Пятница, 13 июня

МАҚТААРАЛДА ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР НЫСАНДАРДЫҢ ЖҰМЫСЫ БАСТЫ НАЗАРДА

0
18

Мақтаарал ауданы Түркістан облысының оңтүстігінде орналасқан, халқы тығыз қоныстанған, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік инфрақұрылымы қатар дамыған өңір. Ауданда тұрғындардың күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз ететін әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандар жұмыс істейді. Бұл нысандар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әкімшілік қызмет салаларын қамтиды.

Ауданда орталық аудандық аурухана, ауылдық дәрігерлік амбулаториялар және фельдшерлік-акушерлік пунктілер жұмыс істейді. Соңғы жылдары А. Қалыбеков ауылдық округіндегі Төрткүл ауылында және Бірлік ауылдық округіндегі Табысты ауылында жаңа фельдшерлік пунктілер ашылды. Бұған дейін Шұғыла мен Нұрлытаң ауылдарында да осындай нысандар пайдалануға берілген. Бұл мекемелер ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, аудан орталығында көпбейінді емхана, перзентхана бөлімшесі және балалар бөлімдері бар. Денсаулық сақтау мекемелері заманауи жабдықтармен қамтылуда. Бүгінде Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов кенттер мен ауылдық округтерді аралап, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың қазіргі жағдайымен танысты. Іссапардың негізгі мақсаты – халыққа қызмет көрсететін нысандардың жұмыс барысын бақылау, сонымен қатар тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысу болды. Сапар барысында ең алдымен аудан басшысы А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Абат елдімекеніндегі жаңадан салынған медициналық нысанға барды. Былтыр пайдалануға берілген бұл медициналық пункт заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Әкім нысанның техникалық жағдайын көзбен көріп, медицина қызметкерлерімен тілдесті. Айта кетейік, 2024 жылдың соңына дейін ауданда 4 жаңа медициналық нысан іске қосылып, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік берілген болатын.

Келесі бағыт – Атакент кенті болды. Мұнда әкім «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп жатқан 1500 орындық ірі білім ордасының құрылысымен танысты. Қазіргі таңда мектептің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мердігер ұйым нысанды жаңа оқу жылына дейін тапсыруды жоспарлап отыр. Бұл жаңа білім мекемесі аудан балалары үшін заманауи, жайлы оқу ордасына айналатыны сөзсіз. Сапары барысында Бақыт Асанов ауыл шаруашылығы саласына да назар аударды. Ол Мақтаарал ауылдық округінің аумағындағы егістік алқаптарына барып, еңбек майданында жүрген диқандармен кездесті. Әсіресе, қазіргі таңда қызу жүріп жатқан қырыққабат өнімін жинау науқанын көзбен көріп, шаруалармен сұхбаттасты. Әкім егіс алқабындағы жұмыстардың өнімділігіне оң баға беріп, диқандарға сәттілік тіледі.

Мұнан соң аудан әкімі «Атамекен» кедендік бақылау бекетіне ат басын бұрды. Құрылысы аяқталуға жақын бұл стратегиялық нысан жақын уақытта пайдалануға берілмек. Әкім кедендік инфрақұрылыммен толық танысып, мамандардан нысанның іске қосылу мерзімі мен алдағы жоспарлар туралы мағлұмат алды. Бұл бекет аудандағы шекаралық сауданың дамуына, экономикалық белсенділіктің артуына үлкен серпін бермек. Бақыт Насырханұлы сапары барысында ауданның әлеуметтік және экономикалық даму бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды жіті бақылап, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, сапалы қызмет көрсету және инфрақұрылымды жетілдіру – басты міндеттердің бірі болып қала беретінін аудан басшысы атап өтті.

Мақтаарал ауданында 56 жалпы орта мектеп жұмыс істейді. Оларда 28 мыңнан астам оқушы білім алады. Аудандағы ірі білім мекемелеріне №1 Мырзакент мектеп-гимназиясы, Абылайхан атындағы №2 мектеп, А. Пушкин атындағы №3 мектеп, С. Рахымов атындағы №4 мектеп, №5 гуманитарлы бағыттағы мектеп-гимназия, Абай атындағы №17 мектеп және басқа да ауылдық округтердегі білім ошақтары жатады. Соңғы алты жылда 20-дан астам жаңа мектеп салынып, қолданысқа берілді. Бұл мектептерде пәндік кабинеттер, спорт залдар, кітапханалар, бейнебақылау жүйесі және ішкі санитарлық тораптар бар. Мырзакент кентінде жаңа орталық саябақ пен спорт сарайының құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандар «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында іске асуда. Сонымен қатар, Т. Жайлыбаев ауылында 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхана, Жалын ауылында дәл осындай көлемдегі тағы бір мәдениет нысанының құрылысы басталған. Бұл мекемелер ауыл тұрғындарының мәдени сұранысын қанағаттандыруға арналған.

Мырзакент кентінде аудан әкімдігінің бөлімдері орналасатын жаңа әкімшілік ғимарат пен аудандық прокуратура үшін арнайы нысанның құрылысы жүріп жатыр. Бұл ғимараттар мемлекеттік қызметтердің орталықтандырылған және қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Мақтаарал ауданындағы бұл әлеуметтік маңызы бар нысандар халықтың өмір сапасын арттыруға, денсаулық, білім және мәдени дамуына мүмкіндік беріп отыр. Аудандағы инфрақұрылым жыл сайын жаңарып, халыққа тиімді қызмет көрсету бағытында жүйелі түрде дамып келеді.

 

Leave a reply