Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Үкімет айтылған сыннан қорытынды шығаруға тиіс»

0
117

 

Инфляция үдеп барады

 

Мемлекет басшысы еліміздің күрделі геосаяси сын-қатерлерге қарамастан, бірқалыпты дамып келе жатқанын атап өтті. Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша экономика 3,4 пайызға, ал, нақты сектор 4,1 пайызға өскен. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі саласында айтарлықтай ілгерілеу бар.

«Дегенмен инфляция да бір орында тұрған жоқ» деді Қ.Тоқаев өзінің сөзінде. – Қазір бұл көрсеткіш 14,5 пайызға жетіп, 2015 жылғы деңгейден асып түсті. Бірінші жартыжылдықта экономикамыз қалпына келді. Бірақ, халықаралық институттар Қазақстанның ішкі жалпы өнімі биыл 2 пайызға ғана өседі деп болжап отыр. Бұған дейін олар өсім 3,7 пайыз болатынын айтқан еді. Сондықтан Үкімет ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге тиіс. Ең бастысы, азаматтардың нақты табысын арттыру қажет.

Жалпы, еліміздің экономикасы сын-қатерлерге төтеп беріп жатыр деуге болады. Қазір халықаралық институттар әлемдік экономика қарқыны бәсеңдейді деген болжам айтуда. Соған сәйкес инфляция жаппай өсуі мүмкін. Өңірлік дағдарыстың ұзаққа созылып бара жатқанын байқап отырмыз. Тіпті, бұл ахуал жаһандық тоқырауға ұшыратады деген қауіп бар. Осындай жағдайда Үкіметтің және Ұлттық Банктің негізгі міндеті – инфляцияны тұрақтандырып, азаматтардың табысын арттыру болуға тиіс. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет.

Енді нақты міндеттерге тоқталайын. Бірінші – инфляцияны тұрақтандыру. Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы, азық-түлік бірден 80 пайызға қымбаттады. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр. Ал, шын мәнінде, керісінше болуы керек».

Осы орайда Мемлекет басшысы Үкіметтің бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойғанын атап өтті. Яғни әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралауға көшкен. Бағаның өсуімен күрестің басқа тәсілдерін қарастыру, жаңа идея енгізу жоқ екеніне тоқталды.

«Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ. Екі жылдан астам уақыт бұрын көтерме сауда орталығы желісі бар Ұлттық тауар тарату жүйесін іске қосу туралы тапсырма берген едім. Үкімет оның орындалуын ұзаққа созып жіберді. Жоспарлар мен мәлімдемелер қағаз жүзінде қалды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі схемасы бойынша ірі кәсіпкерлермен бірге көтерме сауда орталықтарын салу жобалары іске асырылмады. Үкіметке осы салада атқарылған жұмысты қазан айында баяндауды тапсырамын. Мүдделі инвесторларды тартыңыздар.

Келесі, қазіргі таңда өнімді экспорттауға тыйым салу туралы шешім тауар теңгерімін есепке алмай қабылданады. Бұл не тапшылыққа, не қажетті тауарлар өндірісінің тартымдылығының төмендеуіне әкеледі. Осының салдарынан мұндай шаралардың тиімділігі күрт азаяды. Үкімет Негізгі тауарлар теңгерімін қалыптастыру ережесін бекітуге тиіс. Ең бастысы, мониторингтің бірыңғай ақпараттық жүйесін әзірлеуі керек. Бұл шешім қабылдау барысында өнім теңгерімі жөнінде сенімді деректерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Тұрақтандыру қорлары қызметінің тиімділігі төмен. Олардың нарыққа әсері аз. Кейде олар теріс пиғылды адамдардың қалтасын қампайтады. Мұның шешімін табу керек. Бюджетті ұрлау фактілері жиі анықталады. Әкімдер мемлекет қаржысының жұмсалуына бақылауды жоғалтқан. Үкімет «айналым схемасының» көлемін 100 миллиард теңгеге дейін арттыруды ұсынып отыр. Сұрағым бар: күтілетін әсер есептелді ме? Сауда желілеріне емес, тікелей өндірушілерге несие беру қисындырақ болар еді. Қазір Үкіметтен әрекет күтпеймін. Тиімділік тұрғысынан түпкілікті шешім туралы ойлану керек» деді Мемлекет басшысы.

 

Сауда саласына тәртіп керек

 

Президент өз тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі алдын-ала сатып алу тәсілдерін кеңірек қолдана бастағанын атап өтті. Биылғы шілдеге дейін әлеуметтік маңызы бар 47 мың тонна азық-түлікке қатысты осындай шарттар жасалды. Қ.Тоқаевтың сөзіне сүйенсек, мұндай көлемдегі тауар ішкі нарыққа айтарлықтай ықпал етпейтіні анық.

«Өнімді ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден алдын-ала тікелей сатып алу жолдарын айқындау қажет» деп жалғады сөзін Президент. – Мұнымен құзырлы министрліктер айналысуға тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы тәсілді жетілдіру үшін тиісті қауымдастықтарды және нарық субъектілерін жұмылдыруға тиіс.

Тағы бір өзекті мәселе – өнімді сату. Өкінішке қарай, еліміздегі өнімнің бәрі бірдей дүкен сөресінен табыла бермейді. Импортпен қатар, ішкі кедергілер де бар. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің мәселелері де аз емес. Олар тауардың үздіксіз жеткізілуін, өнім сапасының тұрақты болуын қамтамасыз ете алмайды. Басқа да талаптар бар. Әрине, мұның бәрін біртіндеп ретке келтірген жөн. Сондықтан фермерлерге қолдау көрсету тәсілдерін бірлесе әзірлеуді тапсырамын. Керек болса, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасын осы жұмысқа тарту керек. Шаруа қожалықтарына ірі сауда желілерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берілуі керек. Мұндай мүмкіндік олардың жұмысын жандандырып, салаға инвестиция тартуға жол ашады.

Отандық тауардың сауда орындарына кедергісіз шығарылуын қамтамасыз ету керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондай-ақ, өнімге қосылатын бағаны нақты белгілеп, арада жүрген саудагерлер санын азайту қажет. Ол үшін, ең алдымен, жедел түрде тиісті заңнамалық шараларды қабылдауымыз керек. Үкімет «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық жобасын бастау үшін ұсыныстар әзірлеуге тиіс».

