КЕНТАУЛЫҚ ТҰРҒЫН ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ АЛЫП, КӘСІБІН ДӨҢГЕЛЕТІП ОТЫР

0
9

Түркістан облысында түрлі бағыттағы мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, кәсібін дөңгелетіп жатқандардың саны артып келеді. Сондай жанның бірі, тігінші кентаулық ана Динара Есіркепова. Қыз жасауын тігеді. Одан бөлек, түрлі оюлы, сәнді сәукеле, тойбастар және заманауи көрпе-жастықтарға тапсырыс алады.
Динара Жанғалиқызы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға қатысып, жаңа бизнес идеясын іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз 1 млн. 380 мың теңге грантын жеңіп алып, қажетті құралдар мен тігін машинасын сатып алған.
Негізгі мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі. Алайда жанына жақын сала осы тігінішілік болғандықтан, арнайы білім алып, осы кәсіпті ұлғайтуды қолға алған.
Отбасында үлгілі келін, 4 бала, 1 қызды тәрбиелеп отырған аяулы ана. Бес жылдан бері қолға алған кәсібіне сұраныс артып келеді. Алдағы уақытта, жанына көмекшілерді көбейтіп, өнім көлемін ұлғайтуды мақсат етіп отыр.
Айта кетсек, өткен жылы 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 756,2 мың адам қатысқан. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, 555,7 мың адам жұмысқа орналасты, оның 357,4 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан.Субсидияланатын жұмыс орындарына 198,3 мың адам орналастырылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарымен 17,4 мың адам, жастар практикасымен 33,9 мың адам, қоғамдық жұмыстармен 121,4 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 9,9 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 493 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 15,2 мың адам жұмыспен қамтылды.Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 46,1 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 42 мыңы оқуды аяқтады.Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 133,4 мың адам қамтылды, оның ішінде 99 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды.Қызмет саласын таңдау мақсатында 143,9 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.Бұдан басқа, 2023 жылы Ұлттық жоба шеңберінде 400 АЕК (1 380 000 теңге) мөлшерінде жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 9 мың грант беру көзделген. Жыл ішінде 9102 грант берілді.
Өткен жылы бірінші лек аясында республика бойынша 2577 грант беру жоспарланған болатын. Грант сомасы – 400 АЕК, яғни 2023 жылы 1 млн 380 мың теңгеге тең. Бұл жоба жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар аясында өтеді. Осыған байланысты кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Түркістан облысына қарасты бірқатар аудандар мен елді мекендерде кәсіп ашып, нәсібін көріп отырғандар қатары толығып келеді. Сарыағаш ауданының әкімі Арман Айдарұлы қайтарымсыз грант алып кәсібін жүргізіп жатқан Қабланбек ауылдық округінің тұрғыны Сансызбаев Дидарбек Талғатұлының наубайханасына арнайы барып, наубайхананың бүгінгі таңдағы жұмыс барысымен танысты. Кәсіп иесі өткен жылдың мамыр айында 1 225 200 теңгенің грантын ұтып алып, қаржыға арнайы қондырғылар сатып алған. Мемлекеттің қолдауымен кәсіп ашқан Дидар Сансызбаев күніне 150 нан шығарып, аудан аумағындағы сауда нүктелеріне саудалауда. Сонымен қатар, кәсіп иесі бүгінде күрке тауығын өсіруді де қолға алған. Кәсібін бастамас бұрын нарықты зерттеген ол қазіргі таңда құс етіне сұраныс жоғары болып тұрғанын байқаған. Алдағы уақытта инкубациялау бағытын қолға алып, қолындағы күркелер санын 500-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Кәсіптің көзін тапқан жас кәсіп иесі бүгінде күрке өсіруді жетік меңгеріп алған. Жас кәсіп иесі алдағы уақытта мемлекеттен 2,5 пайыздық несие алып, кәсібін кеңейтуді жоспарлауда.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында берілген қаражаттың мақсатты жұмсалып, кәсіпкерлер қатарының артуы-бірінші кезекте елдегі жұмыссыздық деңгейі төмендеп, әлеуметтің әлеуетін арттыруда тиімді тәсіл болмақ. Сонымен қатар елімізде тек жастар ғана емес, зейнет жасына таяған азаматтар да тұрақты жұмыспен қамтылады. 50 жастан асқан адамдар мұндай мүмкіндікке «Күміс жас» жобасы арқылы қол жеткізе алады. Аталған жоба өткен жылы зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында іске қосылған болатын. Түркістан облысында «Күміс жас» жобасына былтыр 1656 адамды қамту жоспарланған. 2023 жылдың 3 айының қорытындысына сәйкес, 1248 адам мемлекеттік жобаның игілігін көріп отыр. Қатысушылардың басым бөлігі Жетісай, Мақтаарал, Сайрам, Сарыағаш, Төлеби аудандары және Түркістан қаласында тіркелген. Өзге аудан, қалаларда жергілікті аймақтың ерекшеліктері ескеріле отырып, квота бөлінген.
