Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісі елімізде Спортшылар күні аталып өтіледі. Аталмыш мереке қарсаңында жалпы өңірде спорт саласы қалай дамып жатыр, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануларына қандай жағдай жасалған, ұлттық спорт түрлері, бокс, футбол басқа да спорт түрлерінің дамуы қалай деген сұрақтар төңірегінде Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараевпен сұхбаттасқан едік.
– Қанат Жарылқапұлы киелі өңірде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатындардың қатары артып отырғаны рас. Осы тұрғыда әңгімемізді бастасақ.
– Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы тұрғыдан алатын болсақ, өткен жылдың 12 айының қорытындысы бойынша облыста дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтар саны артып отырғаны байқалады. Қорытынды көрсеткіш 718 004 адамды құраса, бұл халық санының 34,59%. Биылғы жылға аталған көрсеткішті 38,86 пайызға, ал 2025 жылға дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылардың санын 50 пайызға жеткізу жоспарын алға қойып отырмыз. Жалпы алғанда, облыс тұрғындарының спортқа ден қойып, көрсеткіштің жылдан жылға өсіп отырғаны қуанарлық жәйт.
– Өңір спортшылары қай спорт түрімен көбірек айналысады?
– Орынды сұрақ, өңір тұрғындарын спортқа баулу үшін алдымен спорт мекемелерінің базасы жақсы болуы керек. Содан барып спортқа қызығушылық танытатын тұрғындардың саны арта түсуі анық. Түркістан облысында 59 спорт түрі бойынша 29 олимпиадалық, 30 олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 72 спорт мекемесі бар. Онда жалпы саны 51390 спортшы тіркелген. Түркістанда жекпе-жек спорт түрлеріне сұраныс артып отырғаны рас. Оны спортшыларымыздың жеткен жетістіктерінен анық байқауға болады. Жалпы өңірде бокс, таэквондо, дзюдо, күрес түрлері, қазақ күресі, аралас жекпе-жек, т.б. спорт түрлеріне қызығушылық артуда.
– Түркістан облысы бойынша спорттық нысандар жеткілікті ма? Нақтырақ айтсақ, биыл облыс орталығында қандай спорттық ғимараттар пайдалануға берілді?
– 2021 жылдың қорытындысы бойынша облыста 4643 спорт ғимараты жұмыс істейді. Оның ішінде, 21 стадион, 1 спорт сарайы, 2 құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, 41 спорт кешені, 103 спорт манежі (102 футбол манежі, 1 ат манежі), 1 шаңғы базасы, 135 атқыштар тирі, 16 теннис корты, 2 ипподром, 22 жүзу бассейні (50 метрлік – екеу, 25 метрлік – 20, 25 метрден аз – 7), 998 спорт зал, жазықтықты құрылғылар 3256 (6 спорттық ядролар, 2350 спорттық алаң, 900 алаң) және 45 жапсарлас спорттық залдар бар. Биылдың өзінде Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, облыс орталығында «Теннис орталығы», «Ескек есу каналы» пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2022-2024 жылдар аралығында «Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешені», «Дарынды балаларға арналған облыстық спорттық мектеп-интернаты», «Жоғары шеберлік спорт мектебі», «Облыстық медициналық дене шынықтыру диспансері», «Түркістан қаласының олимпиадалық резерв мектебі», сондай-ақ «Ат спорты кешені» сияқты бірқатар қазіргі заманғы үлгідегі спорт нысандарын пайдалануға беру жоспарда бар.
– Кез келген спортшыны ынталандыру үшін қандай талап қоясыздар?
– Жалпы спортшыларды ынталандырудың бірнеше жолдарын айтуға болады. Спортшыларды ең бастысы жаттығу жасайтын орындарын, спорттық құрал-жабдықтармен, спорттық киімдермен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар облыс құрамасына еніп, әрі қарай ұлттық құрамаға енген спортшыларға спорттық нәтижесіне қарай облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жоғарғы жетістікке жеткен спортшыларға және жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай жабдықталым (стипендия) төленеді. Спортшыларды ынталандыру жолында жаттықтырушының да алатын орны ерекше. Сондықтан жаттықтырушылар оқу-жаттығу және жарыс барысында спортшылармен бірге барып жеке жаттығу жұмыстарын жүргізуге көңіл бөледі.
– Спортшыларымыздың осы күнге дейін дүбірлі додаларда, сонымен қатар ішкі чемпионаттарда жеткен жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз?