Мемлекет басшысы сауда саласында тәртіп орнату өте маңызды екенін атап өтті. Өйткені бұл салада көлеңкелі экономика өршіп тұр, сауданың 40 пайызы мемлекет назарынан жасырылатын көрінеді. Алыпсатарлық, бағаны қолдан көтеру, тапшылықты қолдан жасау секілді заңсыздықтар жетерлік. Мұның бәрі тауарлар құнын қымбаттатады.

«Үкіметке Бас Прокуратурамен бірге базар иелерін бағаны ұстау, адал бәсекелестікті сақтау, саудагерлердің мүддесін сауда алаңдары әкімшіліктерінің заңға қайшы әрекеттерінен қорғау бойынша жауапкершілігін арттыру шараларын күшейту қажет. Үкімет пен әкімдерден қолданыстағы құралдардың тиімділігін арттыру, сондай-ақ жұмысқа жаңа тәсілдерді енгізу бойынша нақты қадамдар күтемін.

Күрделі халықаралық ахуал жағдайында азық-түлік қауіпсіздігінің өзектілігі еселеп артады. Әлемдік азық-түлік бағасының өсімі қазірдің өзінде 34 пайызға жетті. Бидай бағасы 47 пайызға, жарма 18 пайызға қымбаттады. Құрғақ ауа райына байланысты Еуропалық одақ, АҚШ, Канада және басқа да елдерде түсімнің төмендейді деп күтілген.

Осы орайда, Қазақстанда ауыл шаруашылығы өндірісінің өсу қарқынының баяулауы байқалады. Сары май өндірісі 12 пайызға, өңделген сүт – 7,5 пайызға, қант – 5,5 пайызға, ірімшік 3 пайызға төмендеді. Бұл ретте импорт көлемі 22 пайызға өсті. Әсіресе сүт импорты 17 пайызға өсті.

Жауапты министрлік 2023 жылы Қазақстан құс еті (импорттың үлесі қазір 40 пайыз), шұжық өнімдері (44 пайыз), балық (60 пайыз), ірімшіктер мен сүзбе (50 пайыз), қант (60 пайыз), сүт өнімдері (4 пайыз) бойынша азық-түлік тәуелсіздігіне қол жеткізетінін хабарлады. Бірақ жағдай мүлдем бөлек екенін көріп отырмыз», деді Президент.

 

Министрлерге сөгіс жарияланды

 

Қ.Тоқаев бұған дейін іске қосылған жеті қант зауытының төртеуі ғана Алматы және Жамбыл облыстарында жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Онда да олардың қуатының үштен бірі ғана қолданылады екен. Ауыл шаруашылығы министрлігі қызылша қантының үлесін 2026 жылға қарай 6 есе, 7 пайыздан 43 пайызға дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Бірақ кейінгі төрт жылда қант қызылшасының алқабы үш есеге қысқарып кеткен.

«Қазақстан сырттан келетін қантқа 90 пайызға тәуелді. Бұл жерде Еуразиялық экономикалық одақтың аясындағы шешімдерге сілтеуге болады. Бірақ бұл – бәрібір Үкіметтің үлкен кемшілігі. Яғни мемлекеттің ұстанымын қорғай алмады. Сондықтан министрлер Бақыт Сұлтанов пен Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаймын. Үкіметке шұғыл тәртіпте қант саласын дамытудың жеке салалық жобасын әзірлеу керек. Ондағы мақсат – импортқа тәуелділікті айтарлықтай қысқартып, өзіндік қамтамасыз етуге біртіндеп көшу.

Бұл салаға отандық және шетелдік инвесторлар тарапынан қызығушылық айтарлықтай жоғары, дұрыс тәсілдер қажет. Бұл – ішкі саяси мәнге ие принципті мәселе. Дүкендерде не болып жатқанын көріп отырмыз. Ұят!

Бұған дейін тапсырмам бойынша Азық-түлік қауіпсіздігінің орта мерзімді жоспары әзірленген болатын. Бірақ бұл Жоспарда нақты әрекеттер алгоритмінің орнына тек жақсы ниет жиналған. Оның орындалмай қалу қаупі бар. Ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаппай жаңартуға қатысты өзекті мәселені қосымша қарастыру қажет», деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл мақсатта қаржыландырудың бүкіл тәсілін пайдалануды ұсынды. Отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін жеңілдікпен несиелеу механизмін енгізуді тапсырды.

«Агроөнеркәсіп кешенін дамытпай, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл – аксиома. Өнім алу тиімділігі әлемдік деңгейден әлдеқайда артта қалған. Өзіміздегі тұқыммен қамтамасыз ету 51 пайызды ғана құрайды. Картоп пен қант қызылшасы секілді өнімдерде бұл көрсеткіш 10 пайыздан аспайды.

Біз импорттық тұқымға аса тәуелдіміз. Үкімет тәжірибелі шаруашылықтар негізінде бастапқы тұқым шаруашылығын дамытуы керек. Кәсіпорындарға техниканы жаңартуға көмектесу, сондай-ақ агроғылымды жан-жақты ынталандыру қажет. Өнімділік пен шығымдылық агротехнологиялардың сақталуына айтарлықтай байланысты. Елімізде шаруалар қажетті тыңайтқыштың төрттен бір бөлігін ғана шығарады. Бұл олардың құны жоғары болуына байланысты.

Елдегі тыңайтқыштар нарығы импортқа және бірнеше отандық өндірушіге тәуелді. Сонымен қатар жуырда жүргізілген тексеру барысында отандық фермерлерге қымбатқа сату фактілері анықталды. Мысалы, «Қазфосфат» ЖШС еншілес компанияға («KAZ Chemicals» сауда үйі» ЖШС) тыңайтқыштардың қомақты көлемін сатқан. Бұл сауда үстемесін 30 пайызға дейін өсірген. Бұл жағдайды монополияға қарсы әрекет ету шараларымен реттедік. Өндіруші заңсыз кірісін қайтарады», деді Қ.Тоқаев.

Президент тиісті ведомстволар бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы керек деп тапсырма берді. Жалпы, тыңайтқыш тапшылығы – әлемдік үрдіс. Қазақстан жыл сайын 600 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыштарды импорттайды. Соның 80 пайызы (500 мың тонна) Ресейден әкелінеді. Мемлекет басшысы Үкіметке тыңайтқыш тапшылығы мен оның құнын асыра бағалаудың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдауды жүктеді.

