Мақсат — елді түбегейлі жаңғырту

0
121
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясында ҚР Президенті Қ.Тоқаев: «Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді және жан-жақты демократияландыру мен Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бағытымызды нығайтадыБірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз. Оның айрықша маңызды екенін қаңтар оқиғалары кезінде айқын сезіндік. Қазір қатерлі күндер артта қалды. Сол кезде  қандай қауіппен бетпе-бет келгенімізді уақыт өткен сайын ұғына түсеміз.  Шын мәнінде, біз мемлекеттілігімізді жоғалтып ала жаздадық. Халқымыз қаңтар қасіретінен сабақ ала білуі керек. Енді ондай жағдай қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидатымыз ешқашан өзгермейді. Біз жас ұрпақты нағыз отаншыл азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Осы ретте саяси және қоғамдық плюрализмнің радикалды сипат алуына жол берілмейді. Әсіресе, азаматтарды кемсітуге, олардың ары мен намысын таптауға болмайды» деген болатын. 
Өткен жылғы референдумнан халықтың оң өзгеріс күткені мәлім. Мемлекеттік басқару жүйесінде қандай да бір жаңалықтар болуы тиіс еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың көкейіндегісін дөп басып, саяси жүйені жаңғыртуға бел буды. Жаңғырту Президент Жолдауларынан бастау алды. Ол бүкілхалықтық референдумға ұласты.
Жалпыхалықтық референдумда ел Конституциясының 33-бабына түзетулер енгізілді. Конституцияға енгізілген бұл өзгерістердің барлығы да тарихи тұрғыдан маңызды болатынына әрі елімізді дамытудың жаңа кезеңіне алып келетініне күмән жоқ. Себебі, бұл реформалар ауқымды саяси жаңғырудың маңызды бөлігі болып саналады.
“Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа жағдайда біздің бейбітшілік пен келісім жөніндегі саясатымыздың берік әрі институционалды тірегі қызметін атқаратынына сенімдімін. Бүгінгі сессияның міндеті – Ассамблеяның саяси жүйені реформалау ісіндегі орны мен рөлін анықтау, оны әрі қарай дамытудың бағытын белгілеу.  «Біз әртүрліміз – біз теңбіз» қағидаты саяси жаңғырудың іргелі компоненті деген пікірді ұстанамыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасының жойылуы демократиялық сайлау стандарттарының сақталуына қатысты бірқатар мәселенің күн тәртібінен алынуына септігін тигізеді. Осы ретте Ассамблеядан ұсынылған сенаторлар жалпыұлттық интеграция мен этномәдени әралуандылық негізінде Қазақстандағы этникалық топтардың барлық мүддесін тиімді қарастыратын болады. Мұндай модель Қазақстанның парламенттік жүйесінің халықаралық тәжірибесі мен ерекшелігіне сай келеді. Партиялық және сайлау жүйелерінің реформасы барлық азаматтың сайлау үдерістеріне қатысуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Іс жүзінде тұтас сайлау ландшафтын қамтитын жаңа партиялар пайда болады деп болжануда. Партиялық тізім, сондай-ақ бірмандатты округтар бойынша үміткерлерді сайлау Қазақстанның этникалық әралуандығын шынайы түрде көрсетеді. Сонымен қатар этносаралық факторды саясиландыруға және бұл тақырып бойынша арандатушылық сипаттағы талқылауларға да мүлде жол беруге болмайды. Елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің жалпыазаматтық құндылықтарды құрметтеуі және өздерін Қазақстанмен байланыстыруы аса маңызды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы біздің үлкен жетістігіміз. Оны жан-жақты нығайтуға міндеттіміз. Жаңа саяси жағдайда бейбітшілік пен келісімді және халықтың бірлігін аса маңызды санайтын азаматтардың партия ішіндегі дауысына басымдық беріледі. Болған және болатын сыртқы қақтығыстар азаматтарымыздың арасында ұлтаралық жанжал тудырып, жікке бөлінуге пайдаланылмауы керек. Оған жол беруге болмайды. Мұндай арандатушылықтар болып жатыр. Оны көріп отырмыз. Бірақ арандатушылар қайда тұрса да, қандай құжаттармен тұлғасын жасырса да, қалай құбылса да біздің бірлігімізге нұқсан келтіріп, мемлекетіміздің дербес саясат жүргізу құқығын бұза алмайды. Бейбітшілік пен тұтастық – басты құндылығымыз, онсыз болашақ жоқ екенін бәрі есте ұстауы керек. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, болмайды да, – деді Президент.
Заман өзгерген соң халықтың талабы мен талғамының ауқымы да кеңейетіні белгілі. Конституция баптарына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларда, ашығын айту керек, ҚР Президентінің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси  партияда болмауы тиістігі, Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметте және квазимемлекеттік субъектілердің басшысы бола алмайтыны көңілге қонды. Бұл әділдік принциптерінің назарға іліккені деп түсіндік. Шындығында қоғамның барлық топтарына бірдей көзқарас қажет. Сонда ғана халықтың билікке деген сенімі нығаяды.
Саяси жүйесі әділ мемлекетте әлеуметтік салада да, жалпы экономикада да қарқынды ілгерілеушіліктер болатынын халық та жақсы түсінеді. Конституциядағы кейбір түзетулер азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіруге негізделген. Конституциялық сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарайды.
Конституциялық реформаларды референдум арқылы қабылдаудың нәтижесінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іс жүзінде қолға алынды. Конституциялық реформаның мақсаты – елді түбегейлі жаңғырту.
Абай СЕРКЕБАЕВ,
Қазығұрт аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

Leave a reply