– Жалпы алғанда, ел намысын әлемдік додаларда қорғап жүрген спортшыларымыз жеткілікті. Өткен жылмен биылғы жылдың 7 айдағы жетістігінің қорытындысы бойынша Түркістан облысының спортшыларының Әлем чемпионаттары мен Әлем кубоктерінде жалпы саны 53 медаль, оның ішінде 20 алтын, 22 күміс, 11 қола медаль иеленді. Азия чемпионаттарында жалпы саны 168 медаль, оның ішінде 101 алтын, 40 күміс, 27 қола медаль алса, Қазақстан Республикасы чемпионаттарында 707 медаль, оның ішінде 290 алтын, 190 күміс, 227 қола медаль жеңімпаздары мен жүлдегерлері болды. Түркістан өз алдына бөлек облыс болғалы төрт жылдықтың басты додасы – жазғы Олимпиада ойындарына бірінші рет қатысты. 2021 жылы Токио қаласындағы XXXII жазғы Олимпиада ойындарында жерлесіміз Сәкен Бибосынов бокстан 52 келі салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алып, Қазақстанның мерейін үстем етті. Басқа да спортшыларымыздың жеткен жетістіктерін мақтанышпен айтуымызға болады.
– Ел намысын ойдағыдай қорғаған спортшыларымызға қолдау жағы қалай?
– Спортшыларымыздың еңбегін бағалау орынды деп есептеймін. Өйткені, қолдау мен қошеметке бөленген спортшы кейінгі жарыстарға көтеріңкі көңіл-күй дайындық жасайды. Осы ретте, Олимпиада, Әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне заңға сәйкес қолдау көрсету мақсатында Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосыновқа мемлекеттік «Ел қорғаны» медалі және Түркістан қаласынан екі бөлмелі жаңа пәтердің кілті табыс етілді. 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындарының чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің құрылысы бүгінде қарқынды жүріп жатыр. Жалпы алғанда, бокстан осындай жетістіктерден кейін бокспен шұғылданатын жастар қатары жылдан жылға артып отырғаны рас.
– Бұл салаға мемлекеттік қызметкерлер қаншалықты ден қойған? Жалпы алғанда спортшылардан бөлек басқа сала қызметкерлерінің салауатты өмір салтын ұстануларына қандай жағдайлар жасалған?
– Жұмыстан бір мезет бойды сергітіп, спортпен шұғылдану әрбір тұрғын үшін өте маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, мұғалімдер мен медицина қызметкерлері арасында спартакиада, жоғары, орта арнаулы оқу орындарының студенттері, құқық қорғау қызметкерлері арасында жарыстар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Биыл Қарағанды қаласында төрт жылда бір рет өтетін Бұқаралық ақпарат қызметкерлері арасындағы республикалық жарыста Түркістан облысы құрамасы жалпыкомандалық есепте бас жүлдені иеленді. Спорттың бес түрін қамтыған сайыста ақпарат құралдары өкілдері қазақ күресі мен футбол, волейбол және үстел теннисі, бильярд спортынан республика бойынша іріктелген құрамалар қатысып, шеберліктерін көрсетті. Аса тартысты өткен спартакиадада көш бастаған түркістандықтар қоржынында 3-алтын, 3-күміс, 1-қола медалді иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы тағайындалған Кубоктар мен дипломдармен марапатталды. Орайы келгенде, қоғамдық өмірімізде қалам тартып, еліміздің дамуына мол үлестерін қосып келе жатқан облыс журналистеріне ерекше алғысымды білдіремін.
– Өңірде бұқаралық спортты дамыту деңгейі қалай, жалпы оны әлемдік деңгейге көтеру үшін не нәрсеге басымдық беру керек?
-Жаңа облыстың құрылғанына көп уақыт болмаса да, бүгінде біршама облыстарды басып озып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Облыста бұдан да жоғары нәтиже көрсету үшін, шалғай аудандардан, ауылдардан спорттық ғимараттар салынса дейміз. Әрине спорттық ғимараттар жоқ деп айтуға да болмайды, біршама ғимараттар қолданысқа беріліп, спортшыларға жаттығу жасауына мүмкіншілік жасалуда. Облыстың спортын әлемдік деңгейде көтеру үшін, біз Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып өткендей, бұқаралық спортты дамытқанымыз жөн. Бұқаралық спортымыз дамымай, облыстың спортын әлемдік деңгейде көтеру мүмкін емес. Бірақ қазір де спортшыларымыздың бірқатары әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінуде. Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының 2021-2025 жылдарға арналған стратегиялық дамуға арналған салалық бағдарламасында белгіленген бағыттары бойынша дамуда. Осы орайда, спорт саласындағы басым бағыттарының бірі қазақстандықтардың дені сау ұлт болып қалыптасуы үшін дамытылуы тиіс жайт – ол бұқаралық спортты дамытып, көпшіліктің айналысуына жағдай жасау. Бұқараның спортпен айналысуы үшін спорт ғимараттары қолжетімді болуы тиіс. Бұл ретте Түркістан аймағында 1500-ден аса іс-шара өткізіліп, оған екі жүз мыңға жуық адам тартылды. Сонымен бірге ауылдық жердің азаматтары да қамтылды.