Сондай-ақ Қазақстанда дәлелденген қоры бар бірқатар калий және фосфоритті кен орны бар екенін еске салды. Оларды өнеркәсіптік дамытуды қолға алып, отандық тыңайтқыштар өндірісін жолға қою керек екенін жеткізді. Әйтпесе, тыңайтқышқа импорттық тәуелділіктен шыға алмайды. Осыған байланысты Үкіметке бұл мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырды.

 

Жаңа жұмыс орындары ашылуға тиіс

 

Екінші – Азаматтардың табысын арттыру және адам капиталын дамыту, деп сабақтады сөзін Қ.Тоқаев. Соңғы жылдары халықтың табысы біртіндеп өсті. Былтыр бұл өсім 5 пайыз шамасында болды. Бірақ Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейді. Бұл көрсеткіш Алматы және Шымкент қалаларында да төмен. Ал Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті азайып кетті. Биыл мамыр айында азаматтардың нақты табысының көрсеткіші минус 2,9 пайыз болды. Мұндай құлдырау көптен бері болған емес.

«Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Бірақ оның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Ең алдымен, жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек. Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тиіс. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ. Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз. Жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы да осыған байланысты. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын талдауға тиіс.

Халық саны көбейген сайын тұрақты жұмыс орындары ашылуы керек. Бірақ Маңғыстау облысында осы мәселе ескерілмеген. Мұнда жөнсіз жүргізілген көші-қон саясатының салдарынан күрделі ахуал қалыптасып отыр. Тұрғындардың саны көбейгенімен, әлеуметтік инфрақұрылым салынған жоқ. Жұмыс орындары ашылмады. Тұрмыс сапасы төмендеп кетті. Жұрт «ҚазМұнайГаз» компаниясына жұмысқа тұрғызуды, жоғары жалақы беруді талап етеді. Ашығын айтқанда, Жаңаөзендегі кен орындарының көпшілігі сарқылып барады. Бұл жағдай баршаға мәлім.

Кейінгі 15 жылда осы өңірде мұнай өндіру ісі 30 пайызға азайған. Соған қарамастан, жұмысшылар саны 50 пайызға көбейді. Еңбекақы төлеу қоры 10 есе артты. Ал көп жалақы төленетін үш өңірдің бірі – осы Маңғыстау өлкесі. Нақты айтсақ, Жаңаөзен орташа еңбекақының ең жоғары деңгейі бойынша көш бастап тұр. Үкімет Жаңаөзенді дамыту үшін арнайы жоспар қабылдады. Республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөліп, салықты азайтып отыр. Осындай тікелей қолдау шаралары еліміздің басқа облыстарының есебінен жасалуда. Жұрттың бәріне мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беру мүмкін емес. Мұны ашық айтуымыз керек», деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы өңірдегі жұмыссыздық ішкі және сыртқы көші-қон үдерісіне байланысты күшейіп баратынына екпін берді. Үкіметке ішкі экономикалық ресурстарды жұмылдыратын жаңа тәсілдер әзірлеуді тапсырды. Бұл ретте, халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасын түбегейлі қайта қарау керек екенін атап өтті.

«Біз тарихи Отанына оралған қандастарды толық қолдаймыз. Бірақ тек Маңғыстау өңірімен шектелуге болмайды. Басқа облыстарға, соның ішінде өндірісі дамыған аймақтарға қоныстануға болады. Біз қажетті жағдайды жасауға дайынбыз.

Қазіргі заманда өңірлерде, елдерде, тіпті, құрлықтарда жұмыс күшінің көші-қоны жүріп жатыр. Бұл заңды құбылысқа айналды. Осы үрдіске біздің азаматтар да үйренуі керек. Көрші елдердің азаматтары бұл жағдайға жақсы бейімделді. Біз қандастарымыздың барлық салада, соның ішінде мемлекеттік қызметте жұмыс істегенін қалаймыз. Олар Жаңа Қазақстанды құруға өз үлесін қосады деп сенемін.

Қазіргі таңда жастарды жұмыспен қамтуға баса назар аударатын кез келді. Жыл сайын еңбек нарығына 300 мыңға жуық жас шығады. Елімізде өскелең ұрпақтың өзін өзі дамытуына жағдай жасалып жатыр. Бірақ нақты шараларға қарамастан, жастарды жұмыспен қамту мәселесі толық шешілмей келеді. Кейбір аймақта жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі еліміздегі орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары – соның қатарында. Үкімет және облыс әкімдері осы мәселеге айрықша назар аударуға тиіс. Жыл аяқталғанда тиісті қорытындысын шығарамыз.

Екі мыңыншы жылдары бала саны күрт көбейгені белгілі. Келесі жылдан бастап сол кезеңде дүниеге келген ұрпақ еңбек нарығына шыға бастайды. Осыны ескерген жөн. Сондықтан жұртты жұмыспен қамту ісіне қатысты тың тәсілдер қолдану қажет. Ал азаматтарымыз қазіргі замандағы халықаралық нарық үрдісіне бейімделуі керек», деді Президент.

 

Білім саласында қордаланған мәселе көп

 

Президент еліміздің демографиялық, көші-қон, технологиялық даму барысын да ескеруді ұсынды. Бұл мәселенің демографиялық және экономикалық қырын бірдей ұштастыра білген жөн. Осы орайда, Үкіметке еңбек нарығын дамыту жоспарын шұғыл әзірлеуді тапсырды. Адам капиталын дамыту ісінде білім саласы негізгі рөл атқарады. Таяуда Білім және ғылым министрлігі екіге бөлінгені белгілі. Бұл қадам қордаланған мәселелерді шешу үшін қажет.

«Үкімет және жаңа министрліктердің басшылары отандық білім және ғылым саласын тың серпінмен дамытуға күш салады деп сенемін. Мен осы жылды Балалар жылы деп жарияладым. Бірақ соңғы жылдары мектеп қабырғасында зорлық-зомбылықтың көбейіп кеткені алаңдатады. Оның үстіне толық жабдықталған мектептердің 65 пайызында (яғни 3 мың мектепте) бейнебақылау жүйесі талапқа сай емес, кейде мүлдем жұмыс істемейді. Жалпы, еліміз бойынша балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуы, яғни суицид азайды. Дегенмен Алматы, Жамбыл, Қостанай және Маңғыстау облыстарында мұндай оқиғалар көбейіп барады. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға, суицидтің алдын алуға, әрбір баланың құқықтарын қамтамасыз етуге арналған кешенді жоспар қажет.

