КЕНТАУ: ЕҢБЕГІМЕН ЕЛ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН АГРОНОМ
Әрине, әр саланың өз қиындығы мен қызығы болады. Кәсібінің шебері болу – әрбір жанның мамандыққа деген жауапкершілігінен бастау алары сөзсіз. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында қолайсыз жағдайлардың бел ортасында жүретін еңбек адамының қызметі ерен. Дәл осындай еңбегімен ел алғысына бөленіп, көне шаһардың көркеюі жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтың бірі – «Жасыл қала» КММ-нің агрономы Гафуржан Юлдашев.
Қазіргі таңда «Жасыл қала» КММ-де жұмыс барысы қызған. Мұндағы жұмысшылар таң атқаннан, қара кешке дейін қала көшелерінде өсіп тұрған жасыл желектер мен гүлдердің қурап кетпеуі үшін тынымсыз еңбек етіп жатыр. Бірі суарса, енді бірі шөптерін шауып жүр.
Гафуржан Пазылұлы да әрбір жасыл желектің жайқалып өсуіне тұрақты бақылауға алған. Күнделікті қала көшелерін аралып, ағаштар мен гүл-дердің жағдайын көріп шығады.
‒ Қаланы көгалдандыру жұмысы барысында адамның көретін қиындығы да, қызығы да көп. Ел тегіс ұйқыда жатқанда, таң азанымен жұмысқа жиналасың. Оңтүстіктің ыстығы белгілі, ашық аспан астында жүргенде мазаны алады. Уақыт өте келе жер анаға екен гүлдердің жайқалып өскенін, ағаштардың жапырақ жайғанын көргенде қиындықтың бәріне де төселесің, – дейді ол.
Гафуржан Пазылұлының жалпы еңбек өтелі 37 жыл. Ал, «Жасыл қала» КММ–де еңбек етіп келе жатқанына жиырма жеті жыл болған. Ол өзінің бұл салаға келгеніне еш өкінбейді.
– Менің мамандығым аграном. Бала кезден еңбекке ерте араластым. Бау бақшада әке-шешеме көмектесіп жүретінмін. Егін егіп, ағаш өсіргенді жақсы көремін – дейді ол.
Гафуржан Пазылұлы 1963 жылы Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында дүниеге келді. 1970 жылы ауылдық орта мектепте білім алды. Он жылдық мектепті бітіргенен кейін, Отан алдындағы борышын өтеп келді. Ауылдағы ата-анасына қолқабыс ету үшін, өзге қалаға жұмысқа кетпеді. Содан алғашқы еңбек жолын Кентау қаласындағы сүт зауытанан бастады. Кейіннен, яғни 1997 жылы «Жасыл қала» КММ-не маман болып жұмысқа қабылданды. Аз ғана уақыт ішінде адал қызметімен танылған азамат көп ұзамай агроном лауазымына тағайындалды
– «Жасыл қала» КММ-не қаламыздағы Кеншілер саябағы, С.Қожанов атындағы орталық саябақ және жастар саябағы, сонымен бірге қала көшелеріндегі барлық аллеялар қарайды. Былтырғы жылғы күзде 5000 түп көп жылдық хризантема және 5000 түп қызғалдақ гүлдері егілген болатын. Биылдыққа 20000 мың түп роза гүлдері мен 40000 түп салвия, шапран, лимон гүлдері егілді. Бұдан бөлек, 8500 түп қара ағаш отырғызылды, – дейді ол.
Агрономды қалада қараусыз жүрген төрт түлек қатты алаңдатады. Себебі, көшеде жүрген қойлар егілген жасыл желекті жеп қойған кездері көп.
– Өкінішке қарай қала көшелері мен саябақтарда иесіз жайылып жүретін төрт түлік көп. Сол малдардың иесіне айппұл салынады. Осы уақытқа дейін қаншама сиыр мен қой ешкілерді, оған қоса бірнеше рет иесіз жылқыларды қоршау шарбақтардың ішінде қамап ұстадық. Артынан іздеп келген иелеріне ескерту де жасадық. Иесіз малдардың кесірінен жайқалып өсіп келе жатқан гүлдер мен ағаштар тапталуда. Қайыруға мүмкіндік бермей қашатын топ-топ сиырлар мен жылқылардың соңдарынан таңертеңнен кешке дейін қоғамдық жұмыстарға тартылған жұмысшыларымыз жүгіреді де жүреді. «Адам баласы басқа мақ-ұлықтардан саналылығымен ерек-шеленеді» деуші еді. Тіпті кімге өкпелеп, кімге ренжитініңді де білмейсің! Себебі, әрбір істің артында бір адамның еңбегі жатыр. Сол еңбекті тұрғындар бағаласа екен деймін. Қаламыздың көк желекті көркейюіне өз үлестерін қосса екен, – дейді ол.
