Невропатолог: “Күнделікті салқын суға шомылу көңіл-күйді жақсартады”
Күнделікті салқын суға шомылу бойды қажетсіз ойлардан тазартуға көмектеседі және көңіл-күйді жақсартады. Бұл туралы австралиялық невропатолог Кэтрин Буре айтты, деп хабарлайды Infonews.kz сайты.
Невропатолог көпшілікке психикалық денсаулықты сақтаудың тиімді жолдарын айтып берді.
Маманның айтуынша, суық судың психикалық денсаулыққа оң әсер ететіні нақты анықталмаған. Дегенмен, ол өз тәжірибесіне сүйене отырып, бұл әдістің тиімді әсер ететінін байқаған. Буре күн сайын, тіпті қыста да Тынық мұхитына жүзетінін жеткізді. Оның айтуынша, бұл оған ауыр ой еңбегінен арылуға және ақыл-ойды қалпына келтіруге көмектеседі.
Невропатологтың айтуынша, таза ауада серуендеу адамның көңіл-күйіне жақсы әсер етеді. Әріптестерімен жүргізген зерттеуіне сілтеме жасай отырып, невропатолог табиғатта бар болғаны 15 минут серуендеу көңіл-күй мен оқу қабілетіне жақсы әсер еткенін айтты.
Бұған қоса, Буре мазасыздық сезімімен күресудің жолын ұсынды. Мазасыздық кезінде ол тыныс алуыңызға назар аударуға кеңес берді.
“Оны басқаруға немесе өзгертуге тырысудың қажеті жоқ. Көрінген нәрсе туралы ойланбай, қалай дем алатыныңызды және сол сәтте денеңіздің не сезінетінін бақылаңыз”, – деді невропатолог.