Тағы бір түйткілге тоқталсам. Жекеменшік балабақшаларда балаларды ұрып-соғу деректері бар. Сонымен қатар жұмыс істемейтін балабақшаларға қаржы бөлу көбейіп кетті. Мұның бәрі олардың қызметі ашық емес екенін, азаматтық жауапкершілігі жоқтығын көрсетеді. Басқаша айтқанда, қоғам талабына сай емес. 2011 жылы балабақшалардың лицензия бойынша жұмыс істеу тәртібін тоқтаттық. Мемлекет бұл қадамға амалсыздан барды. Өйткені мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен барынша қамтуымыз керек болды. Бұл ретте жеке сектордың әлеуетін пайдалану маңызды еді. Нәтижесінде 2 және 6 жас аралығындағы балалардың 88 пайыздан астамы балабақшамен қамтылды. Енді қызмет көрсету сапасын арттыратын кез келді. Үкімет осы мәселені мұқият қарастыруы керек. Лицензиялау тәртібін қайта енгізу, ең алдымен, мемлекетке емес, қоғамға қажет шара. Өйткені басты мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Келесі мәселе – қосымша білім беру. Бұл – өскелең ұрпақтың қарым-қабілетін дамыту үшін қолға алынған бастама. Қосымша спорттық және шығармашылық білім беру ісіне мемлекет тапсырысы бойынша қаржы бөлінетін болды. Бұл қадам үйірмелер мен секцияларға қатысатын балалардың санын 70 пайызға дейін арттырды. Мұны стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім болды деп санаймын. Дегенмен жоба іске қосылған жылы бірқатар олқылықтарға жол берілді. Яғни қаржы мәселесіне және тиісті порталдың («Артспорт») жұмысына қатысты қателіктер болды», деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзіне сүйенсек, қаржыны артық жұмсау, алаяқтық, ашықтан-ашық жымқыру басталған. Ата-аналар балаларын бірден бірнеше үйірмеге берген. Өкінішке қарай, мұндай теріс пиғыл басқа балалардың жолын кесіп отыр. Қ.Тоқаев кемшіліктің бәрін түзетіп, осы игі бастаманы жалғастыру қажет деп мәлімдеді.

«Әкімдіктер және мәслихаттар қосымша білімге бөлінетін бюджет қаражаты жетпей қалуы мүмкін деп алаңдап отыр. Білімге салынған қаражат мемлекет үшін ең басты инвестиция болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Түптеп келгенде, дамудың бірден-бір жолы – білім саласы. Сондықтан бұдан ешкім ұтылмайтыны сөзсіз. Үкімет пен әкімдер жұртшылықпен бірлесіп, жобаны жетілдіруге тиіс. Оны сапалы әрі тиімді жасау қажет. Нақты ғылымдар мен инженерия саласы бойынша қосымша білім беруге айрықша назар аудару керек. Балаларды дене шынықтыру және академиялық тұрғыдан бірдей дамыту қажет. Ауылдық жерде тұратын балаларға баса мән берген жөн. Барлық аймақтағы балалардың қосымша білім алуына мүмкіндігі болуға тиіс. Құзырлы министрлік пен әкімдіктер жобаның жүзеге асырылуын реттеп, жіті бақылауы қажет. Бұған дейін бөлінген қаржының жұмсалуын тексеру керек. Бұл міндет Бас Прокуратураға жүктеледі. Анықталған кемшіліктерді Үкіметпен бірлесіп жою қажет.

Үкіметтің басты міндетінің бірі – ана мен баланың денсаулығын сақтау. Өкінішке қарай, сәбилердің өлімі көбейді. Ана өлімі де өсуде. Мен перинаталдық қызметтің жай-күйін тексеруге тапсырма бердім. Оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдануы керек еді. Бірақ барлық жұмыс аудит деңгейінде тоқтап қалды. Қазіргі перзентханалардың көбі халықаралық стандарттарға сай емес. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдап, осы мәселені шешу қажет», деді Қ.Тоқаев.

 

МӘМС-тен нәтиже шықпады

 

Президент денсаулық сақтау саласында түйткілді мәселелер көп екеніне тоқталды. Мәселен, Қазақстанда созылмалы ауру салдарынан қайтыс болу көрсеткіші өте жоғары. Әсіресе Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстырғанда біздегі ахуал өте нашар. Медицина саласына бөлінген қаржы көлемі артқанымен, мұнда қордаланған мәселелер шешімін таппай отыр.

Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмағанын, нақты нәтиже шықпағанына екпін берді. Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды. Осыған байланысты Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындауды тапсырды.

«Келесі өзекті мәселе – денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру. Бұл жұмыс өте баяу жүріп жатыр. Жалпы, цифрландырудың қазіргі деңгейі дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп отырған жоқ. Денсаулық сақтау саласында 40-тан астам ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Әр жүйенің өз кемшіліктері бар. Министрлік жауапкершіліктен қашып, нақты шешім қабылдамай отыр. Ал мұның зардабын дәрігерлер мен азаматтар тартуда. Үкімет осы мәселені тез арада шешуі керек.

Енді күн тәртібіндегі шұғыл мәселелерге тоқталайын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша коронавирус жұқтырғандар көбейіп келеді. Соңғы екі аптада науқастардың саны 30 пайызға артқан. Біздің елде де ахуал күрделене түсті. Алматы «қызыл аймаққа» қайта кіруі мүмкін. Негізгі себеп – тұрғындар мен дәрігерлердің қауіпсіздік шараларын сақтамауы. Мекемеаралық комиссияның жұмысын күшейту қажет. Сондай-ақ ревакциналау науқанын жандандырған жөн. Бұл жұмыста ешқандай асыра сілтеу болмауы керек. Шағын және орта бизнестің мүддесін ескерген абзал.

Менің тапсырмаммен Президент Әкімшілігі екі қанатқақты ұлттық жобаны – «Қолайлы мектеп» және «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғыртуды» әзірлеуді үйлестіреді. Олардың нақты міндеті және жүзеге асырылу мерзімі бар, нақты нәтижелерге бағытталған. Не жайында екендігін еске сала кетейін. «Қолайлы мектеп» ұлттық жобасы заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған, жаңа құрылыс стандарттары бойынша шамамен 840 мың оқушы орны құрылысын көздейді. Жоба үш ауысыммен оқу, апатты мектептер, бірыңғай білім алу жағдайын жасау мәселелерін шешуге арналған.

«Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы барлық ауылды қажетті медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ол 800 мыңнан аса адам тұратын 650 елді мекенді қамтиды. 32 аудандық аурухананы көпбейінді медициналық мекеме деңгейіне дейін жаңарту жоспарланған.

