КОНСТИТУЦИЯ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТҰҒЫРЫН НЫҚТАДЫ
Тарихқа жүгінсек, Қасым ханның “Қасқа жолы” мен Есім ханның “Ескі жолы” етегімізді жинап, ел болуымызға септігін аз тигізбеген. Ал Тәуке ханның “Жеті Жарғысы” бүгінгі Ата Заңымыздың алғышарты ретінде тарих сахнасынан ұмытылмақ емес. Конституция күні елімізде мереке ретінде 1995 жылдан бері аталып өтіледі. Жалпы, Тәуелсіз Қазақстанның төл Ата заңының тарихы 1993 жылдан басталады.
Ал қазіргі қолданыстағы екінші Конституция жобасы заң саласындағы ірі тұлғалардың, интеллектуал ғалымдар мен аузы дуалы саясаткерлердің түгел қатысуымен 1995 жылы 30 тамызда қабылданған еді.
Биыл бұл мерекенің мән-маңызы бұрынғыдан ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен конституциялық реформа қолға алынып, халқымыздың басым бөлігінің қолдауымен Ата Заңға маңызды өзгерістер енгізілді. Сол себепті, бүгінгі мерекені Жаңа Қазақстанның табан тірейтін берік тұғыры болатын жаңартылған Конституциямен атап өтіп жатырмыз.
Күні бүгінге дейін Конституция 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары реформаға түскен екен.
1998 жылғы реформа аясында құжаттың 19 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Президенттің, Сенат пен Мәжіліс депутаттарының мерзімі мен өкілеттіктеріне қатысты нақтылаулар болып, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын жоғарғы жас шегі алынып тасталды. Мәжіліс депутаттарын пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша партиялық тізімдер негізінде сайлау тәжірибесі де осы 1998 жылғы түзетулерден кейін қолданысқа ене бастады. 2007 жылғы реформалық өзгерістердің қорытындысы бойынша, пропорционалды сайлау жүйесінің аясы кеңейіп, соның негізінде Үкімет жасақтау ісіне партиялық фракцияларды араластырудың тетігі енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы конституциялық мәртебеге ие болып, өз өкілдерін белгіленген квота санына қарай Парламент Мәжілісіне, Сенатына жібере бастады.
2011 жылғы өзгерісте Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізудің конституциялық негіздері қайта белгіленді.
2017 жылы Конституцияның 25 бабына 33 түзету енгізілді. «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Бес институционалдық реформа ұғымдары осы реформадан кейін саяси айналымға шықты.
Ал 2019 жылы ҚР Конституциясына елорда атауын Астанадан Нұр-Сұлтанға өзгеруіне байланысты түзету еншісінде. Ата заңымызға соңғы өзгертулер мен толықтырулар биыл 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдум арқылы қабылданды. Нәтижесінде Конституцияның 33 бабына бірнеше ондаған өзгеріс енгізілді.
Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу; бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту және азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру үдерістеріне құқықтық негіз қалыптастыруға арналған.
Айтқандай, Түркістан облысы референдум қорытындысы бойынша көш бастады. Тұрғындардың 80 пайыздан астамы өз таңдауын жасаған. Бұл еліміздегі ең жоғары көрсеткіш ретінде тіркелді.
Екі миллионнан астам тұрғыны бар өңірде 1 млн 163 мыңдай адам референдумда таңдау жасау мүмкіндігін алған болатын. Соның 940 мыңға жуығы референдум учаскелеріне келіп, маңызды шараға қатысты. Дауыс беру жағынан Бәйдібек, Отырар, Созақ пен Төле би аудандарының тұрғындары ерекше белсенділік танытты. Сондай-ақ өңірде 6500-ге жуық байқаушы жұмыс істеді. Комиссия өкілдері дауыс беру барысында қандай да бір заңбұзушылықтар тіркелмегенін айтты. Жалпы халықтың саяси шарада халықтың белсенді болуы референдумға дайындықтың жоғары деңгейде жүргізілгендігінің арқасы, дейді сарапшылар. Бұған дейін қоғамдық штаб құрылып, халықпен 2800-ден аса кездесу өткізілген. Оған 288 мыңнан астам тұрғын қамтылды. Заңы үстем елдің, заманы тыныш. Сіз бен біздің құқығымызды қорғап, ұрпақтарымызға жарқын жол сілтейтін Конституцияның әр заңдары мен талаптарына жауапкершілікпен қарайық. Тәуелсіздігіміздің тірегі болған Ата Заңымызды құрмет тұтайық!