Кентауда «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша 95 адам несие алуға ниет білдірген

0
97

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің зор әлеуетін толық пайдаланбай отырғанымызды тілге тиек ете келе, осы салаға серпіліс қажет екенін жеткізді.«Осы орайда «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек. Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал», — деп Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке салада маңызды реформа жасайтын кез келгенін ескертті.Ресми деректерге сүйенсек, республика тұрғындарының 41 пайызы ауылда тұрады екен. Бұл шамамен 7,7 млн. адамды құрайды. Алайда, елімізде ауыл және қала тұрғындарының табыс көзінің айырмашылығы 38 пайыздан асады. Жаңа бағдарлама өз кезегінде осындай олқылықтардың да орнын толтыруға үлес қосатын болады.

Былтыр Кентау қаласында «Ауыл Аманаты» бағдарламасына 2 ауыл енді. Олар Хантағы және Қарнақ ауылдары. Жалпы 3 кооператив құрылған болатын. Тарқатыңқырап айтар болсақ, Қарнақ ауылында 2023 жылы сүт өнімдерін шығаратын «Жаннат-2020» кооперативі құрылып, 40 адам мүшелікке енген болатын. Кооперативтің кепілдікке қоятын құжаттары жинақталып, «Ырыс» МҚҰ-на қарауға ұсынылды. Алайда, СПК мүшелерінің несиелік қарыздарына байланысты қаржыландырудан бас тартылды. Сонымен қатар, осы жылы құс шаруашылығы бағытында жұмыс істейтін «Тажитдин Ата» кооперативі құрылып, 23 адам мүшелікке енген-ді. Аталған СПК 27,6 млн теңгеге қаржыландырылды. Хантағы ауылында ет өндейтін «Хантағы Береке» кооперативі құрылып, онда 39 адам мүшелікке енді. Жалпы былтыр Кентау қаласында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 126 құжат «Ырыс» МҚҰ-ның қарауына ұсынылып, 92 құжат 491,6 млн теңгеге қаржыландырылды. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы бойынша ұсынылған 3 құжатқа 18 050 000 теңге, мал шаруашылығы бойынша ұсынылған 73 құжатқа 382 800 000 теңге, құс шаруашылығы бойынша ұсынылған 5 құжатқа 26 500 000 теңге, балық шаруашылығы бойынша ұсынылған 1 құжат 6 800 000 теңге, СПК 1 кооператив 27 600 000 теңгеге және 6 бағыт бойынша ұсынылған 9 құжат 47 900 000 теңгеге қаржыландырылды. Сонымен қатар, аталған бағдарлама аясында 2023 жылы 160 бас ірі қара мал, 306 бас жылқы, 370 бас қой мен ешкі басқа облыстардан сатып алынды.

Кентау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Самат Асылханның мәлімдеуінше, биыл да шаһарда «Ауыл Аманаты» бағдарламасына 2 ауыл еніп отыр. Олар Хантағы мен Қарнақ ауылдары. Хантағы ауылындағы ет өндейтін «Хантағы Береке» кооперативі өз жұмысын әрі қарай жалғастыруды көздеп отыр. Ағымдағы жылдың 10-ақпанына дейін аталған кооператив қажетті құжаттарды жинақтап, «Ырыс» МҚҰ-ның қарауына ұсынатын болады.Қарнақ ауылында құс шаруашылығын өркендету бағытында жұмыс істейтін «Тажитдин Ата» кооперативі де өз кәсібін ары қарай жалғастырып, сүт өнімдерін өндіретін жаңа кооператив құруды көздеп отыр. Белгіленген уақытқа дейін қажетті құжаттарды жинақтап, «Ырыс» МҚҰ-ның қарауына ұсынбақ.
Жалпы ағымдағы жылы Кентау қаласында «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша 95 адам (765,3 млн теңге) несие алуға ниет білдірген. Оның 53-і Қарнақ ауылында, 23-і Хантағы ауылында тұрады. 13 адам Байылдыр ауылынан және 6 адам Ащысай ауылынан болып отыр.

Қарнақ ауылына «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қажетті қаражат соммасы 428,6 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда мұнда сүт өнімдерін өндіретін 1 кооператив ашу жоспарланған. Оған 177,6 млн теңге қажет. «Тажиддин Ата» құс кооперативіне 15 адам мүшелікке ниет білдіруде. Коорперативті қаржыландыруға 113 млн теңгені керек. Бағдарламада көрсетілген 6 бағыт бойынша 8 адам өз кәсібін ашуниет білдіруде. Оның ішінде шлакоблок өндірісін жүргізуге, наубайхана ашуға, тігін цехы мен қызмет көрсету станцияларын, дәнекерлеу цехтарын іске қосуға арналған жобалар баршылық. Сонымен қатар, өсімдік шаруашылығын дамыту мақсатында жылыжай салуға 5 адам ниет білдіруде. Оған қажетті қаржы сомасы 37,5 млн теңгені құрайды. Балық өсіремін деген 5 адамның 4-еуі Қарнақ ауылынан болса, біреуі Ащысай ауылынан. Бұл бастамаларға 37,5 млн теңге керек. Осы жобалар жүзеге асырылғанда ірі қара мал басы 258-ге көбейіп, 350 тонна сүт, 20 тонна ет, 40 тонна балық өнімдерін өндірілетін болады.

Ал, Хантағы ауылындағы кәсіпкерлер ұсынып отырған жобалар 336,7 млн теңге құрайды. Айталық, бүгінде «Хантағы Береке» кооперативіне мүшелікке енуге ниет білдіруші саны 20-ға жетті. «Ырыс» МҚҰ – нан несие алуға жоспарланған сомма 177,6 млн теңгені құрайды. Мұнда «Ауыл аманаты» бағдарламасында көрсетілген 6 бағыт бойынша өз кәсібін ашуды ниет еткен 21 адам бар. Оның 11-і Хантағы, 4-еуі Ащысай, ал 6-уы Байылдыр ауылынан. Жалпы қаржыландыру соммасы 159 млн теңгені құрайды.

Leave a reply