Қ.Тоқаев осындай жобаның арқасында шұғыл және орташа технологиялық медициналық көмек алу үшін арақашықтық 500-ден 200 шақырымға дейін қысқаратынын атап өтті. Үкіметке бюджеттік процесс аясында осы жылдың қыркүйегіне дейін барлық есебін жүргізуі және аталған ұлттық жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті шаралар қабылдауды ұсынды.

 

Бюджет кірісі әділ бөлінуге тиіс

 

Сондай-ақ ақша-кредит және салық-бюджет саясатын жетілдіруге де тоқталды. Отандық қаржы жүйесі жұмыс істеп тұрған кезеңде пайыздық канал толыққанды іске қосылмаған. Бұл экономиканы басқарудың басты тетіктерінің бірі – ақша-несие саясатындағы тиімділікті төмендетіп отыр.

«Осы мәселелерді шешу үшін қаржы саласын реттеушілер мен Үкімет тарапынан кешенді іс-шаралар қажет. Монетарлық саясат саласындағы кемшіліктер қаржы секторын дамытуды тежеп отыр. Кері жағдай да бар. Қазіргі кезде тұтынушылық қарыздардың қарқынды өсуі тұрғысында экономикалық белсенділіктің негізгі факторы саналатын корпоративті несиелеу үлесі қысқарып келеді. Бес жылда жалпы берілген қарыздардың ішінде коропоративті несиелеу үлесі 68 пайыздан 41 пайызға дейін азайды.

Кез келген шағын жобаға мемлекеттік даму институттары немесе халықаралық қаржы институттары есебінен несие бөлу жағдайлары кездеседі. Бұл ретте банктерде 11 трлн теңге сомасында өтімділігі жоғары активтер бар. Шын мәнінде, бұл алаңдататын жағдай. Қаржылық реттеуші пруденциялық нормативтерді жеңідету жөнінде қабылданған шаралардан есеп береді. Бірақ деректер көрсеткендей, мұндай шаралар жеткіліксіз.

Сондықтан Ұлттық Банкке, Қаржы нарығын реттеу агенттігі Үкіметпен бірлесіп, экономиканың нақты секторын несиелеуге банктерді жұмылдыру үшін қосымша тетіктер мен ынталандыру қадамдарын даярлау қажет.

Бюджет деңгейлері арасында кірістерді әділ бөлу мәселесі өзекті болып тұр. Қатаң фискалды орталықсыздандыру жағдайында кірістерді бөлу жүйесі объективті емес. Төрт өңірден басқасы дотациялық аймақтарға айналып, орталыққа тәуелді. Шын мәнінде, олар салықтың жиналауын арттыруға ынталандырылмаған. Салдарынан өздерінде жеке қаражаттың тапшылығы қалыптасқан.

Жергілікті бюджеттер қажетті қаржыландыру көлемінің тек бестен бір бөлігін ғана жабады. Ал қалғанын орталықпен келісе отырып қана алу мүмкін. Мен осыған дейін де бұған қатысты пікір білдірген едім. Қазіргі бюджеттердегі бүкіл өзгеріс Республикалық бюджет комиссиясының және мәслихаттардың отырыстарында қаралады. Бұл көбіне шамадан тыс бюрократизмге әкеліп, мерзімін кешіктіреді. Соның салдарынан азаматтардың әлеуметтік үміті ақталмай отыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары үшінші жылы ғана басталатын жағдайлар бар. Бұл ретте қазіргі жүйе бюджеттік қаражатты игерудің уақытылы және толықтығын бірінші орынға қойып отыр. Ал шығынның тиімділігі мен орындалған жұмыстың сапасы назардан тыс қалады», деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы жаңа салық-бюджет саясаты қаржы-экономикалық функцияларды аймақтардың пайдасына беруді ұсынды. Кірістер мен шығыстардың едәуір бөлігін өңірлерге беруге мүмкіндік бар. Сондай-ақ оларға қойылатын талап та артылады. Сонда ғана түпкілікті нәтижеге қол жеткізіліп, жергілікті биліктің рөлі мен жауапкершілігі артпақ.

Президент бюджеттік жоспарлауды, бюджетаралық қатынастарды, бағалау жүйесін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар бергенін еске салды. Мұның нәтижесі мардымсыз екеніне тоқталып, Қаржы министрлігін сынға алды.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне өңірлермен және сарапшылар қауымдастығымен бірге жоғарыда аталған барлық басымдық бойынша практикалық реформалар пакетін дайындауды тапсырамын. Реформалар азаматтар мен бизнестің мүдделерін толық қанағаттандыруы тиіс, деді осы ретте Президент.

Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мен заңсыз жолмен алынған мүлікті қайтару бойынша жұмыстар басталды. Осы орайда тиісті комиссиялар құрылды. Бірақ соңғы кездері олардың белсенділігі бәсеңдеді. Тауар нарықтарын монополиясыздандыру мен каптиталды қайтаруға бағытталған шараларды жедел қабылдау керек.

Өз ісін адал атқарып келе жатқан бизнеске кедергі келтіру әрекеттеріне жол бермеу қажет. Мұндай деректер бізде кездесіп жатады. Жергілікті жерлерде кәсіпкерлерге қысым көрсету жағдайлары қайта-қайта жалғасып келеді. Егер бұлай жалағаса берсе, онда құқық қорғау органдарының өздеріне қатысты қатаң шаралар қабылдаймыз.

 

Киік – қазақ үшін киелі жануар

 

Мемлекет басшысы экономиканың нақты секторын қолдау жөнінде де сөз қозғады. Инвестициялық капитал үшін жаһандық күрес болып жатқанына куә болып отырмыз. Ресей нарығындағы 1 400 шетелдік ірі компанияның тең жартысы жұмысын тоқтатты немесе мүлдем кетті. Осы орайда Президент Үкіметке Қазақстанға әкелуге қолайлы жағдай жасау керек деп тапсырды. Бұл орта және жоғары бөліністегі тауарлардың өндірісін арттыруымызға мүмкіндік береді.

Мен Үкіметке қайта өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялық жобалардың пулын әзірлеп, оларды әлеуетті инвесторлармен бірге пысықтауды тапсырған болатынмын. Бұл жұмыс әлі күнге дейін талқылау мен кездесу режімінде қалып отыр. Нақты нәтижелер әзірге аз, мақтанарлық көрсеткіш жоқ. Шындап келгенде жаңа жобалар жоқ.

