КӨГІЛДІР ОТЫН КӨПКЕ ҚУАНЫШ СЫЙЛАУДА
Қала тұрғындарының қолайлы өмір сүруі үшін ондағы өзекті мәселелер өз шешімін табуы кезек күттірмейтін іс. Облыс орталығы атанғалы 5 жыл ғана өткенімен, киелі Түркістанның күн санап өсіп келе жатқанына ел куә. «Өсіп келе жатыр» – деп шаһар аумағының немесе халық санының ахуалын айтып тұрғанымыз жоқ. Сол халықтың жайлы жағдайда жайсаң басып жүруін тілге тиек етіп отырмыз. Шынында да, тұрғындардың топырағын түртсе, тарихы сөйлейтін қалаға көңілі толады. Оған себеп те жоқ емес. Осындай өзгерістердің көшін табиғи газдың қолжетімділігімен байланыстыруға негіз бар.
Жалпы қала аумағында 38 419 үйдің табиғи газ бойынша құрылыс жұмыстары тәмәмдалған. Соның ішінде, 37 657, яғни, 98 % абонент көгілдір отынның рақатын сезініп, жақсылықтың куәсі болып отыр. Негізінен, шаһар төңірегінде 52 052 абонентті табиғи газ желісімен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар көрінеді. 2022 жылдың өзінде 2 қабатты 57 тұрғын үйдің 55-іне газ толықтай беріліп, тұрғындардың ыстық ықыласына бөленген еді. Тек 2 тұрғын үйдің қабырғалары ағаштан жасалғандықтан газ жүргізу мүмкін емес деп танылған. Ағымдағы жылы да мұндай маңызды жұмыстар жалғасын тауып келеді. Сөзіміздің тұздығы ретінде «Отырар» мөлтек ауданындағы 5 қабатты 36 тұрғын үйді газдандыру жұмыстары жайында айтсақ болады. Аталған іс аяғына жеткен кезде 2160 жанұя табиғи көгілдір отынның мүмкіндігін пайдаланбақ. Жобаның бас жобалаушысы болып «МПК-Проект» ЖШС белгіленген. Мердігер жоба құнын 1 млрд. 241 миллион теңгеден астам қаржыға бағалаған.
Газдандыру саласындағы жағымды жаңалықтарды айта отырып, өзекті мәселелерді де көтермеске болмас. Мамандар Түркістан қаласын газдандыру бойынша пайдалануға берілген 10 нысанның «Қаз Транс Газ Аймақ» АҚ теңгеріміне тапсыру қажеттігін айтып отыр. Себебі, нысандарды күтіп ұстау жұмыстарына қаржы қаралмаған. Қолымыздағы мәліметтерге сүйенсек, нысандардың құжаттары 2021 жылы жекешелендіру департаментіне өткізілген. Аталған саладағы тағы бір түйіні шешілуі тиіс мәселе жаңа газ таратушы станциясының құрылысы болып табылады. Себебі, жыл сайын ауқымы артып, халқы көбейіп келе жатқан қарт Түркістанда алдағы 5 жылдықта газ тапшылығы болу қаупі жоғары көрінеді. Қазіргі газ таратушы станция 2014 жылы, яғни облыс орталығы мәртебесіне ие болғанға дейін пайдалануға берілген. Жалпы қуаты сағатына 100 000 метр кубты құрайды. Бүгінгі күннің өзінде 70 % жүктемемен жұмыс жасап тұр. Сондықтан жаңа станцияның құрылысына кірісу аса маңызды. Мамандар жоба құнын 13,7 млрд. теңгеге бағалап отыр.
Иә, бабаларымыз «Асықпаған арбамен қоян алады» – дейді. Дегенмен, қыстың қамын жазда ойлаудың да қажеттілігін естен шығармаған жөн. Ал, табиғи газға келгенде бұл мақалдың мағынасы екі еселенері айдан анық.
Жібек ИБРАГИМ.