КӘСІПКЕРЛІК ПЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЛАДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан қаласында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға арналған арнайы кеңес өтті. Жиынға қалалық әкімдік бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібіне қоғам үшін аса маңызды кәсіпкерлік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары және қалалық деңгейдегі көлеңкелі экономикамен күрес және алдын алу мәселелері қаралды.
Алғашқы бойынша Түркістан қаласы әкімдігінің Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Ақжігітұлы баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен мәлімет берді.
Оның айтуынша, кәсіпкерлік – ел экономикасының негізгі қозғаушы күші. Алайда салада жемқорлық тәуекелдері бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Осыған байланысты бөлім тарапынан жүйелі жұмыстар қолға алынған.
Сондай-ақ, ресми тіркелген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан субсидиялар, жеңілдетілген несиелер, инфрақұрылымдық қолдау және оқыту мүмкіндіктері ұсынылатыны атап өтілді.
Жиын барысында қала әкімі мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несиелер бойынша толық әрі нақты ақпараттың кәсіпкерлерге қолжетімді болуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ, көрсетілетін қызметтердің ашық әрі заң аясында жүзеге асуын тапсырды.
Келесі мәселе бойынша сөз алған қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Олжас Пердебайұлы мемлекеттік қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету бағытында қолданылып жатқан бақылау және мониторинг механизмдерімен таныстырды.
Ал кірістер басқармасының басшысы Шәкен Махмұтұлы көлеңкелі экономиканы азайту мақсатында жүргізіліп жатқан тексеру, талдау және ақпараттық-түсіндіру шаралары туралы баяндады.
Қала әкімі тұрғындардың салықтық сауаттылығын арттырудың, бейресми экономиканың қоғамға тигізетін теріс салдарын түсіндірудің маңыздылығын атап өтті. Осы бағытта БАҚ, әлеуметтік желілер және халық көп шоғырланатын орындар арқылы кең көлемді ақпараттық науқан жүргізуді тапсырды.
Жиын соңында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу – әрбір мемлекеттік қызметшінің азаматтық әрі кәсіби міндеті екенін ерекше атап өтті.
– Тек бірлесе әрекет ету арқылы ғана біз әділ, дамушы және сенімді қоғам құра аламыз, – деді қала басшысы.