КЕНТАУДЫҢ КЕЛБЕТІ КӨРКЕЙЕ ТҮСПЕК
Кентау қаласының әкімі Рашид Аюпов БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында кенді шаһардың жаңа бас жоспары таныстырылды. Сонымен қатар, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндалды. Бас жоспарға үңілсек кешегі Кеңес үкіметінің көзіндей болған кеншілер қаласының ескі бөлігі ретке келтіріліп, инвесторларды тарту арқылы жаңа аумақтарда туристік, әлеуметтік және коммерциялық заманауи нысандар мен демалыс орындарын салу жоспарлануда.
«Кентау қаласын дамыту төрт ірі аумақты қалыптастыру арқылы жүзеге асады. Ең бастысы – бірінші аумақ, яғни қазіргі қаланың аумағы. Бұл жерде ескірген коммуналдық жүйелерді жаңарту, ғимараттарды кешенді жөндеуден өткізу, жол жөндеу жұмыстарын атқару, көше бойларын заманауи талаптарға сай өзгерту, экологиялық тұрғыда зияны аз жаңа жүйелер мен жобаларды атқару көзделген. Бұнымен қатар, қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында бейнекамера санын арттыру, көгалдандыру және демалыс орындарын жаңғырту, бала ойын алаңшалары мен спортпен шұғылдану аймақтарын салу жоспарланған. Ал, екінші аумақ, яғни суқоймасының солтүстік-батыс жағалау бойы. Аталмыш аумақта көпқабатты тұрғын үйлер мен шағын жер үйлер, емхана, мектеп және балабақшалар, мұражай мен мешіт, бизнес және сауда орталықтары, демалыс орындары мен спорт кешені, және басқа да көптеген нысандардың бойы көтереді. Үшінші және төртінші аумақтардың өзіндік стилистикалық ерекшелігі айқындалып, соған сәйкес дамиды», – деді Рашид Абатұлы.
Сондай-ақ, қаладағы қоғамдық көлік мәселесі де тілге тиек етілді. Әкімнің сөзіне сенсек жыл соңына дейін ескіріп тозығы жеткен автобустар жаңаланады. «Қауіпсіз қала» бағдарламасы аясында «Сергек» бақылау камераларының саны артып, осы уақытқа дейін дауға айналып келген он көпқабатты тұрғын үйдегі мәселелер шілдеде түбегейлі шешімін табады. Жайылымдық жер көлемі екі есеге кеңейе түспек.
Орынбек Қасымбеков.