КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА КРЕАТИВТІ ЭКОНОМИКАНЫ ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ БАЯНДАЛДЫ
Кентау қаласының әкімі Рашид Аюповтың төрағалығымен өткен лездемелік аппараттық жиында қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова креативті экономиканы дамыту бойынша баяндама жасады.
«БҰҰ әлемнің көптеген елінің қолдауымен 2021 жылды «Халықаралық креативті экономика жылы» деп жариялағаны белгілі. Қолдау білдірген елдер мәлімдемесінде креативті
индустрия пандемиядан соң әлем экономикасын қалпына келтіруге мүмкіндік беретіні айтылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық креативті экономика жылы елімізде де креативті индустрия құруда талантты жастарға назар аударуды, жұмыспен қамтуды, Үкіметке стратегиялық тұрғыдан маңызды саланы кешенді түрде дамыту жоспарын құруды тапсырған» деді Ақнұр Нұралықы.
Креативті индустрия ел экономикасын дамыту үшін ғана емес,
қазақстандық мәдениетті халықаралық ілгерілетуде, жастардың
өзін-өзі таныту бағытында да жоғары әлеуетке ие. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қазақстан Республикасында креативті экономиканы дамыту» тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Қала әкімі баяндаманы мұқият тыңдаған соң, бірқатар тапсырмалар берді. Қалада креативті экономиканы жүзеге асыру қажеттігін айтты. Алдағы 18-ші тамыз күні қалада «Қызмет көрсету» бойынша семинар өткізуді тапсырды. Онда қалаға Франшизасы бар тамақтану орындарының иелерін шақыру, этно тур, эко тур секілді шаралар таныстырылмақ.
Қыркүйек айында кино түсіретін мамандар, әншілер, тиктокерлер, дизайнерлердің қатысуымен семинар өткізу жоспарланды. Ондағы мақсат Кентау қаласын жан-жақты көрсетіп, кино және клип түсірілімдерге қаланың керемет жерін таныстыру болып табылады, деді қала басшысы.