КЕЛЕШЕКТІҢ КІЛТІ білімді ұрпақтың қолында
Білім күні еліміз үшін айтулы мереке. Олай дейтініміз, адамзаттың бүгінгі тұтынған барша игілігі оқу мен ізденістің арқасында келген. Сондықтан озамын деген ұлттың бар арманы білім алу болуы керек. Ал, білімді ұрпақ тәрбиелеу – ұстаздар қауымының басты міндеті. Ұрпақ алдындағы бұл парыз сонау ықылым замандардан бері өзгермей келеді. Сол кезден бері ұстазға деген құрмет халқымызда еш аласармаған. Мұны кешегі өткен арыстарымыз да қанатты сөздеріне арқау етіп, мұра ретінде қалдырып кеткен. Күні кеше ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында жастардың сапалы білім алуын басты назарда ұстау шарт екендігін тағы да еске салды. Ендеше, білім беру жүйесіндегі жетістіктер мен кемшін тұстарды таразылай отырып, болашаққа бағдар жасағанды жөн көріп отырмыз.
Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарында бүгінде 500 мыңнан астам бала білім алады. Ол республикадағы әрбір 7-ші оқушы біздің облыста деген сөз. Ал, жаңа оқу жылында 52 мыңнан астам бала 1-сыныпқа қабылданды.
Біз балабақшадағы білім мен тәрбие сапасын арттырып, бүлдіршіндеріміздің бойына адами құндылықтарды дарыта алмасақ, заманына лайықты ұрпақ қалыптастыра алмаймыз. Қазіргі таңда, облыста 2-6 жастағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту – 97,8%-ға жетті. Тек мемлекеттік емес жекеменшік балабақшалардың да сапаға өтетін кезі келді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды мәселені түпкілікті шешу қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Анықталғандай, кейбір балабақшалар жоқ балаларды тіркеген, санитарлық талаптан артық қабылдаған, ғимараты тиісті талаптарға сәйкес келмеген. Осындай фактілерден соң 7664 орынды қысқарттық. Осы жағдайға байланысты кәсіпкер мен мемлекет арасындағы келісімшарт бұзылады. Орын алған кемшіліктерді жойып, бір ретке келтіру үшін цифрландыру мен воучерлік жүйе енгізіледі.
Ағартушылық саласы өкілдерінің арасындағы еңбек дауы, педагогтардың жалған дипломмен қызмет етуі, миллиардтаған теңге мемлекет қаржысын талан-таражға салуы үлкен қылмыс болып табылады. Мұндай келеңсіздіктер кәсіби тұрғыдан да, адами тұрғыдан да ақтауға келмейді. Тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, бірқатар лазауымды тұлға мен жауапты қызметкерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
Президент тапсырмасына сәйкес жемқорлық жолмен табылған қаржылар мемлекетке қайтарылып, ол мектеп құрылысына жұмсалып жатыр. Осы қор арқылы облыста 20 мектептің құрылысы басталды. Оның 13-і биыл пайдалануға беріледі. Биыл сондай-ақ 4 апатты, 5 үш ауысымды мектеп проблемасы толығымен шешіледі. Өңірде 14 мың оқушы білім алатын 29 «Жайлы мектептің» құрылысы салынып жатыр. Жалпы алғанда білім саласында бұрын-соңды мұндай қарқынды құрылыс болмаған. Бұл облыстағы әрбір үшінші мектеп жаңартылды деген сөз. Енді оның өтеуі сапалы білім мен тәрбие болуы тиіс.
Жаңа оқу жылында 62 мектепте 265 арнайы пән кабинеті жабдықталуда. Интернет жылдамдығын ретке келтіру мақсатында 330 мектепке Starlink құрылғысы орнатылды. Бұл әсіресе, шалғайдағы және шекаралық аймақта орналасқан мектептердегі интернет мәселесіне оң әсерін тигізді. Түркістан өңірінің мектептерінде тәжірибе жүзінде қолданылып жатқан «Е-асхана», «Е-Кітапхана», «BilimLand», «Face ID» сынды автоматтандырылған жүйелер арқылы проблемалардың түйіні шешілуде. Биылғы оқу жылында мемлекеттік 910 мектептегі 221 мың оқушы бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Оған 19,4 млрд. теңге қарастырылды. Облыста мектеп асханалары мемлекеттік-жекешелік әріптестігі арқылы басқарылмақ. Бұл жоба осы жылы 419 мектеп асханасында іске қосылады. Нәтижесінде цифрлық жүйе негізінде асхана жабдықтарын жаңартуға мердігерлер
2 млрд. теңгеден астам қайтарымсыз инвестиция құяды. Осыған байланысты жаңа цифрлық платформа мектеп асханасына да қатар енгізіледі.
