Мұрат Әйтенов: «iKomek 109» орталығы өзінің маңыздылығын көрсетті
Мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, өткен жылғы 26 маусымда «109» желісі арқылы «iKomek» байланыс орталығы ашылған. Тәулігіне жиырма төрт сағат демалыссыз қызмет ететін Орталық азаматтардың өтініші бойынша әлеуметтік мәселелерді шұғыл шешумен айналысады.
Бір жылда жүз елу мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оның тоөсан сегіз пайызы бүгінгі күнге шешілген.
Одан бөлек, қала әкімі бастаған басшылық құрам апта сайын әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдары арқылы тікелей эфирге шығып, халық сұрағына жауап беріп отырады.
Биылдан бастап қаладағы төрт ауданға «Халық қатысатын бюджет» жобасы енгізілді. Қаланың кез келген тұрғыны «электрондық үкіметтің» веб-порталына кіріп, өз ұсыныстарын қалдырып, кері жауап алу мүмкіндігі бар.
Жалпы алғанда, 2021 жылғы қалалық бюджет өткен жылға қарағанда төрт пайызға ұлғайып, 481,6 млрд. теңгені құрап отыр. Оның қырық бес пайызы әлеуметтік салаға бағытталған.