«КӘСІП ТҮБІ – НӘСІП»
Қалауын тапса қар жанар. Еңбектенген жанға екі қолға бір күрек табылары анық. Мемлекеттің жәрдемақысына не бір айлыққа қарап отырмай, қаражатын көбейтемін деген жанға шағын кәсіпкерліктің көптеген түрлерін таңдауына болады. Әсіресе, ауласында жері бар, қорасында малы бар адамдарға кәсіпті кеңейтуің маңызы зор. Бүгін сөз еткелі тұрған кәсіп иесі Қуаныш Паримбеков декоративті өсімдіктер өсіріп, өткізіп, табысын арттырып отырған жан. Қуаныш мырзамен кездесіп, кәсіпті қалай бастағаны, неге бұл түрін таңдағаны, жалпы пайдасы жайлы айтып беруін сұраған едік.
«Кәсіп түбі – нәсіп» дегендей, мынадай қымбатшылық қысқан уақытта әрбір азаматтың өз кәсібі болуы керек деп ойлаймын. Өзім Кентау қаласы көпсалалы колледжде, Шымкент қаласы М.Әуезов атындағы университетте «Машина жасау және оны өңдеу» факультетінде білім алдым. Өз мамандығым бойынша Трансформатор зауытында, колледжде еңбек еттім. Дегенмен, үй салу, отбасыңды асырау үшін айлықтың жеткіліксіз екенін түсініп, кәсіп бастауды жөн көрдім.
Өзім Түркістанда тұрамын. Жастайымнан егіншілікке бейім едім, ауламызда жеміс ағаштарын егіп, жүзім баптап, қияр, әңгелек, қауын егіп үйренген едім. Туыстарыма өз еңбегімнің жемісімен бөлісетінмін. Сондықтан тәуекел етіп, көшет өсіріп, түрлі жеміс ағаштарын сатуды бастадым. Өзбекстаннан көшет әкелетін азаматтармен танысып, көшет сату үйреншікті кәсібіме айнала бастады. Өздеріңіз білесіздер, Өзбекстанның климат жағдайы бағбаншылық және жүзім өсіру үшін де өте қолайлы. Өнімді топырақ, күн энергиясы көп талап етілетін декоративті өсімдіктерді мен Ферғана облысының Қува ауданынан алдыртамын. Бізде оны өсіру қиын, тиімсіз, жұмысшылар да тапшы. 1 га жерде 100 мың көшет өсіп шығады. Бүкіл шығынын есептеп, өзіміздің жергілікті халықтың қалтасына қолжетімді бағада өткізіп, кейде олардың тапсырыс беруімен барып егіп, ары қарай өсіру жолдарын түсіндіріп кетеміз. Өзбекстаннан тасымалдап, тапсырыс бойынша өткізіп, өсіріп жатқан шырша, қарағай, арша, т.б. көптеген жеміс және сәндік ағаш түрлері мен раушан, петуния, астра, хризантема, георгина, лалагүл секілді көптеген көз жауын алар гүлдер әсіресе сұранысқа ие. Олардың арасында раушан гүлдерден будандастырып жасалған гүлдер топтамасы гүлдегенде ерекше әсемдік беріп, көңіліңді көтереді.
Бүгінде облысымыз гүлденіп, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. «Жасыл қала» бағдарламасы бойынша қаланы көгалдандыру, саябақ аумақтарын дамыту, кіреберіс аймақтарда тоғайлар, ауыл шаруашылығы жерлерінің маңында талдар алқабын құру, гүлзарлар салу жөнінде ұсыныстар түсуде. Бұл жөнінде алдағы уақытта жоспар құрып, ойланып көруге болады. Әзірге өз алдыма осылай айналысып жатқан жайым бар.
Десе де, «істегенің еліңе жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы» дегендей, шаруақор өзбек ағайындылардан үйрене жүріп, біршама тәжірибе жинақтадым. Көшеттерді түріне қарай ажырату,оларды күтіп-баптау, суғару, гүлдегенде дәрілеу, бұталарын қырқу т.б жұмыстарды меңгердім. Өз жұмысымды бағалауды үйрендім.Үйдің ауласына газон егіп, оны өсіру, қырқып отыру жұмыстарының қыр-сырын түсіндім. «Қимылдаған қыр асады» дегендей осылайша үйімді де салып бітірдім. Жалпы жұмыссыз жүргенді қаламаймын. Ал енді көшет сату мезгілі өткен соң, құрылыс жұмыстарымен айналысамын. Үй салу оңай шаруа емес. Үй ішіне левкас жағуды, паркет салуды, кірпіш қалауды да үйреніп алып, талай үйлердің құрылысына өз үлесімді қостым. Кәсіпкерлік – тәуекелге бел буып кірісетін шаруа. Өзің істеген жұмыстардан пайда таба білетіндей болуың керек», – дейді кәсіп иесі.
Шынымен де, жаңа облысымызды, көне қаламызды гүлдендіру, көркейту бойынша көлемді жұмыстар жан-жақты атқарылуда. Қуаныш мырзаның кәсібі де өрге өрлейтіні сөзсіз. Өйткені оның жиған тәжірибесі де, саланы меңгеру деңгейі де жеткілікті. «Бай болуға кәсіп керек» – деп А.Байтұрсынов атамыз айтқандай, оның тек көзін тауып, ерінбесең болғаны.