МАҚТААРАЛДА ӨТКЕН СЕНБІЛІККЕ 3000-НАН АСТАМ АДАМ ҚАТЫСТЫ

0
41

Ауданның кіреберісі саналатын Азаттық ауылынан Атакент кентіне дейінгі, Атакент кентінен Мырзакент кентіне дейінгі республикалық маңызы бар А-15 автожолының бойы және Мырзакенттен Жетісайға дейінгі облыстық маңызы бар КХ-100 автожолының бойында тазалық жұмыстары жүргізіліп, арам шөптерден тазаланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. 5 аптаға созылатын бұл науқанның бірінші аптасы «Таза өлке» деп аталады. Бұл бастаманы Түркістан облысының табиғат жанашырлары қуанышпен қабылдап, жұмысты бастап кетті.

Акцияға аудан әкімі аппараты, ауданның дербес бөлімдері, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдіктері, жалпы мемлекеттік қызметкерлер және дербес бөлімдерге қарасты коммуналдық мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, қоғам белсенділері, жалпы аудан тұрғындары қатысты.

Сенбілікте автожолдардың бойы жабайы шөптерден тазартылды. Аялдамаларға әктеу-сырлау жұмыстары атқарылып, билбордтар және жарықшам бағаналары сырланды. Ағаштарды ақтау жұмыстары да қоса жүргізілді. Жалпы сенбілікке 15 техника, 3 мыңнан аса адам қатысып, 40 тонна күл-қоқыс шығарылды.

«Таза өлке» науқаны басталғалы бері облыста 1500 көше және 33 мыңнан астам аяқжол тазаланып, 850 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ 140 мыңнан астам ағаш әктеліп, 138 мыңға жуық көшет отырғызылды. Бұдан бөлек 275 саябақ және сквер, 192 дана балалар және спорт алаңшалары тазаланды. Бұл іс-шараларға 279 техника және 15 мыңнан астам адам қатысты.

10 сәуір мен 11 мамыр аралығында Түркістан облысында «Таза өлке – Түркістан» науқаны өтеді. Әр аптаға арнайы ат беріліп, түрлі бағытта экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылады. Облыстың барлық ауданын және қалаларын қамтитын науқанға облыстың әрбір тұрғыны мен қонағы қатыса алады.

Leave a reply