ОРДАБАСЫДА ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Бүгін аудан әкімі Нұрбек Бадырақов жұмыс сапарымен Қараспан ауылдық округіне барды.
Алдымен Батыр ата ауылындағы табиғи газ құбырын тарту жұмыстарымен танысты. Қазір мұнда 244 үй бар. Мердігер мекеме тарапынан жер астынан 19 шақырым болатын газ құбыры тартылған. Биыл Қараспан ауылдық округі бойынша 8 елдімекен табиғи газбен қамтылады деп жоспарланған.
Кездесуде аудан әкімі елді мекендерге газ тарту жұмыстары кезінде кемшіліктердің бар екенін де айтып өтті, оны ретке келтіру үшін сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, Қараспан ауылын табиғи газбен және таза ауыз сумен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды көрген аудан әкімі мердігерлерге, ауыл әкімі мен сала мамандарына бірқатар ескертулер жасап, жұмыстың сапасына және уақтылы жүргізілуіне қатаң бақылау жасау керектігін айтты. Қазіргі таңда Қараспандағы төрт елді мекенде ауыз су тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар биыл аяқталып, тапсырылуы тиіс. Келесі жылы үш нысанға жүргізілсе, нәтижесінде барлық елді мекен таза ауыз сумен қамтылмақ.
Бұдан бөлек, аудан басшысы Қараспандағы мәдениет үйінің жай-күйімен танысты. Сондай-ақ, Төреарық елдімекенінде болған аудан әкімі фельдшерлік-акушерлік пунктің құрылысымен танысып, медициналық нысанның мерзімінде пайдалануға берілуін бақылауға алуды тапсырды.
Сапар соңында көшпелі мәжіліс өтіп, ауыл әкімі мен тиісті сала басшыларына Қараспан ауылдық округінде өзекті болып отырған мәселелер бойынша тапсырмалар берілді.