Гафуржан Пазылұлы үлкен әулеттің ұйытқысы, отбасының тірегі, кішіге қамқор аға, үлкенге ізетті іні, ағайынға жанашыр азамат. «Сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға деуге әбден лайықты. Сөйлеп кетсе – шешен, бастап кетсе – көсем болатын көшбасшылық қасиеті – әріптестеріне үлгі.
– Атқарылып жатқан жұмыстар көп. Қалаға егілген гүлдер мен талдардың күтімі бар, уақытында суарамыз, ол гүлдерің арасындағы арамшөптерді жұламыз. Желектерді қырқамыз. Аулаларда тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Осы еккен гүлдеріміз күні ертең қаламыздың ажарын ашып, отырғызған көшеттеріміз жасыл желекке айналып шаһарымызға сән береді деген сенімдемін – дейді ол.
Халқымыздың «Ердің атын еңбек шығарады» деген сөзі рас. Гафуржан Пазылұлы қаланы көгалдандыру са-ласында ұзақ жылдар бойы еселі еңбек етіп, көптеген марапаттарға ие болған.
– Кез келген жұмысқа немқұрай-дылықпен қарау табиғатыма жат дүние. Бала кезімнен бағбандық сүйікті ісімнен бір елі ажырағым келмейді. Адал еңбектің арқасында үлкен жетістікке жетуге болатынын білемін. Міне, талай жыл бойы «Жасыл қала» саласында қызмет етудемін. Тынбай тер төгудің арқасында біраз нәрсе үйрендім. Көктем, жаз мезгілінде қаланың қоқыстарын тазалап, жерді тырмалап, оған әртүрлі әсем гүлдер мен ағаштар отырғызсақ, қыста біздің мекемеге берілген жердің қарын күрейміз. Өзің тазалығын сақтап, күтіп-баптаған сүйікті қаланың айнадай жарқырап тұрғанын көргенде қиындықтардың барлығын ұмытып, марқайып қаласың. Осылайша жұмысымыз жалғасын табуда. Ұзақ жылдан бері бір мекемеде жұмыс істеп келемін. Өзіме ұнайды. 100 мыңнан аса халық тұратын қаланың тазалағына жауапты болуы мен үшін абырой. Өз ісімен мақтанамын – дейді агроном маман.
Асқар тау әкесінің «Балам қандай жұмыс істесеңде шын ынтаңмен істе, ешқашан жалқауланба, себебі ол сенің жейтін наның» деген өсиет сөзін бойына бойтұмар еткен ол жұмысына өте жауапкершілікпен қарайды.
Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қолынан келгенін аянбайтын әр адамға әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс. Президенттің: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» – деп атап өтуі өте орынды. Нәпақасын маңдай тер, адал еңбектен тауып жүрген кейіпкеріміздің ісі көпке үлгі. Ауыр еңбектің ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамы қашанда мақтанышымызға айнала бермек. Айта кетейік бұл сала күні бүгінге дейін қызу талқыда. Соның бір нақты дәлелі сарапшылардың болжамдары. Сарапшылардың аталмыш салаға көзқарасымен таныс болыңыздар. Сарапшылардың болжамдарына қарағанда, әлемдік аграрлық салада 15-20 жылдың ішінде революциялық өзгерістер жүзеге асырылады. Жаңа технологиялардың шапшаң қарқынмен дамуы, ғарыш кеңістігін игеруге көптеген елдердің құлшыныс танытуы, гендік инженерия ықпалының күшеюі, азық-түлікке сұраныстың артуы, бос жатқан жерлердің азаюы секілді факторлар әлем бойынша жаңа технологиялармен қаруланған жаңа тұрпатты ауыл шаруашылығын қалыптастырады. Сөйтіп ауыл шаруашылығы өзгерістерге барынша баяу бейімделетін ең консервативті сала деген бұрынғы түсініктің көбесі сөгіледі.
Әрине, таяу жылдардың өзінде ескі ұғымның іргесін қақыратуға тиіс үлкен де төтенше өзгеріс салада еңбек ететін адамдардың мамандықтарына, кәсіптік ерекшеліктеріне де әсер етпей тұрмайды. Көптеген жаңа мамандықтар дүниеге келетін болады. Сарапшылар мен футурологтардың пікірінше, мұндай мамандықтардың жаңа қырлары қазірдің өзінде айқындала бастаған.
Мәселен ауыл шаруашылығындағы негізгі кәсіп иесі фермерлер екені белгілі. Фермер деген кім? Ол – жер теліміне иелік ету немесе оны жалға алу арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші кәсіпкер шаруа. Қаланың ішінде ауыл шаруашылығы жерлері болмайтындықтан фермерлер әдетте қаладан тыс жерлерде, біздіңше айтқанда, далада еңбек етіп, өмір сүреді.
