Thursday, November 21

КОНСТИТУЦИЯ КҮНІНЕ ОРАЙ САУРАНДА ЖАППАЙ СЕНБІЛІК ӨТКІЗІЛІП, 32 ТОННА ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ

0
45

Бүгін Сауран ауданы, Қарашық ауылдық округінде «Таза Қазақстан» шарасы аясында және Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай, 230-дан аса адам қатысқан ауқымды сенбілік өтті. Сенбілікке ауданға қарасты 12 ауылдық округінен азаматтар қатысып, округтің орталық, басты көшелеріне тазалық жұмыстары жүргізілді. Бұл бағыттағы асарлату мақсатымен өткізілетін сенбілік апта сайын әр ауылдық округтерінде тұрақты жалғасын тауып келеді.

Экологияны қорғау, тазалықты сақтау, туған жерді көркейту мен көгалдандыруға баса мән беру бастамасымен ұйымдастырылып жатқан сенбілік жұмыстарына 5 техника жұмылдырылды. Маңызы бар орталық автожолының бойы қоқыстардан тазаланып, шөп ору, ретсіз өскен ағаштарды бұтау мен түптерін әктеу жұмыстары қатар жүргізілді. Нәтижесінде 32 тонна қоқыс шығарылып, тазартылды. Тазалықты басты қағидаға айналдырған саурандықтар күннің аптап ыстығына қарамай сенбілік жұмыстарын тұрақты жалғастырып келеді.

Акцияның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды қоршаған ортаны ластамауға, тазалықты сақтауға шақыру. Маңызды мемлекеттік мереке қарсаңында өңірдегі мыңдаған азамат қолдарына қажетті құрал-саймандарын ұстап сенбілікке шықты. Тазалық шарасына облыстағы аудан, қалалар мен ауыл округтеріндегі мекеме ұжымдары, белсенді жастар мен еріктілер жұмыла атсалысты. Сенбілікке қатысушылар туристік аймақтарды және көшелер мен саябақтарды, арық-атыздарды қоқыстан тазартып, арнайы орынға шығарды.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысының 2 млрд. әр түрлі ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысы бойынша 5 жылда 132 мың гектар жерге 210 млн.-нан аса ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары атқарылуда.

Leave a reply