КӨРІКТІ ҚАЛАҒА ҚАМҚОР КӨЗҚАРАС КЕРЕК
Президент: «Азаматтардың мүддесі мен сұранысы – Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының өзегі. Яғни, адамның қажеттілігі әрдайым басты назарда болады. Бұл жұмыс табанды түрде жүргізілуге тиіс. Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 74 жастан асты»,-десе облыс орталығы атанған киелі шаһарға қоныстанушылар қатары күн санап артуда.
Осыған орай қаланы абаттандыруға жаңа көзқарастар мен көпшілік талабы өсе түсуде. Түркістан – туристік қала, сырттан келетін қонақтар көп. Осы ретте қоғамдық орындарды абаттандыру мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Түркістан – түркі дүниесінің рухани орталығы, ірі мәдени қала деген мәртебесі бар. Түркістан қаласын еліміздің ірі туристік орталығына айналдыру мақсаты белгіленген. Осы ретте қалада көптеген кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Қаланы жасыл қалаға айналдыру, қала тұрғындарын жайлы тұрмыс деңгейіне жеткізу бойынша бірнеше кезеңдік жұмыстар жүріп жатыр.
Оның ішінде абаттандыру мақсатында 32 парк пен аллеялар бар. Жалпы, Түркістан қаласының қазіргі таңдағы көгалдандыру жұмыстары мен күтіп-баптау жұмыстары жалпы 258 нысанда, аумағы 626 гектарды құрайды. Оның ішінде саябақтар бойынша – 32 нысан 318 гектарды алады. Скверлер, бульварлар – 32 нысан, 59 гектарды, жасыл аймақтар мен көше бойлары – 47 нысан, 189,4 гектарды құрайды. Ал, жалпы қала көшелерінің бойында орналасқан жасыл желектер мен ағаш көшеттеріне келсек, олардың ұзын саны – 154 көше, яғни 59,4 гектарды құрайды. Бұл қала тұрғындары мен қонақтарының жанына жайлы демалыс орталықтарына айналып келеді.
Жалпы қала аумағындағы нысандарды күту жұмыстарын 2500 жұмысшы мен 450 техника атқарады. Сонымен қатар, 2022 жылы балалар жылына орай қала көлемінде тұрғындардың өтінішімен 10 жерге спорт алаңшалары мен ойын алаңшаларының құрылысы жүргізіліп, халық игілігіне берілді. Биылғы жылы сол үрдісті жалғастыру мақсатында, 25 жерге спорт алаңшасы мен ойын алаңшасын салуға бюджет есебінен қаражат қарастырып, қазіргі таңда құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Қала ішіндегі және көп қабатты үйлер аулаларындағы спорт алаңдары мен ойын алаңдары соңғы үлгідегі техникалық нормаларға сай келетін ойын элементтерімен қамтамасыз етілді.
Жалпы абаттандыру жұмыстары Түркістан қаласының даму бағдарламасына сәйкес, кезең-кезеңімен жүргізілетін болса, 2025 жылдың соңына қарай халық көп шоғырланған аумақтар мен көп қабатты үйлердің алды толығымен абаттандырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасалмақ. Қала ішіндегі 22,5 шақырымды құрайтын ирригациялық арықшалар іші қала әкімдігіне қарасты мекемелер тарапынан толықтай тазаланып, қазіргі таңда су қабылдауда. Қала ішіндегі көгалдарға және басқа да қажетті аумақтарға су апару үшін қажеттілігіне қарай «Жасыл Түркістан» мекемесі қызмет атқаруда. Тал-дарақтарды суаруға жаз маусымында су жетіспей қалады. Бұл мәселені шешу мақсатында қала бойынша жасыл алқапты суарудың гидрантты жүйесіне көшірілген. Қала көлемінде гидрантты жүйемен суғару жұмыстары 10 кезеңге бөлінген. Бұл бойынша да жүйелі жұмыстар жүріп жатыр екен. Бұл суды үнемді пайдалануға мүмкіндік беретін тиімді суару әдісі. Яғни: су буға айналып азаймайды, жол жөнекей жерге сіңіп, соңына жетпей қалмайды, суарылатын нысандарға нақты, шығынсыз жетіп отырады.