батыр» каналы ағын су көзінен елдімекендерді қосымша таза ауыз сумен қамтамасыз ету нысаны бойынша жобалау сметалық жұмыстары жүруде. Аталған жоба арқылы Алпамыс батыр ауылдық округінің Ақжол, Қауыншы, Ұшқын ауылдық округінің Ұшқын, Достық, Қоралас, Біртілек ауылдық округінің Жолбасшы, Көлтоған және Абай ауылындағы жалпы 60 мың тұрғын 24 сағат таза ауыз сумен қамтылатын болады.