Бәйдібек ауданының тұрғыны Ләззат Өскенбекова мемлекеттің қолдауының аясында жекеменшік мекемеге логопед қызметіне жұмысқа орналасқан.
– Жасым 54-те. Біраз жыл бұрын Алматы қаласынан көшіп келгенбіз. Негізі 30 жылдық еңбек өтілім бар. Бірақ кей себептермен жұмыссыз қалып қойдым. Осындай бағдарлама бар екенін естіген соң қатысып көруді шештім. Мамандардың нұсқауымен ақпан айында жұмысқа қабылдандым. Жұмыс ыңғайлы, өзіме ұнайды. Еңбектенбей, өзгелерден көмек күтетін адамдарға айтарым мемлекет халық үшін бағдарламаларды шығарып жатқан кезде мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек. «Күміс жас» жобасы атына сай атқарылып жатыр екен. Мен өз құрдастарыма қатысыңдар деп кеңес беретін болдым, – дейді «Күміс жас» жобасының қатысушысы Ләззат Айдарханқызы.
Айта кетейік, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қағидаларға бірқатар өзгеріс енгізіліп, жобаға 50 жасқа толған азаматтар қатысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ зейнеткерлік жасқа толмаған адам кемінде 1 жыл мерзімге жұмыспен қамтылса, 58 жастан асқандарға зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орындары ұсынылады. Жұмыс беруші айлық мөлшерінің 30%-ын, ал қалғанын мемлекет тарапы төлейді.
Мемлекеттік бағдарлама аясында кәсіп ашқан кезекті Сарыағаштық тұрғынның жұмысымен таныссақ. Айта өту керек Сарыағаш ауданы кәсіпкерлік саласы бойынша үздіктер қатарында. Аудандағы әрбір тұрғын қол қусырып қарап отырмай, қайтарымсыз грант алып түрлі жұмыстың көзін тауып, кәсіпке айналдырып отыр. Бүгін аудан әкімі Арман Айдарұлы солардың бірқатарын аралап, жұмыс барысымен танысты.
Аудан әкімі ең алдымен Бекеев Бауыржанның Сарыағаш қаласында орналасқан жеңіл көлік жиһаздарын химиялық тазалау орталығына ат басын бұрды. Ондағы қызу тіршілікпен танысып, қайтарымсыз грант алып кәсіп бастаған Бекеев Бауыржанның жұмысына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, аудан әкімі 2020 жылы қайтарымсыз грант алып кәсібін бастаған Қызылжар ауылдық округінің тұрғыны Абдибекова Гүлмайданның тігін шеберханасына барып, тігін шеберханасының жұмысымен танысты. Кәсіп иесі аудан әкіміне жұмыс барысын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Содан соң, Ақжар ауылдық округінің тұрғыны Азимбаева Нурияның ем-дом қабылдайтын орталығына арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Қайтарымсыз грант алып кәсіп ашқан Нурия 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастарға қайтарымсыз грант беріп, қолдау-көмек көрсететін мемлекеттік бағдарламаға өз ризашылығын білдірді.
— Қайтарымсыз грант – аудан тұрғындарына кәсіп бастауға үлкен көмек. Тұрғындардың әл-ауқатын көтеру арқылы біз өңірдің әлеуметтік экономикалық ахуалын жақсартпақпыз. Кәсіпкерлер – ауданның тірегі. Сіздерге жағдай жасау – біздің міндетіміз. Шағын және орта бизнес дамыса, кәсіпкерлік өркендесе, ауданда экономикалық даму да, тұрақтылық та болары сөзсіз,-деді аудан әкімі.
