Мерекеде үздік полицейлер марапатталды
Шымкент қаласы Полиция департаменті ғимаратының алдында карантиндік режимге байланысты барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, «23-маусым – Қазақстан Республикасының Полициясы күні» мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиын Қазақстан Республикасының Әнұранын орындаумен басталды.
Департамент бастығы полиция генерал-майоры Ералы Жумаханбетов: «Құрметті әріптестер, сіздерді Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің қорғандары – полиция қызметкерлерінің еңбектеріне табыс, қызметтеріне сәттілік пен абырой тілеймін. Қазақстан Республикасының өркендеуі жолында табысты қызмет ете берулеріңізге тілектеспін. Халқымыздың амандығын сақтау мен Отанымыздың өркендеуіне қосып жатқан үлестеріңіз аз емес, еңбектеріңіз әрқашан жемісті де табысты болғай!» – деп, қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Департамент бастығы қызмет бабында қайтыс болған қызметкерлердің отбасы мүшелеріне арнайы құрмет көрсетті. Монументке гүл шоқтары қойылып, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқандардың рухын үнсіздікпен еске алды.
Салтанатты жиын барысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен 27 полиция қызметкері марапатталды. Оның ішінде: 2 қызметкерге кезектен тыс арнайы шені, 1 қызметкерге атқарып отырған штаттық лауазымынан бір саты жоғары арнайы шені, 1 қызметкер «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, 6 қызметкер II-дәрежелі «ІІО-ның үздік қызметі үшін» төс белгісімен, 1 қызметкерге «Құрмет грамотасы», 2 қызметкерге грамота, 4 қызметкерге алғыс хат, 2 қызметкерге алғыс жарияланды.
Сондай-ақ, «23-маусым Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметшілер күні» мерекесіне орай, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен 8 әкімшілік мемлекеттік қызметкер марапатталды: 3 қызметкерге грамота, 2 қызметкерге алғыс хат, 3 қызметкерге алғыс жарияланды.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ералы Жумаханбетовтің бұйрығымен 373 қызметкер: 31 қызметкер грамота, 35 қызметкер алғыс хат, 23 қызметкерге алғыс жарияланды. 19 қызметкердің тәртіптік жазасы мерзімінен бұрын алынып, 265 қызметкер қаржылай марапатталды.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің шешімімен 3 полиция қызметкеріне Алғыс хат табысталды.