Кентаулық жас кәсіпкер Әлия Алдабергенова кішігірім цехта кір сабын өндіріп, жергілікті дүкен сөрелеріне өткізуде. Ол «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жастарға арналған 2,5% пайыздық несие бағдарламасына қатысып, 5 млн. несие алған.
Кәсіпкердің айтуынша, сабын өндіру цехында айына 10 мың сабын өндіріледі. Сабынға деген сұраныс көбейген жағдайда, өнім көлемі де арта бермек. Сондай-ақ, ол алдағы уақытта сабын түрлерін арттыруды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, кәсібін бастағысы келетін жандар үшін Кентау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінде мемлекеттік несие бағдарламалары, субсидия, грант түрлері бойынша ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетсек, биыл Түркістан өңірі бойынша жаңа бизнес-идеялар ұсынған 1 688 азаматқа грант беру жоспарланған. Одан бөлек, облыс жастарына 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие үйлестіру үшін мемлекет тарапынан 2,9 млрд. теңге бөлінген болатын. Жас болса да бас болып отырған кентаулық кәсіпкердің бизнес жоспары біраз адамның ойына келмейтіні де анық. Алайда біз осы сала туралы азды-көпті зерттеу жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Археологтар сабынның пайда болу тарихын алты мың жылға шегерсе де, адамдар оған ұзақ уақыт бойында жуыну бөлмесінен орын бермей келді. Олар балшықпен, ағаш ұнтақтарымен, ұнмен, желіммен, кеуектаспен, жұмыртқа сарысымен жуынды. Мәселен, XIV Людовик патша шарап араластырылған сумен ғана жунып, әтірмен шыланған. Тек ХІХ ғасырда француз ғалымы Луи Пастер көптеген сырқаттың себепкері бактерия екендігін дәлелдегеннен кейін, әлем жеке гигиенаның тазалығына көңіл бөле бастады. Сабынның мәртебесі осы сәттен бастап жоғарылай түсті.
Сабын деген не?
Сабынды алу үшін кем дегенде үш компонент керек: май (өсімдік немесе жануар майы), күйдіргіш натр (немесе күйдіргіш калий) және су. Жо-жоқ, құрамын көріп шошына көрмеңіз, терідегі май мен кірді ерітетін тап осы заттар саналады. Ғылыми тілмен айтсақ, классикалық сабын – бұл май қышқылдарының тұзы (натрий немесе калий). Өркениет сабындарды айналып өте алмады, нәтижесінде оның құрамына бояғыштар, иістендіргіштер, пішін ұстап тұрушылар, консерванттар, біріктіргіштер сынды синтетикалық компоненттер қосылады. Мұндай сабын қарапайым суда да, теңіз суында да жақсы көпіріп, оңай сақталынады. Алайда, бұл артықшылық біздің теріміздің синтетикалық жаңалықтарды дұрыс қабылдамайтындығын ақтай алмайды. Аллергия, терінің құрғауы, қабыршақтануы, иммунитеттің жоғалуы – міне осылар көпірік пен жарқын түстердің, жағымды иістердің «ақысы». Сондықтан, ең жоғарғы сортқа табиғи майдан жасалған сабындар жатады.
Сабын түрлері
Балалар сабыны
«Балаларға арналған» деген сөзді естісек, сабынды дәстүрлі түрде қауіпсіз, таза деп қабылдаймыз. Дұрысы – бейтарап деу, себебі, бұл сабындардың стандартты өндірілуі аллергия тудыруға қабілетті компоненттерді қосуда тартыншақтайды. Сіздердің ашық, қанық түсті балалар сабынын көрмейтіндіктеріңізді осылай түсіндіреміз. Сондай-ақ, бұл сабындарға жұмсартқыш, емдегіш (ланолин, түймедақ, календула, жебіршөп т.б.) компоненттер қосылады. Бұлардың мөлшері жеткіліксіз болғанымен, сезімтал терілі немесе аллергиясы бар адамдарға абайлап қолдануға болады.
Косметикалық сабын
Француз тілінің сөздігіне үңілсек, toilette сөзінің екі мағынасын көреміз: біріншісі – «тазалау», екіншісі – «ретке келтіру». Иіссулық сабын (туалетное мыло) да дәл осындай қасиеттерге ие. Теріні тазарта отырып, күтім көрсетесіз. Себебі, косметикалық сабынның құрамына крем (сыртындағы орамында «крем-сабын» деген көрсеткіш болады), глицерин, дәрілік шөптердің сығындысы, ланолин, күтім көрсететін өсімдік майы кіреді. Косметикалық сабын күн сайынғы қолданыс үшін де жарайды, терінің құрғауын, қартаюын қайтарады. Алайда, бұл сабын қосымша күтімнің (крем жағу сияқты) қажеттілігін жоққа шығармайды.
