КЕНТАУДА «ЖАСЫЛ ЕЛ» ЕҢБЕК ЖАСАҚТАРЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

0
96

Кентау қаласында «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы жұмыс істегісі келетін жастар былтырғыдан 30% – ға артқан. Кәмелетке толмағандардың өзі еңбектенуге ниетті. Бүгінде қалада аталған еңбек топтарының жұмысы басталды. Енді жастар жаз бойы қаланы абаттандыруға атсалысып, жасыл қаланың экологиясын жақсартуға атсалысады. Маусым айынан бастап кезекті еңбекті 30-ға жуық жас бастады. Жалпы үш айға 90 жасты еңбекке тарту жоспарланған. Олар әр айда кезегімен жұмыс істейді. Қазіргі таңда 16-34 жас аралығындағы оқушы, студент және жұмыссыз жастар қаланы көгалдандыру жұмыстарына үлес қосуда.

«Жасыл ел» жалпыұлттық жобасы 2005 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бұл жастар арасындағы ең танымал бағдарламалардың бірі десем, қате емес. Бағдарлама аясында жас қазақстандықтар қалаларды көгалдандыруға қатысып, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлесін қосып жатыр. Сонымен қатар жоба еңбекке баулып қана қоймай, жастарды ортақ идеялар төңірегінде топтастырады. Жоба жастарды еңбекке баулуды, табиғатты аялауға шақыруды көздейді.«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары – экологиялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға, қалалар мен елді мекендерді көгалдандыруға, абаттандыруға, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге бағытталған жалпыұлттық қозғалыс.

Жасыл ел жасампаз жастардың басын біріктірген мекен. Әр адам өз елінің патриоты болуы керек. Осы орайда, аянбай еңбек етіп, өз туған жерінің мәртебесін көтеру әр қазақстандықтың міндеті. Әсіресе, еліміздің болашағы болып саналатын жастарымыздың тікелей парызы болмақ. Қазақстан әлемдегі ең жас мемлекеттер қатарына жатады. Мұндағы халықтың басым көпшілігі бойында жалыны мен қуаты тасыған жастар екені бәрімізге мәлім.
Жастар – ұлт келешегі. Ертеңгі қоғамның айнасы іспеттес. Оларға қарап ертеңгі күннің, болашақ қоғамның қандай болатынын болжаймыз. Сондықтан да, жастардың қызығушылығын қоғам назарына бұру дұрыс қадам.

Leave a reply