ОРДАБАСЫДА ҮШ АУЫЛҒА КӨГІЛДІР ОТЫН БЕРІЛДІ
Бүгін Ордабасы ауданы, Қараспан ауылдық округіне қарасты Бейсен, Мақташы және Ақжол ауылдарына табиғи газ берілді. Бейсен ауылына газ тарту жұмыстары 2020 жылы басталып, жалпы ұзындығы 7 шақырымнан асатын құбыр тартылған. Қазіргі таңда ауылда 363 адам тұрып жатыр. Ал 1 мыңға жуық тұрғыны бар Мақташы ауылындағы газ тарту жұмыстары 2021 жылы басталған. Он шақырымнан астам құбыр жүргізіліп, бүгінде 174 абонент үйлеріне газ тарту шаруасына кіріскен. Ал Ақжол ауылында 748 адам тұрып жатыр. 124 абонент бар. Ауылға тартылған газ құбырының ұзындығы 9 шақырымға жуықтайды.
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын ұсынып, аудан ауылдарды дамытуға тапсырма берген болаиын. Осы бағытта бүгін аудан әкімі Нұрбек Бадырақов жұмыс сапарымен Қараспан ауылдық округіне барды. Ең алдымен Батыр ата ауылына табан тіреп, ауылдағы табиғи газ құбырын тарту жұмыстарымен танысты. Қазір мұнда 244 үй бар. Мердігер мекеме тарапынан жер астынан 19 шақырым болатын газ құбыры тартылған. Биыл Қараспан ауылдық округі бойынша 8 елді мекен табиғи газбен қамтылады деп жоспарланған. Кездесуде аудан әкімі елді мекендерге газ тарту жұмыстары кезінде кемшіліктердің орын алып жатқандығын алға тартып, ретке келтіру үшін сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, Қараспан ауылын табиғи газбен және таза ауыз сумен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды көрген аудан әкімі мердігерлерге, ауыл әкімі мен сала мамандарына бірқатар ескертулер жасап, жұмыстың сапасына және уақтылы жүргізілуіне қатаң бақылау жасау керектігін айтты. Қазіргі таңда Қараспандағы төрт елді мекенде ауыз су тарту жұмыстары жүргізілуде. Олар биыл бітіп, тапсырылуы тиіс.
Жалпы, аудандағы 57 елді мекеннің 22-сі табиғи газбен қамтылып отыр. Қараспан ауылын маусым айының ішінде қосу жоспарлануда. Қыркүйек-қазан айларында тағы 10 елді мекенге газ тарту жұмыстарын аяқтау көзделуде.