КЕНТАУ: «ЕРІНБЕГЕН ЕТІКШІ БОЛАДЫ»

0
7

«Әр адам өз саласының жетістігіне жету үшін, алдымен сол мамандығын жақсы көру қажет». Бұл Кентау қаласындағы аяқ-киім тігіншісі Жаңабек Бекжігітұлы. Қала тұрғындарына риясыз қызмет етіп келе жатқанына 30 жылдан асқан.

Екінің бірінің қолынан келе бермейтін бұл кәсіпті тігінші ағамыз бар ынтасымен жасайды. Еңбекте тиянақтылықты, шеберлікті, шыдамдылықты талап ететін бұл жұмысына қатты берілген. Өзі айналысып қана қоймай, аяқ-киім тігіншіліктің қыр-сырын жетік меңгеріп, 10-ға жуық шәкіртке етік тігуді үйреткен. Қазірде шәкірттері әр қала, ауылда осы кәсіп түрімен жұмыс жасайды.

«Әрине, жұмыстың оңайы жоқ. Осы істі әкемнен үйрендім. Әкем өте сабырлы, тиянақты кісі болатын. Мендегі осы іске құштарлық мүмкін, сол кісіден дарыған болар. Келген тапсырысты уақытында орындап,тұтынушыларымның сенімін барынша ақтауға тырысамын. Ата-бабаларымыз «Ерінбеген етікші болады» деген сөзді бекер айтпаса керек», — дейді Жаңабек Аширбаев. Бұдан бөлек Жаңабек ағамызға қосымша бір екі сауал қойған болатынбыз:

Аяқ киімге қажетті сапалы табан, желім құралдарын қайдан аласыз? Былғарыны арнайы тапсырыспен алдыртасыз ба?

—  Құрал-жабдықтарды Алматыдан алдырамын. Алматыға Түркия, Ресей тағы да басқа елдерден келеді. Нақты Қазақстанда аяқ киім тігуге қажетті материалдар жоқ. Тек тері болады. Бірақ, Қазақстандық терілердің сапасы бәрібір төмендеу. Түркияның терілері қымбаттау келеді. Бірақ сапасы жоғары, тігілу жолы оңай келеді. Қазір интернет ауқымы кеңейіп жақсы болды ғой. Кез келген қаладан қажетті нәрсемізді алдыруға мүмкіндігіміз бар.

— Аяқ киімнің сапалы екенін қалай білуге болады?

— Аяқ киімнің сапасы жақсы болуы үшін шикізат сапалы болуы керек. Бірақ Қазақстанда өндірістің бұл түріне керек заттар аз әрі сапасы сын көтермейді. Сол себепті бұл кәсіппен айналысқанда сапалы, әрі мықты құрылғыларды таңдап алған абзал…

— Елімізде етік тігу кәсібін өркендетуге бола ма?

— Қазақстанда былғары өңдейтін зауыттар бар. Бірақ біз олардан шикізатты аз көлемде сатып ала алмаймыз. Мұндай зауыттар тауарды көп көлемде ғана саудаға шығарады. Етікке қажетті замок, шегені басқа қалалардан алатынмын. Ал былғары мен аяқ киім табанын Алматы, Шымкент секілді үлкен қалалардан алдырамын.

Өкінішке қарай, біздің елімізде малдың терісін өңдеу ісі дамымаған. Жоғарыда атап өткенімдей, елімізде Қостанай, Тараз және Екібастұз қалаларындағы зауыттарда мал терісі өңделеді. Мен кәсіппен айналысып жүргенде Екібастұзға барған едім. Бірақ иленген, боялмаған теріні қолдана алмадым. Өйткені оны бояу қажет болды. Оның үстіне зауыт маған теріні аз көлемде бере алмады. Өйткені олар шетелге импортқа шығарумен айналысты. Міне, осындай келеңсіздіктер заң аясында реттеуді қажет етеді.

Егер етік тігу кәсібі дамыса, отандық экономика да дамиды. Мысалы, қазір ірі қараның терісін ешкім қабылдамайды. Ал менің естуімше Ресейде былғары алған кезде сиырдың жарты терісін 25 мың теңгеге алатын көрінеді. Сонда бір ірі қараның толық терісі 100 мың теңгеге шығады. Ал біздің елде құны жоқ. Теріні лақтырып жатырмыз. Бір сиырдың терісінен жалпы құны 700-800 мың теңгеге етік тігуге болады. Демек, біз әрқайсысынан осындай сома қағылып отырмыз. Егер өз малымыздың терісі өңделіп, аз көлемде сатылымға берілсе, отандық өнім шығарып, ұлттық бренд қалыптастыруға болады ғой. Осы мәселені назарға алу керек деп ойлаймын.

Бүгінде Жаңабек ағаның 2 баласы 5 немересі бар. Адал еңбек, маңдай термен жасаған жұмысының арқасында балаларына сапалы білім оқытып, жоғарғы оқу орындарын бітіруге мүмкіндік жасаған. Игі ісімен көпке үлгі Жаңабек Бекжігітұлын жерлестері айқын танып, құрметпен еңбегін бағалайды.

Айта кететін, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отандық экономиканың креативті секторын дамытуға айрықша назар аудару туралы тапсырма берген болатын.

Қазақстан Республикасының Үкіметі «Креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын» әзірлеп, бекітті. Осы тұжырымдаманы жүзеге асыру мақсатында, ең алдымен, «креативті индустриялар» ұғымы еліміздің қолданыстағы заңнамасына енгізіліп, бұл саланы реттеу мен оған мемлекеттік қолдау көрсетудің құқықтық негіздері жасалды.

Стратегиялық бастамалар агенттігінің мәліметі бойынша, креативті экономика әлемдік жалпы ішкі өнімнің 6% — дан сәл астамын құрайды, бұл бүкіл әлем бойынша Ұлттық ЖІӨ-нің орташа есеппен 2-7% құрайды.

Аумақтарда креативті экономиканы дамытудың маңызды себептері: аймақтың инвестициялық және туристік әлеуеті артады, халықтың өмір сүру сапасы жақсарады, жаңа жұмыс орындары құрылады, аумақтар абаттандырылады, экономиканың басқа секторлары дамиды (қоғамдық тамақтану, сауда, логистика).

Бүгінде креативті экономика өндірістік экономиканың ауқымындай табыс табуға мүмкіндік беруде.

Leave a reply