Сабын-скраб
Аталған өнімді сатып алмас бұрын сабынның құрамындағы қатты бөліктерге дайын болу керек. Олар тері бетіндегі өлі жасушаларды алып тастау үшін енгізілген. Олар синтетикалық (мәселен, полиэтиленді) та, табиғи (ұсақ кофе, құлпынай сүйегі) да болуы мүмкін. Сол себепті, скрабты сабынды негізгі қолданысқа алмаңыз, онымен аптасына бір рет қана жуыну керек.
Парфюмерлік сабын
Барлық ерекшелігін сөзсіз түсіндіріп тұрған әдемі атау. Яғни, бұл сабынның тек қана иісін бағалаңыз. Сізге иіс ұнап тұрса да, ұзақ уақыт сақталып, иіссудың орнын алмастыра алады деп үміттенбеңіз. Бәрібір үнемдей алмайсыз. Іш киімдерді жусаңыз ұтылмайсыз, ұйқы алдында да жуынып қоюға болады.
Бактерияға қарсы сабын
Сөйлейтін атауы бар тағы бір сабын. Бұлардың құрамында 90%-ға дейінгі тірі организмдерді өлтіретін триклозан деген зат болады. Яғни, бұл өнім арнайы мақсатта қолданылады. Сабынды көкке шыққанда, теңізге барғанда, жараны тану кезінде залалсыздандырушы құрал ретінде пайдаңызға асырыңыз. Қиындығы көп терімен күрес үшін антибактериалды сабынды сатып алу үлке қателік. Бұл сабынды күнде қолдану арқылы терінің иммунитеті мен дымқылдылығын құртасыз.
Шипалы сабын
Сабындар шипалы сығындыларымен жиі мақтанғандығымен, олардың концентрациясы емдеуге қабілетсіз болып келеді. Алайда, саны көптің арасында сапалылар да бар. Тек маман кеңесімен таңдасаңыз жетіп жатыр. Мәселен, қарамайлы сабынды синтетикалық түстендіргіш, иістендіргіштерсіз дайындайды. Қайың қарамайының қою, өткір, шайырлы иісіне екінің бірі шыдай бермейді. Қарамай мен күкірт – халықтың тері қиындықтарымен күресте мойындаған құралы. Қабыну, іріңдеу, ұшыққа қарсы қолдансаңыз болады. Алайда, барлық теріге бірдей қолдануға тыйым салынады.
Табиғи сабын
Ең алдымен еске салатынымыз: табиғи сабын мен қолдан жасалған сабын бір емес. Қанық түстер мен жағымды иістер арнайы бояғыштар мен иістендіргіштердің (шиенің, шабдалының, жасыл алманың, құлпынайдың эфир майлары, бұлар табиғатта кездеспейді) қосылғандығынан хабар береді. Қолдан жасалатын сабындарға да күйдіргіш сода мен май қосылады. Бұл жерде сабын қайнатушының арына байланысты, ол қандай шикізат қосады, мәзірін дұрыс жасай ма? Себебі, сабын қайнату асқан жауапкершілікті, пропорция бақылауын талап ететін жұмыс. Бір грамм майдың жетіспеуінің өзі химиялық күйікке апаруы мүмкін. Екінші жағынан сабын қайнатушы нағыз маман болса, жолымыз болды дейік. Ондай сабын кокос, пальма, жүгері, манго, жожоба, майларымен, глицерин сығындысымен, бал, сүтпен байытылады. Екеуінің де сыртқы түрі сүйкімсіз болғанымен, құрамы әлдеқайда сапалы болады. Табиғи сабын алғыңыз келсе, глицериндіге тоқтаңыз, олар түссіз әрі біртегіс келеді.
Калий сабыны
Бұл сабынды сұйықтардың қатарына жатқызуға болады, дегенмен сыртқы көрінісі пастаны немесе сары майды еске түсіреді. Өндіру үшін күйдіргіш сақар (поташ) мен улы калий қолданылады екен. Дәл осы әдіспен хаммамға (түрік моншасы) арналған атақты бельди дайындалады. Бельдидің 30 пайызын ұнтақталған дәрілік шөптер құрайды. Моншаға арналған сабын скрабты, нәрлендіргіш, жұмсартқыш құралдарды алмастыра алады. Бельдиді қолдану үшін моншаға бару міндетті емес, өзіңізді еркелеткіңіз келсе үйде де жуыныңыз (өте қатты қабынуларға қарсы пайдаланбаңыз). Кемшілігі – сабынды кетіру үшін едәуір уақыт жұмсайсыз.
Сабынды қалай сақтау керек?
Үй шаруасындағы қыз-келіншектің көпшілігі сабын суланып, езіліп тұрса да, тұрақты қалпын жоғалтпайды деп ойлайды да, сабын салғышқа қалай болса солай салып қояды. Шын мәнінде, сабын, әсіресе табиғи болса, қасиетін жоғалтып алады. Олар шектен тыс дымқылды ұнатпайды. Пайдаланып болғаннан кейін жақсылап шайып, шамаңыз келгенше құрғаққа қойыңыз. Сабын салғышта суы сорғитын тесік болса тіптен жақсы. Әлі басталмаған сабынды құрғақ, қараңғы жерде, табиғи сабынды қағазға орап сақтаңыз.