Вторник, 17 сентября

КЕЛЕСТЕ ЭТНОС ӨКІЛДЕРІ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОАКЦИЯСЫНА АТСАЛЫП, 700 ТҮП РАУШАН ОТЫРҒЫЗДЫ

0
72

Бірлігі жарасқан өңірде түрлі ұлт өкілдері «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында ұйымдастырылған іс-шараға жұмыла кірісті. Шараға аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев та қатысып, этнос өкілдерімен бірге ағаш отырғызып, өңірдің көркеюіне өз үлесін қосты. Сенбілікке этномәдени бірлестіктердің төрағалары, аудан жастары, спортшылар мен мәдениет майталмандары және кітапханашылар қатысты. Игі шара ел көлемінде ұйымдастырылып, таза мәдени ортаның қалыптасуы үшін қолға алынған.

Абай ауылындағы Асан қайғы көшесінің бойында орналасқан аллеяда этнос көшбасшылары 700 түп раушан, 200 дана петуния және 200-ге жуық декоративті өсімдіктер отырғызды. Олар, аллеядағы ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарын үнемі назарда ұстайтынын жеткізді.

– Ағаш жемісімен, жапырақтарымен, көлеңкесімен және отынымен бізге пайдалы. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөзді ұран еткен этнос өкілдері ауданның абаттануына өз үлестерін қосты. Ағаш отырғызу адам өміріндегі ең маңызды істердің бірі. Бүгін мерекеге орай аудан әкімімен бірге орталықтағы демалыс аймағына түрлі гүлдер мен ағаштар отырғыздық. Ойлап қарасақ, білім алатын бүкіл кітаптар, қағаздар, үйіміздің есігі, терезесі, үстелдер және тақталар, тағы да басқа көптеген заттар ағаштан жасалады. Осы ағаштардан жасалған дүниені қалай пайдалансақ, келешек ұрпағымыз үшін әрбір ағашты солай қорғауға тиіспіз, — дейді өзбек этно мәдени орталығының төрағасы Суннатулла Тажиахмедов.

Тазалық шарасы барысында аудан әкімі Жәнібек Есенұлы этнос өкілдерімен пікір алмасты. Онда аудан халқының өзара бірлігі мен ынтымағын арттырып, өңірдің гүлденуіне жол ашу, сонымен қатар, жас буынды ата-бабалардың ақ жолымен адалдыққа, әділдікке, ашықтыққа, тиісінше сол арқылы адал еңбекке тәрбиелеу барысы сөз болды.

Leave a reply