КЕЛЕС АУДАНЫНДА ТАУЫС ҚҰСЫ ӨСІРІЛУДЕ

0
52

Түркістан облысы, Келес ауданына қарасты Біртілек ауылдық округінің тұрғыны Искендер Павлиев үй жағдайында тауыс құсын өсірумен айналысуда. Шаруа павлин өсіруді осыдан 7 жыл бұрын қызығушылықпен қолға алып, бүгінде санын 30-ға жеткізіпті.

– Бастапқыда бір дана тауыс құсын сатып алып, оны егжей-тегжейлі зерттедім. Жергілікті климатқа сай келетінін түсінген соң көбейтуді мақсат еттім. Бұл құстың күтімі ерекше. Өзімізде өсетін жүгері дақылын беремін. Үнемді. Айтарлықтай егін дақылдарына зияны жоқ. Сұраныс жоғары болуына қарамай жұмыртқа күйінде сатпадым. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтуді жоспарлап отырмын, – дейді шаруа.
Шаруаның айтуынша, тауыс құсы өз қауіпсіздігін қатаң сақтайды екен. Ит пен құсқа оңайлықпен ұстатпайтын құстың әр басын 40-50 мың теңгеге саудалауда.
Тауыс құсын бағудың қыр-сырын үйренген шаруаның екі ұлы да ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Отбасылық кәсіпті қолға алған тұрғындар Әзірбайжан ұлтының азаматтары. Олар егін егіп, тауық, күрке секілді құс түрлерін өсіруде. Одан бөлек, 40 жәшік бал арасын бағып, жылына 1 тонна өнім алуда.

Айта кетсек, Павлиндер, тауыстар — тауықтәрізділер отрядының қырғауылдар тұқымдасына жататын құс.
Оның 2 түрі бар: кәдімгі павлин не көкқанатты павлин. Бұлар Үндістан түбегі мен Шри-Ланка, Суматра аралдарында қалың бұталар арасын мекендейді.Павлиннің дене тұрқы 110 – 125 см, салмағы 5 кг-дай болады. Әдемі құйрық үсті қауырсынының (жергілікті халық оны құйрық деп атайды) ұзындығы 120 – 130 см.
Мекиендері реңсіз, сұр түсті. Көбіне жерде жүреді, жақсы жүгіреді, қауіп төнгенде ағаш басына шығып кетеді.Жәндіктер мен олардың дернәсілдерімен, құрттармен, моллюскалармен қоректенеді. Олар 3 жасында жыныстық жағынан жетіледі.

Leave a reply