Ойын-сауық орталығында төрт жасар қызды тепкен түрік азаматы ұсталды (видео)
Желіде Алматы облысында шетел азаматының ойын-сауық орталығында өтіп бара жатқан төрт жасар қызды теуіп жіберген видеосы тарады. Себепсіз бүлдіршінді тепкен Түркия азаматы анықталып, ұсталды. Бұл туралы Infonews.kz сайты хабарлайды.
Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов қызды тепкен ер адамның ұсталғаны туралы видеоны жариялады.
23 шілдеде Қарасай аудандық ішкі істер бөліміне 27 жастағы әйел белгісіз біреу сауда-ойын-сауық орталығында төрт жасар қызына дене жарақатын салғанын айтып арызданған.
Аталған факті ҚР ҚК-нің 293-бабы “Бұзақылық” бойынша аудандық ІІБ ТЖД-да тіркелді.
“Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары 25 жастағы Түркия елінің азаматы анықталып, полицияға жеткізілді. Жауап алу кезінде күдікті болған жайт туралы айтып, өз кінәсін толық мойындады”, – деді Әленов.
Ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция сараптама тағайындай отырып, барлық қажетті тергеу әрекеттерін жүргізуде.