Тағы қайталап айтамын, бәрінен бұрын жобалар өңірлерде де, жергілікті орындарда да іске асырылады. Сондықтан оған инвестиция тартып, түпкілікті нәтижеге жету жөніндегі есеп министрлер секілді әкімдерден де сұралады, деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы жер қойнауын игеруге салынатын инвестицияларды ынталандыру жоспарымен бөлісті. Елдегі геология саласындағы жұмыстардың тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету – маңызды міндет. Осыған байланысты жеке министрлік құрылғанына екпін берді. Бірақ ашықтықтың болмауы, шешімдерді кулуарда қабылдау бүгінге дейін саланың дамуын тежеп отыр. Геологиялық ақпаратқа қолы жеткен адамдар байып жатқан көрінеді.

Ресурсқа бай телімдерді таңдаулылар мен пысықайларға заңсыз үлестірілуіне жол беруге болмайды, деп қадап айтты Президент. Бұл туралы бірнеше рет ескертілген. Үкімет бірнеше жылдан бері минералдық ресурстардың цифрландырылған ашық геологиялық мәліметі бар банкін құруға уәде беріп келеді. Тиісті қаражат бөлінді де. Бірақ осы бір маңызды тапсырма әлі күнге дейін орындалмай отыр және түрлі сылтаулармен созбалаңға салынып кетті. Жұмсартып айтқанда, мәселе кәсібиліктің төмендігінде жатыр. Қатты айтсақ, қасақана саботаж деуге болады. Екеуінің де салдары орындаушылар үшін оңай болмайтынын ескертемін. Бұл ең алдымен салалық министрге қатысты. Сондай-ақ басқа  ведомстволар да жауапты.

Салалық министрлікке қатысты айтсақ, министрге сөгіс жариялаймын. Біріншіден, сөгіс жоғарыда айтқан кемшіліктер үшін беріліп отыр. Сондай-ақ киіктердің тағдыры туралы түсініксіз әуре-сарсаң мен пікірталас қалыптастырғаны үшін сөгіс жарияланады. Мұның бәрін қоғамдық талқылаудың осыншалық деңгейіне шығарудың қажеті не? Бұл мәселеге ұлтымыздың менталитетін ескере отырып, кәсіби тұрғыда келу керек. Шынында, киік қазақ халқы үшін киелі жануар саналады. Табиғи ландшафтан 80 мың бас киікті жою, яғни өлтіру туралы ұсыныс енгізіліп отыр. Бірақ басқа да тәсілдер бар секілді. Мамандармен ақылдасыңыздар. Бұл ең соңынан жүгінетін шара ғой. Мен мұны қолдануымыз мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Бірақ мұның ақырғы шара екенін қайталап айтамын. Мәселеге кәсіби тұрғыда қарау керек.

Жоғарыда айтылған мәселеге оралсақ. Үкімет Ұлттық деректер банкін құру жұмысын созбалаңға салу себебін баяндауға тиіс. Цифрландыру ісі баяу жүріп жатыр. Менің ойымша, қанағаттанарлық емес. Есеп комитетінің сынына ұшыраған «Зерде» ұлттық холдингінің жұмысын жақсартуды тапсырған едім. Цифрландыру жұмысының кураторы ретінде Премьер-Министр осы мәселеге баса мән бергені жөн. Министрге ескерту жасаймын. Сіздің жұмысыңызға көңілім толмайды. Премьер-Министрді ұятқа қалдырып отырсыз.

Жер қойнауын пайдалану саласында да тиімсіз саясат сақталып отыр. Менің тапсырмам бойынша қолданылмай жатқан кен орындарын ауқымды тексеру жүргізіліп жатыр, келешекте оларды адал инвесторларға беру көзделген. Бірақ нәтижесі көңіл көншітпейді. Сондай-ақ пайдалы қазбаларды заңсыз игерудің, мерзімі өткен келісімшарттардың көптеген деректерді де бар.

 

Энергетикалық қауіпсіздік сақталуға тиіс

 

Мемлекет басшысы энергетикалық қауіпсіздікті қалыптастыру мәселесіне тоқталды. Отандық мұнай өңдеу зауыттарында жүргізілген жаңғырту жұмыстарына қарамастан, жыл сайын елімізде мұнай өнімдерінің тапшылығы туындайды. Қ.Тоқаев олардың қызметіне тексеру жүргізілгенін атап өтті. Мысалы, 2020-2021 жылдары бұл зауыттардың жұмысы 410 рет жоспардан тыс тоқтатылған. Атырау мұнай өңдеу зауытында – 372 рет, Павлодар зауытында – 14 рет және Шымкент зауытында 24 рет жұмысын тоқтатқан.

Мұнай өңдеудің қолданыстағы схемасы тиімсіз, делдалдар табыстың негізгі үлесін иеленіп кетті. Ал зауыттар жеткіліксіз қаржыландырылды. Осылайша, аралас схемаға көшу туралы шешім қабылданды. Бұл схема мұнай өнімдерінің маркетингін мұнай өңдеуші компаниялар мен зауыттардың өздеріне жүргізуін көздейді. Сол арқылы табыстарын арттырып, өндірісті жаңғыртып, еңбекақыны көтеруге мүмкіндік береді.

Ұлттық компаниялардың тиімділігі – әлі де өзекті мәселе. Ұлттық және квазимемлекеттік компанияларда әкімшілік шығыстар көлемді мөлшерде сақталған. Бұл – «Самұрық-Қазына» басшылығының кемшілігі. Тындырылған жұмыс көп, тындырылмағаны одан да көп. Қордың қалыпты жұмыс істеуі үшін базалық тиістілік нормативтерін қайта қарау қажет. Оның қызметін қайта құру әлі де өзекті.

«Самұрық-Қазына» тиімді операциялық орта құрып, ұтымды корпоративтік басқарудың орнына бұрынғысынша портфельдік компаниялардың операциялық және сатып алу қызметіне, кадр саясатына тікелей араласып отыр. Мұндайда қандай корпоративтік басқару мен IPO туралы айтуға болады? Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне Үкіметпен, «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды одан әрі реформалау жөнінде нақты ұсыныстар дайындауды тапсырамын, деді Қ.Тоқаев.

Президент күзде елде дизель отынының тапшылығы туындауы мүмкін екенін жеткізді. Яғни 100 мың тонна дизель жетіспеуі ықтимал. Бұл жағдай жыл сайын егін жинау науқаны кезінде қайталанып келеді. Мемлекет басшысы Үкіметтің уәжіне, яғни транзиттік көліктер мен көрші елдердің іргелес аймақтарындағы тұрғындардың жанармайды тасып әкетуіне сенім білдірмеді.

