Көпсалалы кешен Түркістанның көзайымы

0
112

«Түркістан – мемлекетіміздің алтын бесігі. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді».

2019 жылдың наурызында өзінің Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарын Түркістаннан бастаған Қасым-Жомарт Толқаев осылай деген болатын.

Түркістанда содан бергі төрт жылдан астам уақытта көптеген нысандар бой көтерді. Солардың бірі Конгресс холл.

Конгресс холл көпсалалы кешені – концерттерге, театрландырылған қойылымдарға, байқауларға, ғылыми конференцияларға және басқа да шараларға арналған көпфункционалды мәдени нысан. Жалпы ғимарат үш қабаттан тұрады. Бірінші қабатында мемлекеттік, мерекелік, концерттік іс-шараларды, сонымен қатар, халықаралық жиналыстар, симпозиум, семинар-тренингтер өткізуге арналған 1000 орындық көрермен залы, кафетерий, балалар ойнайтын бөлмесі, галерея, вокал бөлмелері, гримм бөлмелері орналасқан. Екінші қабатында 400 адамға арналған мейрамхана, әкімшілік бөлмелер, мәжіліс залы, үлкен және кіші би залы жұмыс жасайды. Үшінші қабатында түрлі жиналыстар өткізуге арналған мәжіліс залы бар. Ғимарат заманауи технологиялармен жабдықталған.

«Конгресс Холл» көпсалалы кешені халықаралық конференциялар мен форумдардан бастап, әр түрлі форматтағы іс-шараларды өткізуге қолайлы бірегей орын болып табылады.

Барлық техникалық құралдар Еуропалық аппаратуралармен қамтамасыз етілген. Заман талабына сай қызмет көрсететін артықшылықтары бар. Заманауи технологиялармен жабдықталған.

Барлық конференц залдар соңғы техникалық және ақпараттық әзірлемелеріне сәйкес келетін жабдықтармен жабдықталған. Концерт залы 1000 орынға есептелген.

Жаңа нысанның басшысы Ғалымжан Ерназаровқа көкейдегі сауалдарымызды қойдық.

– Жаңа облыс орталығынан ашылған Түркістан Конгресс холлға Шымкент қаласындағы Түркістан сарайы мекемесі көшіп келіп, өз қызметін бастаған. Сіз басқарған мекемеге үлкен жауапкершілік жүгі артылыпты. Конгресс холл кешенінің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы айта кетсеңіз? Алға қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– Иә, тарихымыз жеті жыл бұрын шаңырақ көтерген «Түркістан сарайы» МКҚК-нен бастау алады. Осы уақыттар ішінде мәдениет саласына қатысты жоспарға сәйкес көптеген бұқаралық мәдени іс – шаралар мен жеке концерттер жүйелі ұйымдастырылып, өз деңгейінде өтті. Кейін жаңа облыс құрылғаннан соң «Түркістан сарайы» концерттік ұйымы МКҚК 2020 жылдың 13 қыркүйегінде конгресс холл көпсалалы кешені ғимаратына көшіп келді. Бақытымызға орай, Елбасы тағы тұсауымызды кесіп, сапарымызға ақ жол тіледі. Нақтырақ айтар болсақ, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры акционерлік қоғамының тапсырысымен салынған ғимарат 2020 жылғы 28 қыркүйек күні пайдалануға берілді. Содан бері өз жұмысымызды бастадық. Халықтың қызығушылығы артып, мекемемізге қонақтар келе бастады.

Конгресс холл көпсалалы кешені – концерттерге, театрландырылған қойылымдарға, байқауларға, ғылыми конференцияларға және басқа да шараларға арналған көпфункционалды мәдени нысан. Жалпы ғимарат үш қабаттан тұрады. Бірінші қабатында мемлекеттік, мерекелік, концерттік іс-шараларды, сонымен қатар, халықаралық жиналыстар, симпозиум, семинар-тренингтер өткізуге арналған 1000 орындық көрермен залы, кафетерий, балалар ойнайтын бөлмесі, галерея, вокал бөлмелері, гримм бөлмелері орналасқан. Екінші қабатында 400 адамға арналған мейрамхана, әкімшілік бөлмелер, мәжіліс залы, үлкен және кіші би залы жұмыс жасайды. Үшінші қабатында түрлі жиналыстар өткізуге арналған мәжіліс залы бар. Ғимарат заманауи технологиялармен жабдықталған. Қазіргі әлемді жаулаған пандемияның карантиндік талаптарын сақтай отырып, қызмет көрсетудеміз. Алдағы күндерге жоспарларымыз көп. Мәдени іс-шаралар, сондай-ақ, көрермендерімізге концерттер қою жоспарымызда бар.

– Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды ма? Бүгінгі таңда конгресс холлда қанша қызметкер еңбек етеді?

– Біздің мекемеде Түркістан сарайында қызмет атқарған Шымкент қаласынан келген қызметкерлер мен жергілікті тұрғындар бірлесе жұмыс атқарады.

Бүгінгі күні Конгресс холлда 30-дан аса қызметкер бар. Басым көпшілігі жастарды құрайды. Қызметкерлердің барлығы дерлік ұйымшыл, өз ісінің мамандары.

– Түрленген, жаңарған Түркістан шаһарының дамуына қандай үлестеріңізді қосудасыздар. Осы турасында айта кетсеңіз?

-Негізінде, біз халыққа қызмет көрсетумен айналысамыз. конгресс холл көпсалалы кешені Түркістан қаласындағы қазіргі заманға сай әлеуметтік-мәдени ошақтарының бірі. Сондықтан, біздің мекеме Түркістан шаһарының дамуына айтулы үлесін қоса беретін болады. Атап айтсақ, тұрғындардың бос уақыттарын тиімді пайдалануы үшін хореография би бөлімі, фитнес залы бар. Еліміздің келешегі жас жеткіншектеріміздің бойына ұлттық сананы қалыптастыру және олардың ойын дамыту үшін балаларға арналған арнайы бөлме жұмыс жасайды. Әртүрлі мәдени іс-шаралар болғанда әртістерге арналған гримм бөлмелері, тіпті керек десеңіз, бізде үлкен мейрамхана да халыққа қызмет көрсетеді. Осы аталған әрбір үйірме, қызмет көрсету орындары да жаңарған Түркістанның, киелі өлкеміздің тұрғындарының игілігіне қызмет етеді. Сондықтан, келемін деушілерге әрқашанда есігіміз ашық, – дейді конгресс холл көпсалалы кешенінің директоры Ғалымжан Ерназаров.

Арнайы ат басын бұрып келгеннен соң осынау үш қабаттан тұратын, концерттер, театрландырылған қойылымдар және басқа да іс-шаралар ұйымдастыруға арналған көпфункционал-ды мәдени нысанмен толыққанды танысу мақсатында ішін аралап, ғимараттың ішкі сәулетін тамашаладық.

Бірінші қабатқа кірген бойда көзіңіз түсіп, керемет ойға жетелейтіні жаңа Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласының тарихына арналған көркемөнер, қолөнер бұйымдарының мұражайы. Бұл орында келушілердің танымдық қызығушылығын арттыру, бос уақытты әсерлі өткізу, ұлттық мәдениетіміздің құндылықтарын насихаттау, төл тарихымыз бен өнер туындылары арқылы рухани жігерлендіру мақсатында жергілікті суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көркем шығармаларынан көрме қойылған.

Келесі назар аударатын бөлме 1000 адамға арналған концерт залы. Атаулы орында түрлі деңгейдегі, яғни облыстық, республикалық, халықаралық ресми іс-шаралар, форумдар, мәжілістер, семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер, кездесулер, съездер, байқаулар, фестивальдер, шоу-бағдарламалар, түрлі форматтағы фильмдер көрсетілімін ұйымдастыруға мүмкіндіктер бар. Концерт залы мекемемен келісім-шарт түзе отырып, жалға беріледі.

Балаларға арналған арнайы демалыс бұрышында келушілердің 3-12 жас аралығындағы балаларының бос уақытын ұтымды өткізуді көздей отырып, түрлі бағыттағы ойын-сауықтық кешенді жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар, бір мезгілде 50 адамға қызмет көрсетуге арналған асхана бар. Тағы бір айта кететін орын Co working. Бұл интернет пайдалану бұрышы аймағында іскерлік, программашылар, контентпен жұмыс істеушілер, аудармашылар, жеке кәсіпкерлер, сырттай қызмет ететін SEO, SMM немесе басқа да веб, IT қызметкерлері т.б танымдық бағытында интернет желісін кедергісіз пайдалануға жағдай жасалған, ыңғайлы жер болып табылады. Ақылы негізде қызмет көрсетіледі.

Екінші, үшінші қабаттары да өте жоғары деңгейде, қызмет көрсетуге арналған 400 орындық мейрамхана, баспасөз-брифингтері, селекторлық мәжілістер, семинар-тренингтер өткізілетін кіші залы бар. Ал, би дайындықтарына арналған заманауи үлгідегі сапалы арнайы төсеніштер, айналар орнатылған үлкен және кіші хореографиялық залдың орны бөлек.

Осы орайда, көркем гимнастика, фитнес және түрлі жанрдағы би үйірмелері жүргізілетін хореографиялық залдарға бас сұғып, тыныс-тіршілігімен жіті таныстық. Әуелі, фитнес залды тамашаладық. Фитнес-тренер Айгерім Тлеубергенованың айтуынша әзірге 20 жастан асқан қыз-келіншектер келуде екен.

