Замана көшінен қалмау деген ұғым бар. Әсіресе, нарықтық экономика билеген жаһандану көшіне ілісе жөнелу қиынның қиыны. Қазіргі таңда жастардың басым көпшілігі мүмкіндік тауып жатса жеке кәсіптен бақ сынауға даяр тұрады. Алайда, нарықтағы тәжірибелі кәсіпкерлермен бәсекелеса алмай, бастаған кәсібі орта жолда тоқтайтындары да аз емес. Ал, керісінше бастаған ісі өрге домалап кәсіптің көзін тауып жатқандар да бар екенін ұмытпайық.
Жаһандану кезеңінде әлеуметтік мәселелерді ғана шешіп қоймай экологиялық мәселерді де алға тартып, оны шешуге бүкіл әлем кірісіп бағуда. Орта есеппен адамның ағзасы 60-80%-ы судан тұрады. Қазіргі таңда экологиялық жағдайға байланысты сапалы ауыз су өткір мәселелердің біріне айналып отыр. Сусыз тіршілік жоқ екенін айтпасақ та белгілі. Алайда, күнделікті тұтынып жүрген суыңыздың сапасына мән беріп жүрсіз бе? Бүгінде Түркістан қаласында ауыз суды тазартып, тұтынушыларға тікелей жеткізетін «Aqualıfe Е» жекеменшік нысанның жұмысымен танысып, тәжірибелі кәсіпкер Ермек Адыловпен тілдестік.
Кейіпкеріміз адал еңбегімен халықтың алғысына бөленіп жүрген еңбекқор жан. Өзінің кәсіп жолын 2016 жылы суды сүзгіден өткізу қызметін ашумен бастаған. 2009 жылы университет қабырғасын аяқтап, банкке жұмысқа орналасқан ол 2009-2016 жылдар аралығында түрлі салада жұмыс жасап көрген. Нәтижесінде тек бір жерде отырып жұмыс жасай алмайтындығын түсініп жеке бизнеске бет бұруды жөн көрген. Бизнес саласында жүрген бірталай кәсіпкерлерден тәжірибе жинап, өз кәсіп жолын бастап кетеді.
Бұл кәсіпті бастар алдында түрлі бағыттағы кәсіптерді зерттей бастайды. Суды фильтрден өткізу бизнесін бастап, қала тұрғындарына неге ұсынбасқа деген ой негізінде шынайы жұмысқа кірісе бастайды. Осыдан кейін тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыратын көптеген су компаниялары бар екеніне қарамастан тәуекелге бел буып кәсібін бірден бастап кетеді. Алғашында тұрғындар фильтрден өткен суды қалай қабылдайды, бастаған ісіміз нәтиже бере ме деген ойлар туындағаны жасырын емес. Дегенмен еңбектенудің нәтижесінде уақыт өте келе тұтынушылар саны артып тапсырыс көбейе түскен арнаулы тапсырысын телефон қоңырауынан бөлек, WhatsApp, Instagram әлеуметтік желілері арқылы қабылдайтын көрінеді. Нақтылап айтқанда телефон қоңырауларында арнайы жауап беруші оператор қызмет етеді.
«Бізде тұтынушыларымызға көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Соның бірі тұрақты тұтынушыларымызға диспенсер аппаратын пайдалануға береміз және талондық жүйемен жұмыс жасаймыз. Мәселен, 10 литр су алса 3 литр су тегін. Сонымен қатар, жеткізу қызметі жылдам әрі тегін», – дейді кәсіпкер.
Атаулы орын бүгінде 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның біреуі су бойынша технолог маман. Ол жылына екі рет Алматы қаласындағы үлкен зауытқа барып, тәжірибесін шыңдап келеді. Тағы бір инжинер болса, 4 көлік жүргізушісі, 4 жүк тасушы және 1 оператор, 1 лаборант мамандары маңдай терін төгуде.
Бүгінде шаһарда арнаулы тұтынушысы қалып үлгірген су бірнеше кезеңнен өтіп барып біздің тұтынуымызға жол алады. Енді судың өнеркәсіпте қалай өңделетініне тоқталып көрейік:
Судың өңделу барысы 5 сатыдан тұрады:
1. Спан – сүзгісі ірі бөлшектерді алдын ала тазалау;
2. GAC – Ұсақ бөлшектерді тазалауға арналған түйіршікті көмір сүзгісі;
3. CTO – соңғы тазартуға арналған блокты көмір сүзгісі;
4. Кері осмос мембранасы бактерияларды жойып, ауыр металдарды, ерітінділер мен тұздарды кетіреді.
5. Т-33 – судың кермектігін жойып, оның дәмін жақсартуға арналған сүзгі посты. Соңғысы ультракүлгін сәулемен өңделіп өтеді.
«Aqualife E» кәсіп ұжымы өз бақтарын футбол саласында да сынап жүр. Жұмыс жасайтын команда бір-бірімен тығыз байланыста болып, жан-жақты екендерін дәлелдеп жүр. Бүгінде атаулы футбол клубта 80 пайызы ұжымның жігіттері ойнайды. Айта кетері, команда биыл жақсы жетістікке жетіп, әуесқойлар лигасында суперлигаға өткен.
Қазақстан нарығында 6 жылдан бері өз жұмысын ұсынып келе жатқан жекеменшік нысанның тұтынушылары күн санап көбейіп келеді. Ермек Адыловтың айтуынша нысанның басты мақсаты бірінші кезекте тұтынушылардың сенімін ақтап, көңілінен шығу. «Себебі бизнес әлеміндегі кез-келген кәсіпкердің сыншысы тұтынушы. Иә, олар маңызды адамдар, кәсіппен айналысатын жеке кәсіпкерлердің басшысы тұтынушы екенін ұмытпайық. Өйткені, тұтынушы болмаса, нарықтағы барлық бизнес көзі құлдырайды. Менің ойымша, жетістікке жетудің жалғыз формуласы тұтынушылар көңілінен шыға білу», – дейді кәсіпкер.
Ауыз суының сапалы болуына әрбір адам көңіл бөлуі керек. Су – тіршіліктің көзі. Ағзаның қажеттілігін шетке ысыру – ол денсаулыққа қиянат жасағанымызбен бірдей. Өз денсаулығымызға аманат ретінде қарап, салауатты өмір салтын ұстанатын болсақ, сан түрлі аурулардың алдын алуға мүмкіндігіміз болады.
Тақырыбымызға арқау болған кейіпкеріміздің өмір жолын, жастар мен кәсіп бастағалы жатқан оқырмандарымызға үлгі болары белгілі. Қазіргі нарықта жұмыс табу қиынның қиыны. Біздің кейіпкеріміз Ермек болса, өз жеке бизнесін ашып, өзін өзі жұмыспен қамтамасыз етіп қана қоймай, ауыз суын тазартып қоғамға өз септігін тигізіп жүр.