Түркістан облысында 50 колледж болса, онда 71 мамандық бойынша 30 000 студент білім алады. Колледждерде республикалық бюджеттен қаралған 15 445 грант толық игеріліп, жастар оның игілігін көруі қажет. Өткен жылмен салыстырғанда колледж студенттері 2 мыңға көбейді. Алайда, арнаулы білім ошақтарының оқу бағдарламалары мен материалдық-техникалық базалары заманауи өндірістің талаптарына толық сәйкес келе бермейді. Яғни өндіріс орындарындағы ғылыми-техникалық прогрестің дамуынан кәсіптік білім беру саласы артта қалып қоюда. Осының салдарынан жұмыссыздық пайда болады. Түйткілді шешу мақсатында колледждегі материалдық-техникалық базаны нығайтуға қаржылар қаралды. Оқытушылар мен шеберлер көршілес ТМД мемлекеттерінен, сонымен қатар Қытай, Түркия, Австрия, Франциядағы арнайы оқыту іс-тәжірибелерінен өтіп тұрады. Облыс әкімі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жаңа 10 мамандық ашуды тапсырды. Нәтижесінде Сарыағашта ІТ колледжі ашылды. Тағы бір жағымды жаңалықтардың бірі – Оңтүстік корея елімен ынтымақтастық негізінде Түркістанда «WOOSONG-TURKISTAN» Корей университеті құрылады. Өңір басшысы әкімдік тарапынан арнайы оқу гранты бөлінетінін жеткізді. Биыл Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ІТ мен медицина мамандықтарына 50 грант, өзге жоғары оқу орындарындағы резидентураға 139 грант бөлінді. Маман тапшылығы проблемасын шешу үшін жоғары оқу орындарымен бірлескен жұмыстар жалғасын табады. Мұның бәрі – болашақ ұрпақтың дамуы үшін салынған инвестиция.
Бүгінде үздік педагогтарды басшылық қызметке конкурссыз тағайындау үшін 150 адамнан тұратын кадрлық резерв жасақталды. Осылайша ары таза мұғалімдерге қызметтік мансабын өсіруге жол ашылып отыр. Түркістан облысы республикада ең бірінші болып 500-ден аса мектеп директорын арнайы менеджмент курсына оқытатын болады. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогика университеті де бастамаға үлес қоссақ дейді. Сонымен бірге түркістандық ұстаздар мен әдіскерлер Жапонияда Лессон стади әдісі, АҚШ-та инклюзивті білім беру, Қытайда техникалық және кәсіптік оқыту бағыттары бойынша тәжірибе алмасып қайтты. Жаңа оқу жылында да осы үрдіс жалғасын тауып, педагогтар Франция, Малайзия, Финляндия елдерінде арнайы тәжірибелік курстардан өтеді.
Әлем цифрландыру кезеңінен жасанды интеллект адамның ойлау қабілетін компьютерлік жүйелермен модельдеу дәуіріне қадам басты. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы республикалық педагогтер съезінде білім беру үдерісін жедел түрде цифрландыру керектігін тапсырған болатын. Бұл бағытта да ұстаздар қауымын үлкен жұмыстар күтіп тұр. Биылғы тамыз кеңесінде «DIGITАL KAZAKHSTAN: заманауи білім беру» тақырыбының таңдалуы тегін емес. Мәжіліске арнайы қатысқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды білім саласының қызметкерлеріне жаңа міндеттер жүктеді. Арнайы келген қонақтар педагогтармен кездесіп, жаңа оқу жылындағы бастамаларды түсіндірді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше жариялаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында білім саласына қатысты бірқатар мәселелерге тоқталып, атқарылуы тиіс нақты бағыттарды айқындап берді. Еліміздегі кадрлық әлеуетті арттыруда жоғары оқу орындарынан бұрын орта білім беру жүйесінің маңызы айрықша. Сондықтан заманауи үлгідегі мектептермен қамту, күрделі жөндеуді қажет ететін білім ұяларын ретке келтіру, демеушілер тарту, қаржыландыру көздерін анықтауды
Үкіметке және әкімдерге тапсырды. Мектептерді жаңартуға 3 жыл уақыт берді. Сонымен қатар ата-аналарға әлеуметтік бағдарламаларға қаралған қаржы туралы ақпараттар
шынайы болуы үшін жекеменшік мектептерде әр балаға норматив бойынша бөлінген қаражаттың ашық көрсетілуі керектігін ескертті. Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне ата-аналар да жауапты саналады. Бұл бағытта да әр балаға бөлінетін қаражат отбасы табысымен өлшенуі керек. Яғни сонда ғана шын мұқтаж отбасылар мемлекеттік қолдаудың игілігін көре алады. Жолдауда Президент: «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты» деген қанатты сөз айтты. Қанша білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында үздік оқу бағдарламасымен талпынып жұмыс істегенімізбен, заман талабына сай мектептер салғанымызбен, озық басқару жүйесін қолданғанымызбен мұғалім білікті болмаса бәрі бекер деген пікірін жеткізді. Сол себепті ұстаздардың біліктілігін арттыра отыра, әлеуметтік мәртебесін көтеруге мән берілмек. Педагогикалық жоғары оқу орындарына қабілетті жастарды қабылдауға назар аударылуы қажеттігі айтылды. Маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты көбейту, инновацияға басымдық беру, колледжде жақсы оқыған түлектерді мемлекеттік қызметке жұмысқа тарту – еліміздегі білікті кадр тапшылығы проблемасын шешеді. Дегенмен, Президент мемлекет қаржысын мақсатсыз жұмсамай, үздік университеттермен байланысты нығайтқан абзал екендігіне тоқталды. Енді техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне реформа жасалады. Еңбекқор азаматтарды насихаттау мақсатында 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтардың жылы ретінде жарияланды.
Қорыта айтқанда, жақын болашақта облыстың білім беру жүйесін жүйелі жолға қою, білім сапасын күшейтіп, балалардың интеллектуалдық ойлау қабілетін арттыру бағытында жұмыс жүргізу өңір педагогтерінің қастерлі міндеті болып қала бермек. Мектеп – тәрбие мен білімнің ұштасқан қасиетті мекені деген ұғымның беделін түсірмеу мұғалімдердің басты парызы екенін ұмытпағанымыз жөн.
Бейсенбай ТӘЖІБАЕВ,
облыс әкімінің орынбасары.