Мәселе одан тереңде жатыр – отандық мұнай өнімдерін іргедегі елдерге әкетудің жылдар бойы әбден жолға қойылған схемасы бар, деді мәселеге байланысты сөзінде Президент. Қаржылық мониторинг агенттігіне осы мәселенің анық-қанығын тексеру керек. Маған бұл мәселемен кім айналысып отырғаны туралы нақты ақпарат ұсыныңыздар. Осыдан кейін түбегейлі шешім шығарамыз.

Үкімет пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне шекара периметрі бойынша транзиттік көліктерге мұнай өнімдерінің сараланған бағасын әзірлеуді тапсырамын. Бұл көрші елдермен баға теңсіздігін төмендетіп, өзіміздің азаматтарға арналған бағаға әсер етпейді.

Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатында газ саласы маңызды рөл атқарады. Жаңа өнеркәсіп объектілерін енгізу және елді газбен қамту есебінен ішкі нарықта газ тұтыну жыл сайын артып келеді. Кейінгі 10 жылда ішкі нарықта газ тұтыну көлемі екі еседен астам – 9 миллиардтан 19 миллиард текше метрге дейін өсті. Елімізде келесі жылдың өзінде газ тапшылығы болатыны туралы болжам бар.

Бұл ретте, газды экспорттық нарықтан ішкі нарыққа қайта бағдарлау – валюталық түсімнің жоғалуына және сауда теңгерімінің нашарлауына әкелетін мәжбүрлі қадам екенін түсіну керек. Сондықтан аталған проблеманы шешу үшін ресурстық базаны ұлғайтып, газды қайта өңдеу шараларын жолға қою қажет. Газ өндіру мен өңдеуді ұлғайта отырып қана мемлекет экспорттан пайда тауып, ішкі қажеттіліктерді толық көлемде қамтамасыз ете алады. Сол себепті газ өндіру жөніндегі жаңа жобалардың фискалдық преференцияларын пысықтаған жөн. Сондай-ақ Үкімет ұлттық компаниялар арасында функцияларды нақты бөлуге тиіс.

Мемлекет басшысы сұйытылған газдың бөлшек саудадағы бағасын реттеу мерзімі осы жылдың соңына дейін ұзартылғанын жеткізді. Алайда болашақта бағаны жасанды жолмен ұстап тұру тапшылыққа әкелуі мүмкін. Бұл – нарық заңы. Сондықтан Үкімет баға ауытқуларына жол бермей, сауда-саттықты бастау шараларын қабылдауы керек.

Өздеріңізге мәлім, маусымда энергия тарифтерін көтеруге жарияланған мараторий мерзімі аяқталды. Құрал-жабдық тозуының артуы мен жылыту маусымына дайындықты ескере отырып, тарифтерін өсіруге тура келеді. Бұл мәселеге ақылмен қарап, бағаның күрт көтерілуіне жол бермей, компаниялардың асыра пайда табуына жол бермеу қажет.

Халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына қолдау көрсету өте маңызды. Үкімет әлеуметтік қолдаудың проактивті форматына көшуі, оны барынша атаулы жасауы тиіс. Отбасының әлеуметтік картасын көңілге қонымды жасап, шынайы іске асыру өте маңызды. Жобаның бастапқы тұжырымдамасы оны әзірлеуге бірнеше ведомствоның қатысуына байланысты сан мәрте өзгеріске ұшыраған болатын. Үкіметке жылдың соңына дейін Отбасының цифрлық картасын іске қосуды және «Әлеуметтік әмиянды» енгізуді тапсырамын.

Энергия қуатының тапшылығын да естен шығаруға болмайды. Энергия теңгерімі жоспарына сәйкес, осы жылы бір гигаваттан артық қуатты пайдалануға беруге тиіс едік. Бірақ бірқатар жобаны жүзеге асыру кейінге қалдырылды. Биыл жоспарланған қуаттың тек 31 пайызы ғана іске қосылады (347 МВт). Энергия тапшылығы жағдайында мұндай қарқын көңіл көншітпейді. Үкімет мұны түсінеді деп үміттенемін.

Елдің бірыңғай энергия жүйесінің Оңтүстік және Батыс аймақтарының электр желісін күшейту жеткіліксіз қарқынмен жүріп жатыр. Қазіргі уақытта Батыс аймақтағы жұмыстар тек 10 пайызға ғана аяқталған. Жобаларды дер кезінде жүзеге асыру үшін барлық іс-шараны қабылдау қажет. Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі соған байланысты, деді Президент.

 

Ақордаға апаратын жол құрақ көрпе секілді

 

Мемлекет басшысы автожол инфрақұрылымын дамыту мәселесі төңірегінде де ой қозғады. Биыл 11 мың шақырымнан астам жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. Президент жөндеу жұмыстарын созбалаңға салуға болмайтынын атап өтті. Жобаларды жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алу қажет. Жолдың сапасына айрықша назар аудару керек.

Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес, деп атап өтті Президент. Тіпті басқа жерді айтпағанның өзінде Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау, құрақ көрпеге ұқсайды. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп. Тендерді жыл сайын бірді-екілі компания ғана ұтып алады. Мұндай жағдайдың қайталанып келе жатқанына ондаған жыл болды. Осының бәрін ретке келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдау керек. Жарты жыл өтті. Ал жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ (464 млрд теңгенің 263 млрд теңгесі бойынша мемлекеттік сатып алу қорытындысы бар). Бұл жұмыс Павлодар (17%), Маңғыстау (24%) және Батыс Қазақстан (27%) облыстарында өте баяу жүруде.

Келесі мәселе. Қазақстанда жол құрылысына қажетті материалдың бәрі бар. Бірақ отандық өндірістің әлеуеті толық қолданылмайды. Мұны, тіпті, қолдан жасалған тапшылық деуге болады. Мысалы, елімізде битум өндіретін үш зауыт бар. Соған қарамастан, 200 мың тонна битум жетіспейді. Құрылыс қарқынды жүрген кезде оның бағасы үш есе (яғни бір тоннасы 90 мыңнан 250 мың теңгеге дейін) қымбаттайды. Үкіметке жол құрылысына қажетті ресурстарды өндіру және тұтыну барысын мұқият саралауды тапсырамын. Соның негізінде құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорындар ашу қажет. Ал жұмыс істеп тұрған нысандарды жаңғырту керек.

