Мұрат Әйтенов: қаладағы құрылыс жұмыстары 115,3 пайызға өсті

0
110

«Мемлекет басшысы баспана мәселесін азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатымен тікелей байланысты екенін атап өткен болатын. Биыл өзімізге бір миллион шаршы метр тұрғын үй саламыз деп міндет алдық. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артық» – дейді Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов.

Қазіргі таңда Шымкентте жеке салушылар есебінен 8639 пәтерлі 178 көпқабатты тұрғын үй, бюджет есебінен 5912 пәтерлі 97 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Құрылыс жұмыстары алғашқы 5 айда 28 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 115,3 пайызға өскен.

Қазіргі таңда Шымкентте көпқабатты тұрғын үй құрылысына басымдық берілуде. Осы ретте «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 79 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ, Әкімшілік-іскерлік орталығы мен Тұран шағын аудандарында 65 кредиттік тұрғын үйдің (4064 пәтер) құрылысын жүргізу жоспарланған. Биыл 33 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылады. Нәтижесінде, 2 096 азамат кредиттік баспанаға қол жеткізеді. Сонымен қатар, 14 арендалық тұрғын үй салынуда. Оның 6-ы — әкімшілік-іскерлік орталығында, 8-і — Тұранда. Ағымдағы жылы 6 үйдің құрылысын аяқтап, 336 пәтер пайдалануға тапсырылмақ.

Leave a reply