Кентау қаласында 1983 жылдың желтоқсанында ардагерлер клубы базасы негізінде «Ардагерлер хоры» құрылған. 1984 жылдың 23 ақпанында хордың премьерасы, алғашқы концерті қойылып көрерменге жол тартқан. Аталмыш хорға биыл 40 жыл толып отыр. Салтанатты шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова мен қалалық маслихат төрағасының міндетін атқарушы Арман Басаров хор ұжымын мерейлі мерекемен құттықтады. Қаланың кез-келген мәдени шарасында белсенділік танытып, көпшіліктің жүрегінен орын ала білген хор ұжымына «Ардагерлер хорына 40 жыл» төсбелгісі табысталды. Мерекелік шарада «Ардагерлер хоры» өз туындыларындағы әсем әуендерін шырқап, келген көрермендерге көтеріңкі көңіл күйі сыйлады. Хор әр түрлі халықтардың, қаламыздың композиторларының және ақындарының әндерін орындап келеді. Кезінде хорда Ұлы Отан соғысына қатысқан отбасылық жұптар да болған. 2003 жылдан осы уақытқа дейін хорда тәжірибелі ұстаз Гүлнар Аяшева жетекшілік етіп келеді. Қазіргі таңда Г.Аяшева жетекшілік ететін хор құрамында 24 адам бар. Ең үлкен хор мүшесінің жасы – 85-те, ең кішісі 55-жаста.