Қазақ халқының ертеден мал шаруашылығымен айналысып, бұл саланы атакәсіп санағаны тарихтан белгілі. Мемлекет те бүгінгі күнге дейін халық өмірінде өзінің маңыздылығын жоғалтпаған ауыл шаруашылығына қолдау көрсетуді бір сәтке естен шығарған жоқ. Бүгінде мал шаруашылығымен айналысып, кәсібін дөңгелетіп отырған шаруалар «Сыбаға» деп аталатын мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгінуде. Десек те, бірнеше жыл бұрын қолға алынған аталмыш бағдарламаның игілігін көргендер аз емес. Соның бірі – Түркістан облысы, Кентау қаласының тұрғыны Шохнасам Маматраймова. Кәсіпкер келіншек «Сыбаға» бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамытуды қолға алған. Ол жетекшілік ететін «Еңбек» шаруа қожалығында бүгінде Ресей мемлекетінен алынған 120 бас «Симменталь» асыл тұқымды сиырлары бар. Аталмыш сиырдың жергілікті іріқаралардан айырмашылығы өте көп.
Симменталь сиыры — сүтті-етті бағыттағы тұқым. Швейцарияда жергілікті тұқым мен 5 ғасырда Скандинавиядан әкелінген тұқымды сұрыптау арқылы шығарылған. Сүті мен етінің сапасы жоғары және жақсы жерсінетін болғандықтан, көп елдерге таралған. Қазақстанға 20 ғасырдың басында әкеліне бастады. Симменталь сиыры жергілікті сиырларды асылдандыру үшін пайдаланылды, себебі бұл тұқымның тірілей салмағы басқа сиырларға қарағанда көп жоғары болды. Симменталь сиырының дене бітімі өте ірі, сүйегі мықты. Түсі негізінен сары ала, қызыл аласы да кездеседі. Басы үлкен, маңдайы жалпақ, мойыны етті, арқасы мен белі түзу және жалпақ, сандары етті, сирақтарының ұзындығы орташа, сүйек буындары жақсы жетілген. Терісі мықты, ауыр (тірілей салмағының 14%-ын құрайды). Бұзауларының туғандағы тірілей салмағы 36 — 45 кг, 6 айлығында 190 — 200 кг-ға жетеді. Сиырларының орташа тірілей салмағы 550 — 650 кг, бұқаларынікі 850 — 1000 кг. Симменталь сиыры жақсы бордақыланады, еті дәмді келеді. Сондай-ақ, аталмыш асыл тұқымды зерттеу барысында басқа да іріқаралар туралы тың деректерге кезіктік. Сиыры 20-35 жыл, бұқасы 15-20 жыл тіршілік етеді. Сиырдан 9-12 жыл жақсы өнім алынады, бұдан кейін тісі тозып, еті, сүті кемиді. Ірі қараның етке 1,5-2 жасында бордақылап не жайып семіртіп өткізген жөн. Асыл тұқымды сиырдантөлді 5-10 жыл алу керек. Ірі қараның 5 жасқа дейін, кейбір кеш жетілетін тұқымдар ғана 6-7 жылға дейін өседі. Ұрғашы ірі қараның жыныс қабілеті 7-10 айлығында, еркегі 8-10 айлығында жетіледі. Дегенмен шағылысқа қашарды 18-22, бұқаны 14-18 айлығында қосады. Бұзаулағаннан алғашқы күйлеуіне дейінгі мерзім шамамен үш аптаға созылады, күйті 19-22 күнге, буаздығы орта есеппен 285 күнге созылады. Сиыр әдетте бір бұзау табады, егіз бұзау табатыны (2%-ке жуық) сирек, ал бірден 6-7 бұзау табатыны да кездеседі. Бұл егіздердің көпшілігі ұрпақ бермейді. Тұқымына байланысты жаңа туған бұзаудың салмағы 18-45 кег, кейде 60 кг; ұрғашысына қарағанда еркек бұзаудың салмағы 1-3 кг артық болады. Ересек сиырдың салмағы 250-600 кг, ең таңдаулысы 1000 кг; бұқасы 300-900 кг; ең таңдаулысы 1600 кг-нан асады.
Ірі қараны сүт және ет үшін өсіреді. Бұдан бөлек одан одан тері алады. Теріден былғары, қасапхана қалдықтарынан қан ұнын, ет-сүйек, сүйек ұны, эндокрин препараттарын, стеарин, желім, сабын т.б. дайындалады.
Бұлардың өнімі тұқымының ерекшелігіне, азықтандыру және күтіп бағу дәрежесіне байланысты. Сүтті сиыр тұқымының орташа өнімі жылына 3500-4000 кг, сүтінің майлылығы 3,6-4%. Озат шаруашылықтарда бұл көрсеткіш 6000 кг. Бір сауын маусымында 20 мың кг сүт беретін (голланд сиыры) сиырлар болады. Тәулігіне сүтті ең көп беретін (82,2 кг) – ярославль сиыры, ал сүтті бірқалыпты үнемі көп беретіні (13 бұзаулағанда 120-247 кг) – кострома сиыры. Етті сиыр тұқымдары сауын маусымында 1000-1500 кг сүт береді. Сиырдың сауын маусымы 280-320 күнге, суалту мерзімі 1,5-2 айға созылады.Тұңғыш бұзаулағанда ересек сиыр сүтінің 70-80%-ін ғана береді. Тез жетілетін тұқымның сиырлары төртінші бұзаулағанда сүтті көп береді, ал кеш жетілетін тұқымда сүті толысуы бесінші, алтыншы, кейде жетінші бұзаулауға созылады. Арнаулы етті ірі қара тұқымының ет өнімі жай сиырға қарағанда көп, сүт малына қарағанда тез семіреді, ет сапасы да жоғары болады. Әсіресе жас малдың еті өте құнды. 1,5-2 жасар малдың салмағы 400-500 кг.
Ірі қара мал қазіргі кезде дүние жүзінде ең көп тараған ауыл шаруашылығы малдарының бірі. Дүние жүзінде мүйізді ірі қараның 1000 астам тұқымынан тараған басы 1,3 миллиардқа жетеді. Бүгінгі күні ірі қара малдан түрлі өнімдерді сатудан пайда табуға мүмкіндік береді. Өндірілетін сүттің барлығын дерлік, ал еттің 35%-ын осы ірі қара малы береді. Мал шаруашылығында үш бағыт бар: ет, сүт және ет-сүтті.
Ірі қараның әр түрлі аймақтың топырақ, ауа жағдайына бейімделген көптеген тұқымдары бар. Қазақстанда сүтті тұқымнан қара ала сиыр, гольштин-фриз қара ала сиыры, қырдың қызыл сиыры, әулиеата; етті тұқымынан қазақтың ақ бас сиыры, абердин-ангус, әулиекөл, санта-гертруда, шароле, қалмақ, обрак, галловей, лимузин, волын сиырлары; сүтті-етті тұқымнан алатау, симменталь, швиц өсіріледі. Айта кетейік «Еңбек» шаруа қожалығы 2021 жылы ашылып, қазіргі таңда етті-сүтті бағыттағы өнімдерді өндіріп жатыр. Қожалық 4 қызметкер және 1 техникамен қамтамасыз етілген. Шохнасам Маматраймова келешекте әр сиырдан күніне 15-20 литр сүт алып, мал басын көбейтуді жоспарлап отыр.