Суббота, 14 сентября

МАҚТААРАЛДА 19 АУЫЛ ГАЗДАНДЫРЫЛЫП, 56 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ

0
20

Мақтаарал аудандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мамандарының мәліметінше аудандағы елді мекен санымен есептегенде табиғи газбен қамту көрсеткіші 65% болса, халық саны бойынша есептегенде 75%-ға жеткен. 19 елді мекеннің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталса 95%-ға жететін болады.

Одан бөлек, ауданда биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 36 шақырымды құрайтын 38 көшеге, жергілікті бюджет есебінен жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын 20 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қанағаттанарлық жағдайдағы ішкі көшелердің үлесін арттыру көзделіп отыр. Өйткені, 556 шақырым ішкі көшелері бар аудан жолдарының 30 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда.

Өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдардамасы аясында 80 дана ішкі көшелерге бөлінген 1 млрд теңгеден астам қаржыға орта жөндеу жүргізілген ауданда 54 елді мекенде тәулік бойы, 13 елді мекенде кестемен ауыз су беріледі. Кестемен берілетін 13 елді мекенге жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, оның 4-не мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Былтыр құрылысы басталған А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Жаңа жол елді мекені мен Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Азаттық елді мекенінің ауыз су құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, қабылдау жұмыстары жүріп жатыр.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың өмір сүрулеріне қолайлы орта қалыптастыру мақсатында Мақтаарал ауданында 6 млрд теңгенің ауқымды жұмыстары жүргізілуде.

Қайта құрылғанына биыл 6 жыл толып отырған Мақтаарал ауданында 69 елді мекен бар. Бүгінде оның 45-і табиғи газбен қамтамасыз етілсе, 23 елді мекенге жобалау сметалық құжаттамалары толығымен әзірленіп, 19 ауылға республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген 4,5 млрд қаржының есебінен көгілдір отынға қосу жұмыстары жүргізілуде. Қалған 4 елді мекеннің де тиісті құжаттары толығымен әзірленіп, қаржы бөлдіру мақсатында салалық басқармаларға ұсынылған. Сала мамандарының айтуынша 2026 жылы мақтааралдықтар табиғи газды толығымен пайдаланатын болады.

Leave a reply