Енді фермер туралы осы негізгі түсініктің өзіне өзгеріс енгелі тұр. Алдағы уақытта «қалалық фермер» немесе «қалалық шаруа», соған сәйкес «қалалық фермер шаруашылығы» деген ұғымдар да пайда болмақ. Өйткені жердің тапшылығына байланысты ауыл шаруашылығының өзі қала ішіне қарай сыналап ене бастады. Батыстың көптеген елдерінде қалалардағы тұрғын үйлердің төбесінде немесе үйдің астынан қазылған жертөлелерде күн орнына қызмет ететін лампалар күшімен азық-түлік өнімдері өндірілуде. Қалалардағы мейрамханалар мен дәмханалардың олардың өнімдеріне қызығушылығы артып келеді.
Себебі жабдықтаушының өзі дәл іргеден пайда болып отыр. Енді алдағы уақытта қаладағы көпқабатты тұрғын үйдің орнына көпқабатты жылыжайлардың пайда болатындығын да ешкім жоққа шығара алмайды. Осы үдерістер «қалалық фермер» ұғымын міндетті түрде қалыптастырмақ.
Қазіргі уақытта гендік түрлендірілген өнімдердің қауіптілігі немесе тигізетін әсерінің белгісіздігі туралы әңгімелер көптеп айтылып жатқанымен мұндай өнімдер де ауыл шаруашылығы нарығын бірте-бірте жайлап келеді. Сарапшылардың болжамынша, енді осы үдерістің ықпалымен «гендік агроном (агроном-генетик)» мамандығы пайда болмақ.
Бұл мамандық иелері өсімдіктерді гендік түрлендіру ісімен шұғылданады. Биотехнологиялар жетістігін тәжірибеде қолдану арқылы жаңа өсімдіктерді белгілі бір аумақ пен климатқа жерсіндіру, өнімділігін молайтып, дәмділігін күшейту, ұзақ сақталу қабілетін нығайту секілді мәселелермен айналысатын гендік агрономдар өз жетістіктерінің нәтижесінде қоғам тарапынан зор құрмет пен сұранысқа ие болуы әбден мүмкін.
Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы техникаларының жылдан жылға күрделене түскендігін көріп отырмыз. Өйткені оларға түрлі деректерді жинақтап, қалыптастырушы және кеңес беруші компьютерлер орнатылуда. Демек, алдағы уақытта ақылды трактор мен комбайнды жөндеу үшін қазіргі механиктің білімі мен дағдысы жеткіліксіз болып қалмақ.
Өйткені механик енді микроэлектроника, компьютерлік бағдарламалау және желілік технологиялар жөнінде жаңа білімді меңгеруі және егіншіліктің жаңа тәсілдерінен жеткілікті хабардар болуы қажет. Міне, осы жағдай бұрынғы «механиктің» орнына «агроинженер» мамандығын өмірге әкелмек.
Ауыл шаруашылығы мәселелерімен шұғылданатын ғалымдар мен сарапшылар алдағы онжылдықтарда ауыл шаруашылығының дамуы экологиямен тығыз байланысты болады деп есептейді. Құнарлы егістіктердің азаюы жағдайында қоғамда ауыл шаруашылығы саласында жаңа тұрпатты экологтар армиясын әзірлеу қажеттігі пайда болуы мүмкін.
Олардан табиғи ресурстарды сақтаудың жаңа тәсілдерін меңгеру талап етілетін болады. Сондықтан «ауыл шаруашылығы экологі» аталатын бұл жаңа мамандық иесі жекелеген мәдени дақылдарды өндіргеннен кейін қалдықтарды қайта өңдеу немесе жою, жер құнарлылығын қайта қалпына келтіру, сондай-ақ белгілі бір егістік алқаптарға арнап таза ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің бағдарламасын жасап, оның әдіс-тәсілдерін айқындау мәселелерімен шұғылдана алатындай білімді болуы тиіс.
Өйткені белгілі бір компаниядан немесе фермерден ауыл шаруашылығы өнімін топтап сатып алушы сатып алған өнімінің экологиялық тазалығына бірінші кезекте мән беріп, осыған кепілдік талап етуі де әбден мүмкін.
Футурологтар мен сарапшылардың болжамынша, міне, таяудағы 10-15 жылдың өзінде осындай мамандық иелері әлемнің әр елінде пайда болуға тиіс. Демек, қазіргі күні Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл шаруашылығын цифрландыру ісімен белсене шұғылданып жатқан еліміздегі жоғары немесе орта арнаулы оқу орындары осы мәселеге мән берсе, ауыл шаруашылығындағы болашақ мамандықтар тізімін айқындап, оларды даярлау ісіне көңіл бөлсе, жөн болар еді.
Мұхит МАХАЖАНОВ