Көп қабатты үйдің қасбеті ретке келтірілді
Шымкент қаласы Қаратау ауданы Нұрсәт тұрғын алабындағы №41 көп қабатты үйдің қасбеті қатты соққан желдің салдарынан ажырап құлау қаупі орын алған. Аталған мәселені Қаратау ауданы әкімі аппараты өз бақылауына алған болатын.
Нәтижесінде, «Қызметкер СК» мекемесі мен Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 50 метр биіктікті қамтитын 2 автокран жұмылдырылды. Қазіргі таңда, Нұрсәт тұрғын алабы №41 көп қабатты үйдің қасбеті толығымен ретке келтірілді.
Жалпы Қаратау ауданында өткен жылы 34 көп қабатты үйдің қасбеті ретке келтірілген. Бұл жұмыстарға сол үйлердің тұрғындарынан қаржы жұмсалмады, бюджеттен де қаражат қаралмаған. Үйлердің қасбетін әрлеу бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылып отыр.
Айта кетейік, ауданда көп қабатты тұрғын үйлерге 6 сервистік мекеме қызмет көрсетуде. Осы мекемелер тарапынан кіреберістер мен баспалдақтарды тазалау, жертөледегі жиналған суды шығару, үй ауласын тазалау, жертөледегі инженерлік жүйелерді күтіп-ұстау жұмыстары атқарылды. Қазіргі таңда, Нұрсәт шағынауданындағы 4 үйдің және Асар шағынауданындағы 30 үйдің қасбеті демеушілер есебінен ретке келтірілген.