М.ЖҮСІПБАЙ: «ПРЕЗИДЕНТ ЖАРЛЫҒЫ ӨМІРДЕ ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТЫР ДЕП САНАЙМЫН»

0
173

 

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде шағын бизнес пен кәсіпкерлікті тексеруге 3 жылдық мораторий енгізілген еді. Кәсіпті қолдау мен қорғауға байланысты құзыретті құжат қабылданды. Қоғамда соған қарамастан, кәсіпкерлерді заңсыз тексеру тоқтар емес деген пікір бар. Қаламызда кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, олардың құқықтарының қорғалуы қандай деңгейде деген сұрақтар төңірегінде Түркістан қаласы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің бастығы ЖҮСІПБАЙ Мақсат Кенжеханұлына сауалдарымызды қойғанбыз.

– ҚР Президентінің кәсіпкерлікке заңсыз тексеруге мораторий енгізу туралы жарлығы бар. Онда жергілікті атқарушы органның бірінші жетекшісінің ұйғарымымен тексерулер адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген жағдайда жүргізілетіні жазылған. Мемлекет басшысының жарлығы өмірде, практикада жүзеге асып жатыр деп ойлайсыз ба?

– ҚР Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 «Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» Жарлығымен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін қоса алғанда шағын кәсіпкерлік субъектілеріне барумен тексерулер мен профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуді тоқтатуға қаулы еткен.

Мемлекет басшысының Жарлығы өмірде, практикада да жүзеге асып жатыр деп санаймын. Себебі оны жүзеге асыру үшін қадағалаушы болып – прокуратура органдары табылады. ҚР Конституциясының 83-бабының 1-бөлігінің талаптарына сәйкес Прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады. Сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.

Яғни, прокуратура органдарымен Президенттің Жарлығын мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етеді. Тексеруші органдардың тексеруге бағытталған іс-шараларына құқықтық баға береді, заңсыз тексерулер анықталған жағдайда оған прокурорлық қадағалау актілерін енгізеді.

 

– Қала көлемінде кәсіпкерлерден заңсыз тексерулер бойынша шағым бар ма? Кәсіпкерлерге заңсыз тексеру жүргізіп, бопсалайтындар, қорқытып-үркітіп пара алушылар кездесе ме? Жалпы, осы саладағы өзекті мәселе жөнінде айтып өтсеңіз.

– Президенттің Жарлығы қабылданған кезден бастап бүгінгі таңға дейін Түркістан қаласында тексеруші органдар тарапынан заңсыз жүргізілген тексеру фактілері бойынша шағымдар тіркелмеген. Бірақ қала прокуратурасымен тұрақты түрде кәсіпкерлік субъектілердің құқығын қорғауға бағытталған БАҚ мониторингі және талдау жұмыстары жүргізіледі.

Былтырғы жылы қала прокуратурасы қадағалау актілері негізінде 201 кәсіпкердің құқығын қорғаған. Оның ішінде айыппұл түріндегі жазаға тартылған 199 кәсіпкерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулылар заңсыз деп танылып, олармен төленген 1183481 теңгеге айыппұл сомалары қайтарылған, 1 дара кәсіпкерге мемлекеттік орган тарапынан атқарылған жұмыстары үшін 1,5 млн. теңге көлемінде төлемдерді өтеп берілген, ал 1 жеке кәсіпкерге салынған айыппұл заңсыз деп танылған.

 

– Кәсіпкерлердің құқығын қорғау, оларды қолдау және қаладағы бизнес ахуалды жақсарту бағытында қандай шаралар атқарылуда?

– 11.10.2019ж. Бас прокуратура алаңында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Nur Otan» партиясымен бірлесіп өткізілген Бизнесті қорғау бойынша IV-Форумда қол қойылған 2020 жылға арналған Бизнесті қорғау бойынша жол картасына сәйкес кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топтың жұмысын ұйымдастыру мақсатында 10.01.2020 ж. №1 өкімімен (одан оның құрамы өзгертіліп қайта 03.08.2021 ж. №8 өкімімен) кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топ құрылған. Осы өкім негізінде Түркістан қаласының прокуратурасымен кәсіпкерлер палатасы арасында кәсіпкерлік субъектілердің құқықтарын қорғау және тығыз байланысты орнату үшін меморандум түзілді. Кәсіпкерлердің күрделі және жүйелі мәселелері реестрін жүргізіп, оларды уәкілетті органдармен бірлесіп шешуге бағытталған. Қажетті іс-шаралары және тұрақты түрде прокуратура қызметкерлерінің кәсіпкерлерді жеке қабылдауын, сондай-ақ бірлескен «Ашық есіктер» күндері (карантин кезінде онлайн режимде) ұйымдастырылып, атқарылуда.

 

– Кәсіпкерлеріміз өз құқықтарын қаншалықты біледі?

– Қазіргі цифрлық технологиялардың дамыған кезінде кез келген адам немесе кәсіпкер құқығым бұзылды деп тапқан жағдайда құқықтарын қалай қорғауға болатыны, ол жөнінде қандай құзырлы органдарға шағымдануға болатыны ақпарат интернет ресурстарында қолжетімді.

Кәсіпкерлер Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкілге ombudsmanbiz.kz жүгіне алады. Әрбір келіп түскен өтінішті бизнес-омбудсмен аппаратының қызметкерлері бақылайды және өңдейді. Сонымен қатар, «Qamqor – бизнесті қорғау» – әрбір кәсіпкерге арналған қалта көмекші құралы іске қосылған. Қосымшада тексеру басталғанға дейін және оның жүргізілуі барысында жол берілетін заң бұзушылықтар туралы хабарламаларды жылдам жіберу мүмкіндігі бар. «Qamqor» мобильдік қосымшасы – бұл компанияны тексеру жағдайына әрбір кәсіпкерге арналған көмекші құрал.

 

– Бизнеске заңсыз араласқаны үшін жауапқа тарту қандай деңгейде?

– Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1-қыркүйектегі «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекеттік құры­лымдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіру мемлекет­ке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретін­де ба­ғалануы керек. Кәсіпкерлер шенеу­нік­тер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бір­ден прокуратура органдарына жүгінгені жөн», деген болатын. Жолдауда Мемлекет басшысы кезең-кезеңімен прокурорлардың айыптау актісін дайындау бойынша құзыретін арттыру қажеттігін айтты. Бұл олардың жауапкершілігін және тергеу нәтижелерін құқықтық бағалау тетігін күшейтеді. Сондықтан прокуратура органдарымен кәсіпкерлікке барлық заңсыз араласу фактілері қылмыстық жауаптылыққа тартылғанға дейін тоқтатылады.

 

– Әңгіме-сұхбатыңыз үшін рахмет.

Сұхбаттасқан

Әтіргүл ТӘШІМ.

Leave a reply