Воскресенье, 8 сентября

МАҚТААРАЛДЫҚ ШАРУАЛАР ОЗЫҚ ЖӘНЕ СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН МЕҢГЕРУДЕ

0
83

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Мақтаарал ауданындағы шаруалармен кездесіп, олардың мәсе­лелерін тыңдап, шешу жолдарын тал­қылады. Өңір бас­шысы алыс аудандардағы әлеу­меттік ахуалды өз көзімен көріп, қариялармен кездесті. Жалпы ауданда ауылшаруашылық саласында мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған шаруа қожалықтары аз емес.

– Су үнемдеу технологиясын енгізу – уақыт талабы. Одан басқа жол жоқ. Аграрлы өңірімізде ауыл шаруашылығы саласының маңызы зор. Іс бастаймын, еңбек етемін деген азаматтарға «Ауыл аманаты» жобасымен қолдау көрсетілуде. Басқармалар мен жергілікті әкімдіктер бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыруы тиіс. Өздеріңіздей еңбекқор жандарға артылар үміт мол. Біз біргеміз! – деді Дархан Сатыбалды.
Мақтааралдықтар ауыл шаруашылығы саласындағы озық және су үнемдеу технологияларын меңгеріп, өнімді арттыруға бел буған. Түркістан облысында көктемгі егіс жұмыстары қарқын алды.
Облыста ауыл шаруашылығы егіс алқаптарының көлемі 870 мың гектарды құрайды. Оның ішінде, суармалы алқап 552 мың гектар. Жылдық ағын судың қажетті лимиті – 4,4 млрд. м3. Ағын су шығынын төмендету бағытында, су үнемдеу технологияларын енгізу, су нысандарын қалпына келтіру және жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі күні 32,3 мың га алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілген (тамшылатып суару 22 мың га, жаңбырлатып суару 10,3 мың га).

Ауыл шаруашылығы саласында қолданылып жатқан озық технологияның бірі – тамшылатып суару. Түркістан облысында көптеген шаруа қожалықтары осы әдіске көшкен. Арнайы құрылғылар арқылы жасалатын бұл жүйенің тиімділігі көп. Атап айтқанда, тыңайтқыш көлемі 5-6 есе азаяды және мол өнім алуға болады. Ең бастысы, су үнемделеді.

Түркістан облысының шаруалары бірнеше жылдан бері егістікті жаңбырлатып және тамшылатып суару әдісіне көшіп жатыр. Техниканы тасымалдаушылар қондырғыны іске қосу, бассейн мен құдық қазу, тоқ беретін генераторды орнату секілді жұмыстарды толық мойнына алады. Алып техника бір жүргенде кемінде аумағы 500 метр жерді суарады. Облыстың оңтүстік өңірлерінде монодақылға айналған мақта дақылын рентабельділігі жоғары дәндік жүгері, бұршақты дақыл және малазықтық дақылдармен алмастыру арқылы ауыспалы егісті ендіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде.

Бұл бағытта дәндік жүгеріні өткізу нарығымен қамтамасыз ету мақсатында, Шардара ауданының индустриалды аймағында 35 га аумаққа құны 32 млрд. теңгені құрайтын Түркия және Франция елдерінің технологиясымен «Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асырылуда.

Leave a reply