Thursday, November 21

МАҚТААРАЛДА МАҚТАНЫҢ ЖАҢА СОРТЫ ӨСІРІЛУДЕ

0
68

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен және тапсырмасымен көршілес елдердің мақта өсіретін инвесторларымен келіссөздер жүргізіліп, қолайлы келісімдер жасалғаны белгілі. Осыған байланысты мақта-тоқыма кластерімен айналысатын өзбекстандық ең ірі компаниялардың бірі – “Global textile” компаниясы 2023 жылдан бастап Қазақстанның Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының нарығында жұмыс істеуге кірісті.

Биыл екінші жыл қатарынан аудан әкімдігімен бірлесе отырып сапасына кепілдік берілген мақта тұқымын шаруаларға таратып, ол үшін заң аясында қажетті келісім-шарттар жасалды. Аталған компания Мақтаарал ауданында 3 мың гектарға жуық жерге өзбекстандық “Наманган” тұқым сортын жеткізіп, күзге қарай аталған сорттардың мақта талшығын сатып алуды жоспарлап отыр.

Жуырда “Global textile” компаниясының өкілдері қуанышты жаңалықты бөлісті. Мақтаарал ауданына мақтаның “Наманган-77” сорты жерсініп қана қоймай, жайқалып өсе бастаған. Мақтаның бір бұтасында 20-дан астам жеміс элементтері (бүршіктер, гүлдер) дамуда. Мамандар бәрі жоспардағыдай болса, Мақтаарал ауданында мақтаның гектарынан 50 центнерден жоғары өнім алынатынын болжап отыр. Бір айта кететін жайт, мақтаның көлемі ғана емес, сапасы да жақсаруда.

“Global textile” – мақтаның шитінен бастап жіп иіру, мата тоқу, киім тігуге дейінгі аралықтағы кластерді толық қамтитын компания. Қазіргі уақытта компанияның Ташкент қаласы мен Ферғана облысындағы 15-ке жуық кәсіпорынында 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Түркістан облысы мен инвестор бірігіп, Мақтаарал ауданында 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отыр. Ол үшін 2023-2027 жылдарға арналған “Global textile. Turkistan” жобасы дайындалған. Құны 21 миллиард теңге құрайтын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата бояу фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылады деген мақсат бар.

Айта кетейік, аталған компания Мақтаарал ауданында өздерінің алғашқы мақта қабылдау пунктін ашып жатыр.

Leave a reply