Кәсіпкерлікті дамытуға басқаша көзқарас керек
Жолдауда айтылған мәселелердің біразы бүгінгі қоғамда өте өзекті болып саналады. Соның ішінде шағын және орта бизнесті дамытуға басқаша көзқарас керек дегені көңілге қонымды болды.
Иә, бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керек. Көптеген тапсырмалар орындалмай, ақырында суға сіңген судай ізі де қалмайды. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев орынды сынады. «Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет» деген Мемлекет басшысы бизнес саласында әділ бәсекелестік орнамай, іс ілгері баспайтынын жеткізді. «Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап. Сонымен қатар, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады» деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануға тиіс. Бұл дегеніміз, алдағы уақытты қоғамдағы осындай өзекті мәселеге нақты назар аударылып, нәтижелі жұмыстар атқарылады.
Базарбай ТІЛЕУІМБЕТОВ,
Шардара ауданының құрметті азаматы.