– «Футбол – миллиондар ойыны» десек, осы спорт түріне бөлек тоқталып өтсеңіз? Жалпы алғанда, Түркістан футболы қалай дамуда?
– Облыстың футбол спортына тоқталар болсақ, оның дамуына бірқатар жұмыстар жасалып, өз нәтижесін беріп келеді. Соның дәлелі ретінде биыл бір облыс атынан екі футбол командасы Тұран және Мақтаарал Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсетуде. Өткен жылғы маусымда Тұран командасы жоғары лигада өз орнын сақтап қалып, межені орындады. Сонымен қатар, облыста қыздар футболына көңіл бөлініп, «Тұран-Томирис» футбол клубы құрылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Тұран-Томирис» 2021 жылдың турнирлік кестесі бойынша 2 орынды иемденіп, қыздар арасындағы UEFA чемпиондар лигасына жолдама алды. Осы жетістіктер қорыта айтқанда облыста футболдың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта Түркістан футболының дамуы бойынша біршама жұмыстарды қолға алу жоспарда бар. Атап айтсақ, Түркістандағы Октябрь Жарылқапов атындағы ойын алаңы күрделі жөндеуден өтеді.
– Облыс аумағында қанша спорт федерациялары, спорттық клубтар, ұйымдар жұмыс істер тұр? Бапкерлер мен олардың жалақылары жайлы айтсаңыз?
– Облыста жалпы спорт мекемелерінің саны – 72. Оның ішінде: 22 облыстық, 50 қалалық және аудандық спорт мекемелері. 39 спорт федерациясы, қалалық, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт клубтары Түркістан, Кентау, Арыс, Ордабасы, Мақтаарал, Отырар аудандарында жалпы 7 қала, ауданда құрылды. Жалпы 2021 жылдың қорытындысы бойынша облыста спорт нысандарының саны – 4643. Түркістан облысы бойынша облыстық спорт мекемелерінде 1450 жаттықтырушы 9453 шұғылданушымен күнделікті жаттығу жұмыстарын жүргізуде, қала аудандық спорт мекемелерінде 1025 жаттықтырушы 41937 шұғылданушымен жаттығу жұмыстарын жүргізуде. 22 облыстық және 50 қала, аудандық спорт мекемелерінде спорт кадры бойынша жетіспеушіліктер жоқ. Әрине, бүгінгі күнде бапкерлердің жалақысы өзекті тақырып болып тұр. Кез келген спортшының жеткен жетістігі ол бірінші кезекте бапкердің орасан зор еңбегі деп білемін. Сондықтан, алдағы уақытта бапкерлердің жалақысын көтеру бойынша министрлік тарапынан жаңа шешімдер қабылданып жатса, нұр үстіне нұр.
– Мүгедектер спортына қандай жағдай жасалған?
– Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының «Облыстық мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубы» КММ облыс әкімінің 2021 жылдың 10 наурыздағы №70 қаулысы бойынша ашылды. Жағымды жаңалық, тұрып ойнау волейболынан тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында Орал қаласында өткен ҚР чемпионатында Сауран ауданының ардагер спортшылары бірінші орынға ие болғанын мақтанышпен айтуға болады. Түркістан облысы аумағында 94 508 мүмкіндігі шектеулі адамдар тіркелген. Оның ішінде спорт және дене шынықтырумен айналысуға қарсы көрсетілімі жоқ 45000 адам бар. Дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 4113 құраса, (2020 жылы – 3639 адам), ауылды жерде 2959 құрап отыр. Бұл спорт және дене шынықтырумен айналысуға қарсы көрсетілімі жоқ мүмкіндігі шектеулілердің тоғыз пайызын құрайды. Шұғылданушылар санынан 1222 адам тірек-қимыл аппараты зақымданған (2020 жылы – 1337 адам). Есту қабілеті зақымданған 1323 адам (2020 жылы – 900 адам). Көру қабілеті бойынша 1568 адам (2020 жылы – 1402 адам). Бүгінде облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес, өңірдегі дене шынықтыру және сауықтыру кешендеріне мүмкіндігі шектеулі спортшылардың кіріп-шығуы үшін жағдай жасау жұмысы алға қойылып отыр. Бүгінге дейін 20 пайыз спорт ғимараттарына жағдай жасалған, 2025 жылға дейін 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
– Кәсіби мерекеде спортшылар мен оқырмандарға тілегіңіз?
– Ел үмітін ақтап, көк туымызды көкте желбіретуді мақсат еткен барша спортшыларды, ардагер спортшыларды, жаттықтырушыларды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің абыройын асқақтататын спортшыларымыз қатары көбейе берсін! 90 жылдан астам Түркістанның жылнамасын жазып келе жатқан «Түркістан» газетінің оқырмандар қатарының артуына тілектеспін.
– Сұхбатыңыз үшін рахмет!
Райымжан ӘЛІБАЕВ