Президент айтқан тағы бір өзекті мәселе – мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу. Мәселен, 2019 жылдан бері автожол саласында құны 1,5 трлн теңге болатын мемлекеттік келісімшарттар жасалды. Соның 40 пайызын шетелдіктердің қатысы бар компаниялар ұтып алған. Қ.Тоқаев шетелдік серіктестерге қолдау көрсетілетінін, оларға нарық әрдайым ашық болатынын жеткізді. Бірақ отандық компанияларымыз белсене қатыспайды. Осыған байланысты Үкіметке жергілікті кәсіпорындар үшін бәсекелі орта қалыптастыруды тапсырды.

Мәселен, кейбір ірі компанияның еңбек және материалдық ресурстары жеткіліксіз. Соған қарамастан, олар тендерді ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салады. Осындай ахуал жылда қайталанады. Тіпті жұмыстың 100 пайызы басқа мердігерге тапсырылғаны жөнінде мәліметтер бар. Мысалы, Қарағанды–Балқаш автожолын (363 шақырым) жөндеу жұмыстары 2019 жылдан бері жалғасып келеді. Бұл жобаның жалпы құны – 248 миллиард теңге. Бас мердігері осы жұмысты басқа компанияға тапсырды. Ал бұл компания барлық жұмысты қосалқы мердігерге берген. Тіпті 22 пайыз көлеміндегі үстеме ақысын да ұстап қалған.

Тағы бір өзекті мәселе – жол бойында заманауи қызмет көрсету ісін ретке келтіру. Қазір елімізде осындай 1600 нысан бар. Оның 68 пайызы ғана ұлттық стандартқа сай келеді. Транзит тұрғысынан өте маңызды Түркістан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарындағы жағдай өте нашар.

Келесі мәселе – автожол саласына қатысты. Бұл салаға түбегейлі реформа жасайтын уақыт жетті. Қазір еліміздегі жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Турасын айтсақ, екеуі де бір жұмысты атқарып отыр, жұмысшыларының саны да қажетті шамадан артық. Соған қарамастан, азаматтардан келіп жатқан орынды арыз-шағымдар азаяр емес, ал жолдың сапасы мүлде сын көтермейді. Үкіметке «ҚазАвтоЖол» және «Казахавтодорды» біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырамын. Нәтижесінде қызметкерлердің саны да қысқарады.

Жалпы, бұл саланы кешенді түрде қайта жаңғырту керек. FIDIC халықаралық қағидаттарын енгізген жөн. Оны жүзден астам ел пайдаланып отыр. Бұл жүйе жол саласын тиімді басқаруға, бюджет қаражатын ұтымды пайдаланып, барлық деңгейдегі жемқорлық қаупін азайтуға мүмкіндік бермек. Мұндай жүйеге көбі қарсы болады. Бұл жерде министрдің және тиісті вице-премьердің нық ұстанымы қажет. Тұтастай алғанда, осы мәселе бойынша арнайы комиссия құру керек. Оған Үкімет мүшелерін, Президент Әкімшілігі, құқық қорғау органдарының өкілдерін, депутаттарды қосқан жөн. Жарты жыл ішінде барлық кемшілікті, соның ішінде жемқорлықты және олқылықтарды түзетуге бағытталған ұсыныстарды әзірлеп, маған баяндау қажет.

Бұл комиссия елдегі жол құрылысы саласында бұған дейін, кемінде 10 жылда, жіберілген бүкіл кемшілікті мұқият зерттеуге тиіс. Жолдарды сапасыз болуына кінәлілердің бәрін заңға сәйкес жауапқа тарту керек.

Жалпы, Үкіметтің жұмысына орташа деген баға беруге болады. Үкімет табандылық танытуға тырысуда. Бірақ қазіргі кезеңде босаңсуға болмайды. Жұмыс қарқынын барынша күшейту қажет. Жаңа, тың әдіс-тәсілдерді қолдану керек. Үкімет жедел әрекет ететін оперативтік штаб қана емес, нақты реформаларды ұсынатын және жүргізетін басты мемлекеттік мекеме болуы керек. Экономистер, кәсіпкерлер көп. Шетінен білімді, дарынды. Бірақ олардың нақты ұсыныстары аз, тіпті, жоқ деп айтуға болады. Күзге қарай, мүмкін, кадрлық шешімдер қабылдау керек болады. Ерекше дағдарыс жағдайында бұл өте қажет екені түсінікті, деді Қ.Тоқаев.

 

Ішкі жалпы өнім көлемі өсті

 

Сондай-ақ жиын барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасап, елдегі ахуал туралы әңгімелеп берді.

Үкімет басшысының айтуынша, биылғы қаңтар-маусымда ішкі жалпы өнімнің өсуі 3,4 пайызды құраған. Тауар өндірісі 4,1 пайызға, қызмет көрсету саласы 2,1 пайызға артқан. Өңдеу өнеркәсібінде, құрылыс, сауда мен көлік салаларында қарқынды өсім байқалады.

Биылғы қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша сыртқы сауда тауар айналымы 41 пайызға өсіп, 51 млрд долларды құрады. Экспорт 59 пайызға, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 35 пайызға көбейді. Жалпы, оң сауда балансы 2,6 есеге артып, 17,1 млрд долларды құрады, деді Ә.Смайылов.

Ұлттық Банк төрағасы Ғ.Пірматов қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қабылданған шараларға тоқталды. Мәселен, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және теңгедегі активтерді сақтау үшін Теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы қабылданған.

Ұлттық қор мен зейнетақы активтерінің ұзақ мерзімді кезеңдегі кірістілігі оң күйінде қалып отыр. Биылғы жылғы сәуірден бастап Үкіметпен бірлескен жұмыс аясында Қазақстан мемлекеттік бағалы қағаздары FTSE Frontier ЕМ Government Bond индексіне енгізілді. JP Morgan дамушы нарықтардың мемлекеттік бағалы қағаздарының индексіне енгізу үшін елдің мемлекеттік бағалы қағаздарын «жіті бақылауға» алды. Ұлттық банк 1 шілдеден бастап Лездік төлемдер жүйесін және Төлем карточкаларының банкаралық жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға қосты. Пайдасы мен шығасыларын бағалай отырып, цифрлық теңгені енгізу туралы шешім қабылдау моделі әзірленді, деді Ғ.Пірматов.

Leave a reply