– Мұнда көбіне қыз-келіншектер артық салмақтан арылып, дене сымбатын сақтауға келеді. Салмақ қосуға да келіп жатқандар бар. Фитнес залдың жұмыс істей бастағанына бір ай болады. Сондықтан, келушілер енді жиналып жатыр. Конгресс холлда жұмыс істеп жатқаныма қуаныштымын. Бұрын қаламыздағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де хореограф болып жұмыс істегенмін. Мұнда барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, керекті құрал-жабдықтардың барлығы (гантель, коврик, доп, скакалка, айналдырма дөңгелек, гимнастикалық палкалар, үлкен және кіші доптар және т.б.) осы жерден беріледі. Негізі, көбіне азу мақсатында келіп жатқан қыз-келіншектер алдымен жаттығулар жасайды. Қазіргі таңда біртіндеп биді де жайлап қосып жатырмын. Келген қыз-келіншектер денесін ширатып, шынықтырумен қатар, биді де үйренетін болады. Менің ойымша барлық адамға спортпен шұғылдану қажет. Спорт қан айналымын жақсартып, бұлшықет пен миға көп оттегі келіп, жаттығудан кейін адам әрдайым көтеріңкі көңіл-күйде болады, – дейді фитнес-тренер Айгерім Тлеубергенова.

«Естімеген елде көп» дегендей, көптеген қыздардың салмақ тастау үшін фитнес залдарына келетіндерінен хабардар едік. Алайда, салмақ қосу мақсатында фитнес залына келуге болатынын біліп, таңқалдық. Иә, Жанна есімді бойжеткен осы мақсатта келіп жүр екен.

– Осы фитнестің ашылған күнінен бастап келдім. Фитнес-тренер Айгерім көптеген жаттығулар жасатып, билерді үйретуде. Шынында, өзге қыз-келіншектер салмақтарын түсіру мақсатында келіп жатса, мен керісінше толғым келеді. Қазіргі уақытта түрлі жаттығулар жасап, дұрыс тамақтану режимін қолданғандықтан тола бастадым, – дейді Жанна.

Бұдан кейін би залында болып, би үйірмесінің жетекшісі Аида Қалдармен әңгімелестік.

– Қаламыздағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ді 2019 жылы бітіріп, хореограф мамандығын алып шықтым. Осы уақытқа дейін 50-ден аса жасөспірімдерге би үйретумен жеке айналысқанмын. Біздің үйірмеге 7-18 жас аралығындағылар келеді. Кішкентай жасөспірімдерге балалар биін, үлкен жастағыларға заманауи би үлгілерін үйретудемін, – дейді Аида.

Сонымен қатар, шығармашылық ұжымдарға арналған екі залда камералық, симфониялық, халық аспаптар т.б. оркестрлерінің жұмыс жасауына жағдай жасалған. Сондай-ақ, заманауи техникалармен жабдықталған кәсіби дыбыс жазу студиясы бар. Ішкі қабырғалары акустикалық арнайы дыбыс жұтқыш материалдармен көмкерілген. Студияға қазіргі заман талабына сай сандық (цифрлық) аппаратуралар орнатылған.

Туристік фирмалармен келісім-шарт жасауға арналған орынның бар екенін де атаған оңды. Заман талаптарына сәйкес техникалық құралдармен жабдықталып, тапсырыс берушілерге баспаханалық ақылы қызмет түрлерін ұсынатын типографиялық және жарнамалық жұмыстарға арналған орын да бар мұнда.

Әлемнің сегізінші кереметі саналатын рухы асқақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сыртқы қабырғасында бейнеленген өрнек тектес безендірілген орынның жалпы аумағы 14 мың шаршы метрді құрайды. Оның ішінде пайдалану аумағы 13 мың шаршы метр. Барлық техникалық құралдар Еуропалық Shure аппаратураларымен қамтамасыз етілген. Осының өзінен-ақ ұлт дәстүрін паш етіп, заман талабына сай қызмет көрсететін артықшылықтары бар екені көрініп тұр. «Самұрық-қазына» ұлттық әл-ауқат қоры акционерлік қоғамының тапсырысы бойынша мердігер «Mobetex group mabco constration» компаниясы салып шыққан кешенде барлық деңгейдегі дүбірлі іс-шаралар болатын күндермен де қауышамыз. Қалай алып қарасақ та күллі талап атаулының үдесінен шыға алатын конгресс холл Түркістанның көркіне көрік қосып, тарихи мекен мәдениетінің қайнар көзіне айналары хақ.

Leave a reply