ОРДАБАСЫДАҒЫ ЕЛДІ МЕКЕНДЕР ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛЫП ЖАТЫР

0
143

Қараспан елді мекенінің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізді. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, біздің стратегиялық мақсатымыз белгілі, міндеттеріміз айқын. Басты міндетіміз – халықтың жағдайын көтеріп, олардың келешекке деген сенімін арттыру. Осынау қуанышты сәтте өздеріңізбен қауышып, қараспандықтардың көгілдір отынмен қамтылғанына куә болудамыз. Көгілдір отын халықтың тұрмыс-тіршілігіне, шағын және орта бизнестің дамуына мол септігін тигізеді. Осы орайда сіздерге барлық жақсылықты тілеймін – деді аудан басшысы.

Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда облыстағы 831 елдімекеннің 465-і, яғни 56 пайызы табиғи газбен қамтылған.
Өз кезегінде қараспандықтар аудан әкіміне алғыстарын айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Қараспан ауылындағы табиғи газ құрылысы 2021 жылдың 25 мамырында басталып, 2023 жылдың 28 желтоқсан айында аяқталған. Ағымдағы жылдың басында қысымдау-сығымдау жұмыстары жүргізіліп, тиісті құжаттарын рәсімдеу жұмыстары аяқталған. Абонент саны 685, қамтылған халық саны – 3678 құрайды.

Түркістан облысы – электр қуатына тапшы өңірдің бірі. Аймақтың орташа қажеттілігі 320 МВт/сағ құрайды. Оның 20%-н ішкі энергетикалық көздер өндірсе, 80%-ы еліміздің Солтүстік өңірінен және Шымкент, Тараз қалаларындағы станциялардан тасымалданады. Облыс аумағындағы 831 елдімекеннің 815-і орталықтандырылған электр желісімен қамтылған. Қалған шалғайдағы 16 елдімекен дербес электр қондырғыларын пайдалануда. 2023 жылдың қорытындысымен 40 нысанның құрылысын аяқтап, 47 елдімекендегі 122,3 мың тұрғынды сапалы электр қуатымен қамту көзделіп отыр.

Leave a reply