Кәсіп жас талғамайтыны хақ. Оған дәлел Арыстық Алексей бүгінде мал шаруашылығына әбден маманданған. Биыл Арыс қаласында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6135-ке жетіп отыр. Олардың ішінде мемлекет қолдауына ие болып, қайтарымсыз грант арқылы кәсібін дөңгелетіп отқандар саны жыл санап көбеюде. Соның бірі – Арыс қаласының тұрғыны Алексей Радивил. Ол Арыс қаласы әкімдігі «Халықты жұмыспен қамту» орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, «Бизнес бастау» оқуын оқуып, мемлекеттік грантқа қатысу үшін «Ет бағытында бордақылау кәсібі» ісі бойынша бизнес жоспарын ұсынып, жобаны комиссия мүшелерінің алдында сәтті қорғап шыққан.
Нәтижесінде 400 АЕК (1 225 200) көлемінде грантқа қол жеткізіп, қаражатқа төрт бас бұқа сатып алған. Оның үшеуі қазақтың етті ақбас сиыры.
«Әкем бала кезімде мал бордақылаумен айналысты. Ғаламторды ақтарып, мүйізді ірі қараның толайым табысқа жетелейтініне көзім жетті. Қалалық Жұмыспен қамту бөліміне құжат өткізіп, грант жеңіп алдым. Алдағы уақытта ірі кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігінен көріп-білгенімді өз кәсібімде қайталап көрмек ойым бар,» – дейді 21 жасар Алексей Радивил.
Жас фермердің айтуынша қара малдың ішінде оңдысы да, қоңдысы да қазақтың төл малы – ақбас сиыр. Айтуынша бір жастан асқан бұқашығы 200-215 кг ет береді екен. Алексей анасы мен інісі үшеуі отбасылық кәсіпті жандандырып, алдағы уақытта сүтті бағытта да шаруашылықты дамытуды жоспарлап отыр.
Осыған дейін облыс көлемінде грант беру жұмыстары жүргізілген болатын. Түркістан облысында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар берудің бірінші легі аяқталуға жақын. 2023 жылы облыс бойынша халықтың осал тобына жататын азаматтар үшін 400 АЕК көлемінде 1688 адамға грант беру мақсатында 2329,4 млн.теңге қаржы қаралды. 2023 жылдың 20 ақпаны мен 3 наурызы аралығында үміткерлерден Business.enbek.kz кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың бірыңғай онлайн терезесі арқылы өтінім қабылданды. Нәтижесінде, бірінші лекте 385 адамға грант беру жоспарланып, 5199 адамнан өтінім түсті. Яғни, бір орынға үміткерлер саны 13 адамнан келді. Оның ішінде ең көп өтінім Ордабасы мен Сарыағаш аудандары, Түркістан қаласынан түскен.
Мемлекеттік қолдауға ие болған жас кәсіпкерлердің бірі – Төлеби ауданы, Көксәйек ауылының тұрғыны Рыстай Балжан. Ол өткен жылы аудандық «Халықты жұмыспен қамту орталығына» «жұмыссыз» ретінде тіркелген. «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша онлайн негізіндегі оқу курсын аяқтап, «Бизнес» сертификатын алды. Рыстай Балжан «Аяқ киім тігу» бизнес жобасын дайындап, мемлекеттік грант алу комиссиясында «29 жасқа дейінгі жастар» санатымен бизнес-жобасын сәтті қорғап шыққан. Жоба мақұлданып, жас кәсіпкер 1 225 200 теңге мөлшеріндегі мемлекеттік грантқа ие болды. Кәсіпкер жаздық жеңіл аяқ киім тігу үшін қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, өз жеке кәсібін бастап кетті.
Мамандар қайтарымсыз қаржының мақсатты жұмсалуы мониторинг топтарының жіті назарында екенін айтады. Әлімхан Жамалбеков, Төле би аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры: – Грант берілген жағдайда 2 айдың ішінде оларға уақыт беріледі бизнестерін бастап, жұмыс жасауы үшін. Одан кейінгі бір жылдың ішінде мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Ақшаны мақсатты пайдаланды ма, бизнестерін ашты ма, жоқ па сол бойынша. Былтырғы жылы біз де бір азаматқа хабарлама жіберіліп, ақшасы қайтарылды. Ол азамат ақшасын мақсатсыз жұмсаған. Аудан көлемінде орталыққа 2500 азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Бірақ салаға жауаптылар кәсіптің көзін, еңбектің ебін тапқандарға қолдау көбейгенде жұмыссыз азаматтардың қатары азаятынына сенімді.

Leave a reply